• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Қазан, 2021

Жетпісбаевтың жүлдесі сарапқа салынды

587 рет
көрсетілді

Алматы облысының аумағында орналасқан Қапшағай қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде атақты балуан, дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жетпісбаевтың жүлдесі үшін республикалық турнир ұйымдастырылды. Бұл жарысқа еліміздің әр өңірінен жиналған 500-ден аса балғын балуан қатысты.

Өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдары Берік Жетпісбаев еліміздің белді балуандарының санатында болды. Бақыт Қоқысбековтей майталман маманнан тәлім алған Жетісу өңірінің тумасы самбо күресін серік етіп, толағай табыстарға қол жеткізді. Әуелде Югославияның Нови-Сад қала­сында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында бас жүлдені олжалады. Көп ұзамай ересектер дуына еркін қосылып, биік белестерді бірінен соң бірін бағындырды. Атап айтсақ, 1996 жылы Токиода шымылдығы түрілген әлем чемпионатында 20 жастағы балуа­н қола жүлдені қанжығасына байлады. Екі дүркін Азия чемпионы атанып, бір­неше мәрте Әлем кубогында күміс медальды иеленді. Басқа да байрақты бә­се­келерде жеңіс тұғырына көтерілген Жет­пісбаев еліміздің спорттық даңқының асқақтауына сүбелі үлес қосты.

Беріктің бір қасиеті, ол өзге балуандар секілді бозкілемде ырғалып-жырғалып жүріп алмайтын. Белдесуге шыққан бетте бірден қарсыласының жағасына жарамасатын немесе белден қапсыра құшақтап алатын. Сөйтіп қос жауырынымен жерге қадайтын. Өзінің осы оңтайлы әдісін жүзеге асырып, таза жеңіске жеткенде ғана жаны жай табатын. Жетпісбаев қорқуды, қаймығуды білмейтін. Алдында атақ-даңқы жер жарған дүлей тұрса да «өліспей беріспеуге» бекінетін. Осы қасиеттері үшін оны әріптестері мен бапкерлері ғана емес, кәнігі қарсыластары да сыйлайтын. Өзгелерді айтпағанда, қазақ самбосының академигі Керей Қойшыбектің өзі: «Берік – тума талант. Егер әр жаттығу барысында жанын салып даярланып, әр жекпе-жекте дәп осылай жанкештілік танытса, оның шоқтығы биік болатынына еш күмәнім жоқ. Өйткені нар тәуекелге барып, мынадай кесек әдістер жасауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді», деп жас жігіттің өнеріне тамсанғаны да есімізде.

Самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері деңгейіне жеткеннен кейін Берік Жетпісбаев дзюдоға ауысты. Жа­пондар ойлап тапқан күрес түрінде де қандасымыз тасада қалған жоқ. Талай чемпиондардың томағасын сыпырған білікті бапкер Манарбек Таутановтың қол астында жаттыққан ол бірден дара талантымен оқшауланды. Қалың топтың арасынан суырылып шығып, талай дүбірлі дүрмекте өзінің мықтылығын мойындатты. Кіл мықтылар жиналған еліміздің ең үздік дзюдошыларының қатарына еркін қосылды.

– Табыс адамға өздігінен келмейді. Тіпті жанкешті жаттығу мен жан алысып, жан беріскен айқастың өзі биік тұғырға көтерілу үшін жеткіліксіз. Ең бірінші ке­зекте, өзіңе деген сенімің мығым және алға қойған мақсатың айқын болуы керек. Және де елішілік жарыстарда бә­секелестік күшті болса, шетелде күресу әлдеқайда жеңіл. Ал менің алға қойған мақсатым халықаралық додаларда қазақтың абыройын асқақтату еді. Сол жос­парды жүзеге асыра алатыныма сенімді болдым. Өйткені елішілік жарыстардың өзінде кілең ығай мен сығайларға қарсы тұр­дым. Айдын Сма­ғұлов, Мұратбек Қып­шақбаев, Қайрат Күнсафин, Айдар Қайырбаев, Ерлан Сіләм­бай... Алғашқысы Олимпиада жүлдегері атанды, қалғандары құр­лық­­тық деңгейдегі додаларда оза шапты. Бұл жігіттерді бірде ұтсам, бірде ұтыл­дым. Осындай сүзгіден өткен соң ше­­берлігім шыңдалды, деңгейім өсті. Міне, енді дәл осы қасиеттерді мен тек өз шә­­кірттерімнің ғана емес, бүгінгі барша жастардың бойынан көргім келеді, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жет­пісбаев.

Негізінде кейіпкеріміздің Атланта және Сидней Олимпиадаларына да қатысуына мүмкіндігі болды. Бірақ ға­ламдық доданың екеуіне де жолы түс­педі. Оның өзіндік себебі де бар. Бірін­шіден, қазақта «Жоқшылық жо­март­тың қолын байлайды» деген сөз бар. Нағыз кемеліне келген шағында Берікке қамқорлық көрсетіп, бағыт сілтейтін ешкім болмады. Иә, тоқсаныншы жыл­­дары ондай қиындықты басынан өт­­кер­меген спортшылар кемде-кем шы­ғар. Екіншіден, соңғы кездері ол көп жарақаттанды. Жаттығу кезінде Бе­рік­тің өзінен салмағы әлдеқайда ауыр ба­луандармен арпалысып жатқанын көріп жүрдік. Ол «диірмен» әдісін орындауға аса құштар еді. Бапкерлері мен әріптестері «Алыптармен айқасып нең бар, беліңе зақым келеді» деп талай мәрте ескертті. Жастықтың буы ғой, бұла күш иесі ақылшы ағаларының сөзіне құлақ аспады. Кейіннен соның зар­­дабын тартты. Жауапты бір жарыс қарсаңында белінен шойырылып, тұра алмай қалғанына да куәміз. Міне, осы жайттың барлығы 2001 жылы Жет­піс­баевтың үлкен спорттан қолүзуіне әкеліп соқтырды. Сөйтіп ол боз кілеммен небәрі 25 жасында қош айтысты.

Десек те Жетісу өңірінің атқамінер азаматтары атақты балуанның ел спортына сіңірген ерен еңбегін ұмытқан жоқ. Жуырда олар Қапшағайда Берік Жет­пісбаевтың құрметіне дүркіретіп жақсы бір жарыс өткізді. Қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығы және дзюдо бөлімінің аға жаттықтырушысы Асқар Көшербаевтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған турнирдің деңгейі де жоғары болды. Ең бастысы, осы жарысты басынан аяғына дейін тамашалаған майталман мамандардан бастап, қарапайым көрермендерге дейін еліміздің әр қиырында дарынды жеткіншектердің қалың шоғыры өсіп келе жатқанына куә болды. Осыған қалай қуанбайсың?!