Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «мемлекеттің ерекше қажеттілігі бар адамдарға көпшілікпен бірдей жағдай жасауға міндетті» екенін бөле-жара атап көрсетті. Яғни қоғамдық өмірде де, кәсіби қызметте де, мемлекеттік қызметтер алуда да мүгедек жандар мен қамкөңіл қариялар жайсыздық сезінбеуі, кедергілерге тап болмауға тиіс. Бұл тұрғыда олармен тікелей жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің орны ерек.
Ерекше қажеттілігі бар адамдарға мемлекет қамқорлығы қай кезде де ауадай қажет. Оларды өмірге бейімдеу, еңбекке ынталандыру, кешенді көмек көрсетудің маңызы зор. Осы мақсатта іске асқан айшықты жобаның бірі – Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары. Бүгінгі таңда Алматыда мұндай бірнеше ұжым қарияларға үздіксіз қолдау көрсетумен айналысып отыр. Медеу ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жас маманы Әйгерім Шыңғысқызы өз қызметіне қатысты ойымен бөлісті.
– Бірер жылдан бері осы орталықта жұмыс істеймін. Қарттар да бала сияқты. Оларға ерекше көңіл бөлу керек. Орталығымызға келушілер ән айтып, шахмат ойнайды, сауықтыру жаттығуларын жасайды, өзара сыр-сұхбат құрып түрлі тақырыпта әңгіме өрбітеді. Көпшілік адамдар зейнетке шыққанда өзін қоғамнан алшақтап қалғандай сезінеді. Бұл бір жағынан психологиялық соққы, сол себептен де олар өзін құрдымға тастап жіберуі мүмкін. Өйткені бәрі бірдей үйінде немересін бағып, түрлі демалыс орындарына барып өмірін өзі қалағандай өткізіп жатқан жоқ. Әсіресе қалалық жердегі пәтерлерде тұратын қарттар таңнан кешке дейін төрт қабырғаға телміріп отырғысы келмейді. Өзіне қолайлы орта іздейді, тең құрбысымен сырласқысы келеді. Олардың әрбірінің пікірін тыңдап, барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Біздің ұжымдағы барлық әлеуметтік қызметкер жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Өз кәсібімді жақсы көремін, бұл бір жағынан адал табыс болса, екінші жағынан сауапты іс деп ойлаймын. Өйткені үлкен кісілерден күнде алғыс пен бата аламыз, – дейді Әйгерім Шыңғысқызы.
Алматы – еліміздің мәдени орталығы. Сол себепті де мегаполисте мүмкіндігі шектеулі шығармашылық адамдарын қолдауға бағытталған шаралар жиі өтеді. Әсіресе қалада сурет өнеріне әуестенетін жандардың көп екенін ескерсек, оларға рухани медет беру маңызды іс. Жуырда осындай игі бастама Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде қанат қақты. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде есту мен көру қабілетінен айырылған 18 мың адам өмір сүріп жатыр. Іргелі өнер ошағында көру мен есту қабілеті нашар азаматтар үшін субтитрі бар ым-ишара тіліндегі бейне-экскурсиялар жобасы іске қосылды. Жанары жарқырап тұрмағанымен, есту мен көру қабілеті нашар тұлғаларға ерекше сезгірлік қабілет беріледі дегенді талай мәрте естігенбіз. Бұл да жаратылыстың шексіз әділдігін әйгілеп тұрғандай. Мұндай тұлғаларға білім беру, рухани дамыту тақырыбының көкжиегі кеңейе берсе дейсің.
– Кезекті жобамыз музей базасында қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Мақсатымыз – айрықша назар аударуды қажет ететін келушілерімізге қолжетімді бейнеэкскурсиялар ұйымдастыру. Оларға да өнер қолжетімді болуы керек. Аталған санаттағы балалар мен жасөспірімдерге музей коллекциясын таныстыру арқылы әлеуметтендіру, сол арқылы отандастарымызды әлеуметтік-мәдени өмірге тартуды көздейміз. Осы жобаны іске асыру арқылы біз шығармашылық және көркемдік ұйымдардың назарын есту қабілеті бұзылған адамдардың, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің проблемаларына аударуға ниеттіміз, – дейді музей қызметкері Ақбота Әлімғожина.
Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызмет көрсету мен оларды жұмыспен қамту маңызды мәселе. Айталық, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалында жетпіске тарта мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейді.
«Мүгедектер үшін көптеген қызметті онлайн режімде алу қарастырылған. Мәселен, азамат мүгедектік тобын анықтау үшін комиссиядан өткенде, басқа еш жерге жүгінудің қажеті жоқ. Оның құжаттары онлайн режімде мемлекеттік корпорацияға беріліп, осында барлық жәрдемақы мен төлем түрі белгіленіп, оның төленуі ұйымдастырылады. Мамандарымыз жарты жылда 1 737 үйге барып 2 мыңға жуық қызмет көрсетті», дейді мекеменің баспасөз қызметі.
Айрықша қамқорлықты қажет ететін азаматтарға қызмет көрсету сапасы талапқа сай болғаны абзал. Бұл тақырып кәмелетке толмағандармен жұмыс мәселелері жөніндегі жедел әрекет ету штабының күні кеше өткен отырысында да кеңінен талқыланды. Алматының білім басқармасы орта білім беру ұйымдарының базасында жұмыс істейтін психологиялық қызметтер жұмысының тиімділігін арттыру бойынша шолу жүргізді. Мегаполистің 207 мектебінде 365 психолог, 207 әлеуметтік педагог жұмыс істейді. 286 психолог кәмелетке толмағандармен қарым-қатынастың жаңа форматтарына сай оқытылып, оларға жан-жақты қолдау көрсетілмек.