Кеше Атырауда Қазақстан, Түркия, АҚШ, Жапония, Ресей және Украина ғалымдарының қатысуымен «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауқымды басқосу алдымен тақырыптық мазмұнына орай бес панельге бөлінді. Ал пленарлық отырысты Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.
– Алтын Орданың тарихы қазіргі Қазақ мемлекеттілігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректің табылуы – осының айқын дәлелі. Шын мәнінде, Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды. Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды бағдарламалар жұртымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Сан мыңжылдық шежіреміздегі сабақтастық жалғасын тауып, ұлттық рухымыз биіктей түсті. Біз Алтын Орда дәуірінен келген құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек, делінген Президенттің құттықтауында.
Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың баяндауынша, Алтын Орданы тамыры терең тарихымыздың бір парағы деп қана емес, қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі ретінде қарастыру қажет.
– Бұған тарихпен әсіремақтану деп емес, генетиктер дәлелдеген дерек деп қараған жөн. Оған қоса Жошы ұлысы – дала мемлекеттілігінің архетипі, бастау бұлағы. 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығының құрылу себебін Әбілқайырға көңілі толмаған 200 мың халықтың үдере көшкені деп қана қарастыруға болмайды. Қандай күшті болса да, өкпе мен реніш мемлекет құраушы идея бола алмайды. Сол үшін алғашқы хандарымыздың түпкі ойы – Алтын Орда жобасын қайта жаңғыртып, Жошы ұлысының аумағын, онда тұратын халықты біріктіру еді. Жылдар өте бұл жобаны ұлы хандарымыздың бірі – Қасым хан жүзеге асырды. Ол Орынбордан Мауреннахрға дейінгі алып аймақты бағындырып, билік жүргізді, – деді Дәурен Абаев.
Ол биылғы мамырда елордада өткен конференцияда ХХІ ғасырдағы алтынордалық жеті қағиданы баяндағанын тілге тиек етті. Бірінші қағида – мықты «билік вертикалі» арқылы орталықтан басқарылатын мемлекет. Бұл өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа лауазымды тұлғаның дербес жауап беруін білдіреді. Екінші қағида – меритократия немесе басшылыққа лайықты адамдардың келуі. Үшінші қағида – әкімшілік басқарудың тиімділігі. Төртінші қағида – ғылым-білім ғұрпы. Бесінші қағида – диалог мәдениеті. Алтыншы – дипломатия мәдениеті. Жетінші – адами құндылықтар.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Алтын Орда» тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы мақұлдағанына тоқталды. Бастамаларды келесі жылдан бастап жүзеге асыру көзделіп отыр. Біріншіден, шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу жұмыстары күшейтіледі. Екіншіден, республика аумағындағы Алтын Орда қалаларын қайта қалпына келтіру, соның негізінде тарихи-материалдық кешен құру бойынша жоспар дайындалады. Үшіншіден, ғылыми монографиялар, мәселен, Жошы, Берке, Өзбек хандар туралы шығару пысықталады.
Төртіншіден, «Ұлық ұлыс» энциклопедиясын шығару, Википедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі контентті жаңалау көзделіп отыр. Бесіншіден, Ұлық Ұлыстың Жошыдан Кенесарыға дейінгі хандары туралы, Алтын Орданың рухани және материалдық мәдениеті, қалалары мен сауда саясаты жайлы деректі фильмдер сериясын шығару жоспары бар. Алтыншыдан, алтынордалық эпостар желісімен балаларға арналған ертегілердің шығарылуы қамтамасыз етіледі. Жетіншіден, Алтын Орда тақырыбы бойынша ашылған тың деректер ескеріліп, мектеп және жоғары оқу орнындағы Қазақстан тарихы пәні бағдарламасының мазмұны өзектендіріледі.
Осы орайда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуына қарағанда, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының негізінде беделді тарихшы ғалымдардан құралған топ «Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы» көптомдық академиялық басылым әзірлеуге кіріскен. Бұл басылымның 3-томы «Жошы ұлысына» арналады. Ал Алтын Орда тарихын зерттеу бойынша гранттық және нысаналы-бағдарламалық қаржыландыру шеңберінде 15-ке жуық ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр.
