Қарияларға қолұшын созып, ерекше күтімді қажет ететін ересектер мен балалардың, табысы төмен тұрғындардың қамқоршысына айналған жанашыр жандар бар арамызда. Отандастарымыз осындай мейірім мен жан жылуын әуелі әлеуметтік қызметкерлердің бойынан көріп келеді. Мұқтаждың мұңын бөліскен мұндай мамандық иелерінің саны Қазақстанда қазір 12 мыңнан асады. Оның 10 мыңы медициналық-әлеуметтік мекемелерде еңбек етеді.
Еліміз егемендік алған жылдардан бері әлеуметтің әлеуеті назардан тыс қалған жоқ. Өмірдің қиын жағдайына тап болған жандарға мемлекет қашанда қолұшын созуға даяр.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі», деп ашық айтқан болатын. Алайда Президент қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып бара жатқанын да алға тартады. Әсіресе, әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтардың қатары көбейді. «Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Соған қарамастан «қанатымен су сепкен қарлығаштай» әлеуметтік қызметкерлердің еселі еңбегі де ескерусіз қалмайтыны анық. Соның жарқын дәлелі ретінде елімізде қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Әйтсе де еліміздегі әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі әлі де айқындалған жоқ. Бұл ретте, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру аясында 2025 жылға дейін әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі мен әлеуетін арттыру белгіленетін болады. Ал биыл әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 50%-ға артып, осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен алдағы үш жылға 95 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылды.
Жалақы стационарлық (қарттар мен мүгедектерге арналған үйлер) және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (күндіз болу бөлімшелері, оңалту орталықтары), уақытша болу мекемелерінде (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған оңалту орталықтары) қызмет ететін негізгі персонал (әлеуметтік қызметкерлер) мен басшы құрамға, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге қатысты болды. Соның нәтижесінде әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі.
Әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі әуелі заң аясында айқындалатыны анық. Бұл ретте, елімізде «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын айта кеткен жөн. Аталған заң жобасына сәйкес біліктілік санаттарын беруге қойылатын талаптардың артуын ескере отырып, еңбекақы мөлшерін арттыру, аттестаттау және тіркеу арқылы әлеуметтік қызметкерлердің есебін құру және кадрларды даярлау, олардың үздіксіз кәсіби даму жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар жасалып жатыр.
Бұл ретте, ең алдымен, сертификаттау және үздіксіз білім беру жүйесі арқылы әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби дағдыларын арттыру қажет. Бүгінде еліміздегі әлеуметтік қызметкерлердің 27%-ында арнаулы орта, 22%-ында арнаулы білімі жоқ. Соған байланысты әлеуметтік қызметкерлердің қызмет аясын кеңейтіп, кәсіби стандарттарды арттыру керек болып отыр. Сонымен қатар осы заң жобасына сәйкес еңбекақы психоэмоционалдық жүктеме үшін төленетін төлемдерді қоса алғанда, біліктілік деңгейіне және нормативтік жүктемеге сәйкес төлеу жоспарланған. Сондай-ақ бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік жұмыс саласында халықаралық ынтымақтастық жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ кеңсесінің өкілі Артур ван Дизеннің айтуынша, 2020 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен ЮНИСЕФ арасындағы ынтымақтастық шеңберінде медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жұмыспен қамту орталықтарының 11 мың маманы кәсіби және жеке құзыреттерінің деңгейін және оқуға деген қажеттіліктерін анықтау үшін тест тапсырды. Тестілеу нәтижелері әлеуметтік қызметкерлердің 91%-ы өту балын, ал 50%-ы орташа және ортадан жоғары балл алғанын көрсетті. Қазақстандағы ЮНИСЕФ кеңсесінің өкілі сонымен қатар, кейінгі екі жыл ішінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, әлеуметтік қорғау секторының 2 мыңға жуық қызметкері біліктілікті арттыру курстарынан өткенін жеткізді. Біліктілікті арттыру курстары биыл да жалғасып жатыр. «Нақты деректер ведомствоаралық ынтымақтастыққа, жеке жоспарларды әзірлеуге және қауіп-қатер деңгейіне сәйкес және баланың мүдделерін ескере отырып, қолдауды ұйымдастыруға ерекше назар аудара отырып, әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби және тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын нығайтуды жалғастыру қажеттілігін көрсетеді», дейді Артур ван Дизен.
Әрине, әлеуметтік қызметкердің әлеуетін арттыру мәселесі «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы» заң жобасымен шектелмейтіні анық. Сонымен қатар, алдағы уақытта елімізде Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік қызмет жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі жол картасы, әлеуметтік қызметкерлерге үздіксіз білім берудің тұжырымдамалық тәсілдері, отбасы жағдайын анықтау әдістемесі сынды бірқатар маңызды құжаттар қабылданбақ.
Бүгінде ел аумағында республикалық деңгейде 33, ал жергілікті деңгейде 10-нан астам әлеуметтік көмек түрі көрсетіледі. Табысы аз азаматтарды әлеуметтік қолдау төлемдері, жәрдемақылар, азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар, жұмыспен қамту сынды көмек жасалады. 2020 жылғы мәлімет бойынша, кейінгі 3 жылда осы мақсаттарға арналған бюджет шамамен 1,8 есеге, 551-ден 964 млрд теңгеге дейін өсіп отыр. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмекті қаржыландыру 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда 3,5 есеге – 33,2-ден 118 млрд теңгеге дейін, он жылда – 42 еседен астам өсті (2010 жылы – 2,8 млрд теңге).