– Ғалымдар қолға алған «Жаңа дереккөздерді аудару және Алтын Орданың этносаяси тарихын зерттеу» ғылыми бағдарламасының мақсаты – Жошы ұлысының этносаяси тарихын Қазақ хандығының тарихи бастамасы ретінде зерттеу. Халық арасында Алтын Орда тарихы туралы кәсіби ғылыми білімді насихаттау. Атырау жерінде Ұлық ұлыстың астаналарының бірі – Сарайшық бар. Бұл қалада Алтын Орда хандарының біразы таққа отырды. Сарайшықта Жошы ұлысының бірқатар хандары, Ноғай ордасының бектері, сондай-ақ Қазақ хандығының жекелеген хандары жерленген. Сарайшық – тарихымыздың символдық астанасының өте маңызды құрамдас бөлігі. Сарайшықтың мәдени мұрасын, тарихын жан-жақты сақтап, зерделеуіміз қажет. Бұл бағытта кешенді археологиялық ізденістер жүргізіледі. Ескерткіштің материалдық және рухани мәдениетінің негізгі элементтерін қайта қалпына келтіру арқылы қуатты мемлекетіміздің тірегі ретінде ежелгі қала тарихын дәріптейтін боламыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Алтын Орда тарихында әлі де толық зерттелмеген тұстары бар. Соның бірі – Алтын Орданың соңғы кезеңі. Оның тарихын құрылу мен қалыптасу, күшею мен нығаю және ыдыраушылық пен күйреу кезеңдеріне бөлуге болады. Жошы ұлысының құрылуы мен қалыптасуы – 1225-1312 жылдар, күшею кезеңі – 1312-1359 жылдар аралығында болса, ал ондағы ыдыраушылық үдерістер мен күйреуі 1360-1502 жылдары өткен.
– 1395-1396 жылдардағы Әмір Темірдің Алтын Ордаға жасаған екінші жорығы мен тонаушылығы ауыр болғаны белгілі. Тарихшылар мұны «Алтын Орданың омыртқасы үзілді» деп бағалайды. Осы жорықтан кейін Алтын Орда тарихында ұзаққа созылған ыдыраушылық дәуірі басталды. Бұл дәуірдің алғашқы кезеңі 24-25 жылға созылып, Алтын Орданың саяси сахнасына жаңа тұлғаларды – Едіге биді, тұқайтемірлік Құтлық Темір ханды, Тас Темір ханды, Шәдібек ханды, Орыс ханның ұлы Қойыршақ ханды, Тоқтамыс ханның ұлдары – Жалаладдинді, Жапарбердіні, Кебекті, Кәрімбердіні, Қадырбердіні және тағы басқа тұлғаларды шығарды. Бұл тұлғалар ыдырау үдерісінің алғашқы кезеңінде жекелеген ұлыстарда хан болып, ширек ғасыр бойы орталық билікті иелену үшін аяусыз күрестер жүргізді, – дейді Берекет Кәрібаев.
Тарих ғылымдарының докторы Александр Қадырбаевтың баяндауына қарағанда, Алтын Ордаға батыс еуропалықтар көп келген. Соның бірі – Иоганн Шильтбергер. Бавариялық неміс солдаты 1396-1427 жылдар аралығында мұсылмандардың тұтқынында болған.
– Иоганн Шильтбергер қожайындарымен бірге Шығыстың көптеген елінде болған. Оның ішінде сол кездегі аласапыран кезеңді бастан өткерген Алтын Орда да бар. Неміс саяхатшысының жазбалары Шығыс пен Батыс өркениетінің тоғысуы нәтижесінде қалыптасқан мәдениеттер симбиозының өзіндік бір түрі, полиэтностық және поликонфессиялық Алтын Орда қоғамын бейнелейді, – деп пікір білдірді ғалым.
Анкара университетінің аспиранты, тарих ғылымдарының PhD докторанты Серхан Чынардың зерттеуіне қарағанда, Алтын Орда мен Осман империясының арасындағы байланыс Түркияның тарихында өте аз зерттелген. Алтын Орда мен Осман империясының арасында тарихи сабақтастық болды ма?
– Мұны әзірге дәлелдей алмай отырмыз. Бірақ кең көлемде қарасақ, бұлардың бәрі – түркі тайпалары. Осман империясының құрылғанынан бастап біздің Ноғай ордасынан Балқан түбегіне келіп, Осман Ғазының Ер Тұғырылдың қасында болып, ынтымақтасуын Алтын Орданың Османлы империясы мемлекетілігінің құрылуына үлкен үлес қосқан тарихи одақтас мемлекет ретінде тануға болады, – дейді Серхан Чынар.
Тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев Жошы ұлысының тарихын зерттеуде нумизматиканы қосалқы пән ретінде пайдалану қажет деп есептейді. КСРО ыдырағаннан кейін Алтын Орда тарихына деген қызығушылық тереңдей түсті. Мәселен, Татарстан Республикасында 2000 жылдары «Ежелгі татарлардың тарихы» атты үлкен мегажоба аясында Алтын Орданың тарихына арналған жеке том жазу туралы шешім қабылданған. Жошы әулеті империясының тарихы туралы бұл зерттеу қайтадан тарих институтында жазылды.
– «Әлем тарихындағы Алтын Орда» деп аталалатын бұл еңбек ағылшын тілінде қайта басылды. «Татарлар тарихынан» айырмашылығы, оған Польша, Украина, АҚШ, Франция, Мажарстан, Молдова, Финляндия, Сербия, Израиль, Қытай сияқты елдердің ғалымдары қатысты. Батыс тарихнамасында Шыңғыс ұрпақтары мен Моңғол империясының үстемдік ету дәуіріне де көп көңіл бөліне бастады. 2009 жылы Кембридж университетінің баспасы The Cambridge History of Inner Asia: the Chinggisid Age тақырыбымен үлкен ұжымдық монография шығарды. Демек, Жошы ұлысын зерттеуде Алтын Орда тарихы туралы жалпылама академиялық басылымды дайындау тәжірибесі бар деп айту керек. Сондай-ақ нумизматиканың қосалқы тарихи пән ретіндегі соңғы жетістіктеріне, Жошы ұлысы империясындағы ақша материалдары мен ақша айналымының тарихын талдау мен жаңаша түсіндіруге көп көңіл бөлу керек. Алтын Орда дәуіріндегі түркі тілдес халықтардың бай тарихи-эпикалық циклын зерттеуге де назар аудару қажет, – дейді тарих ғылымдарының докторы.
«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтардың топшылауынша, бүгінгі тарих ғылымында шешімін таппай келе жатқан келелі мәселенің бірі – Ұлық ұлыс – Алтын Орда қалаларының бірегейі Сарайшық қаласының тарихы. Өйткені ортағасырлық зерттеулер, оның ішінде 1320-1338 жылдар аралығындағы Ибн Баттута, испандық Пасхалия еңбектері, анонимдік автор мен Ф.Б.Пеголоттидің сауда-саттық жазбасы, одан кейінгі ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы Өтеміс Қажының, Мұхаммед Хайдар Дулатидың, Қадырғали Жалайридың, Әбілғазының және өзге де еңбектер Сарайшық жөнінде толыққанды мәлімет бермейді. Сол себепті, тарихшылар деректік зерттеулерді қорытып, археологиялық зерттеу материалдарын, картографиялық зерттеулер мен ел ішіндегі аңыз әңгімелерді пайдаланады.
– Сарайшық қаласында лайықты хан сарайы болған. Осы хан сарайында Жәнібек хан да, оның ұлы Бердібек те таққа отырса, белгілі ноғайтанушы В.Трепавлов осы тізімге Өзбек ханды да қосады. Өкінішке қарай, бүгінге дейін Хан сарайы орнын таба алмай келеміз. Мұның өзі Сарайшықта қазба жұмыстарын кешенді түрде жүргізілуін қажет етеді. Сарайшық қаласының айрықша маңызын ел билеушілерінің пантеоны да айғақтай түседі. Сарайшықтың Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы билеушілері мен даңқты тұлғаларының пантеоны болғаны мойындалғанымен, онда жерленгендер туралы ортақ пікір жоқ. Өйткені ортағасырлық зерттеушілердің өздері әртүрлі пікір қалдырған. 1602 жылғы Қадырғали Жалайридың «Шежірелер жинағында» Қасым хан «ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр», 1665 жылғы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» Тоқтағу хан «патшалық өмірі алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерленді», Жәнібек хан туралы «ол он жеті жыл патшалық құрды. Сарайшықта жерленді» деп жазылған. Оларға қосымша Өтеміс қажының, Әбілғазының, Абдулғаффар Қырымидің және ноғай жырларындағы жанама деректерге сүйеніп, «Сарайшықта Алтын Орда хандары Мөңке Темір хан, Бердібек хан, Тоқтамыс ханның басы, қазақ хандарының атасы Барақ хан жерленген» деген болжам жасаймыз. Бұл мәселелер де зерттелуі керек, – дейді Әбілсейіт Мұқтар.
Сарайшықтың орта ғасырларда салтанаты келіскен сауда-экономикалық және мәдени-рухани орталық болғаны бүгінде нақты деректермен айғақталып отыр. Зерттеушілер XVIII ғасырдың басында Ресейде сызылған картаны тапты. Тарихи картада Сарайшықтан Хаж-Тарханға көш тартатын керуен жолдары мен керуен сарайлар анық көрсетілген. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәлім етуінше, қазір Сарайшық музей-қорығының қорында 4 600 жәдігер сақтаулы тұр. Оның 400-ге жуығы ғана көрініске шығарылған. Бұл – «Алтын Орда» мұражайын салуға негіз болатын жайттың бірі.
– Сарайшықта заманында қолөнершілер ошағы болған. Ал қазіргі таңда өңірде 200-ге жуық қолөнерші бар. Бұл дәстүрді қайта жаңғыртуымыз керек. Сарайшық мәуелі бағымен де әлемге әйгіленіпті. Кешенді ұзына бойы алып жататын гүлстан променады сол күндерге сапар шегу мүмкіндігін сыйлайтын саябақ болмақ. Кешен ішінде жылқымен, түйемен сейіл құру және Жайық өзенінде алтын қайықпен серуендеу көпшіліктің қызығушылығын оятатын жобаға айналады. Қазір Сарайшық музей-қорығына 20 мыңға жуық турист келеді. Жаңа жоба іске қосылғанда туристер саны 700 мыңға дейін артады деген болжам бар. Жүздеген жұмыс орны ашылады, – деді облыс әкімі.