• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2014

Дағдарыс даңғазамен де жасалады

430 рет
көрсетілді

Әлемдік экономикалық дағдарыс ең бай, қуатты деген елдердің экономикасын да әлі күнге теңселтуде. Үстіміздегі жылға жасалған экономикалық болжам біршама оптимистік нотада болғанымен дағдарыстың салдарлары әлі де көрініс тауып, экономиканың озық салаларын ақсатып тұр. Дағдарыс дегеннің өзі жеті басты айдаһар тәріздес екен, бір басын кессе басқа бастары жалын атып, ысқыруын қоймайды. Соның бірі қаржылық топтардың қолдан қысастықтар жасап, даңғаза шулар көтеріп, қолдан дағдарыс тудыруы. Және оларын БАҚ-тарды орынды пайдалану арқылы әлемдік дағдарыстың лаңына телуге де икемділігі жетіп тұрады. Мұндай қаржылық топтардың барлық әрекеттері тек өздеріне тиімді іс-шараларды жасауға бағытталған. Олар бұл үшін халыққа да, өкіметке де зиян келіп жатқанына пысқырмайды. Соның бір дәлелі ретінде Ұлыбритания­ның Ллойдз банктер тобының соңғы кез­дегі әрекеттерін атауға болады. Штаб-пә­тері Лондонның өзінде орналасқан бұл банк корольдіктегі аса қуатты қаржылық институттардың бірі саналады. Ағылшынша атауы Lloyds Banking Group делінетін банк 2011 жылы жолы болғыштығы жағынан әлемде 59-орын алған. Біздегі сияқты Ұлыбританияда да қаржы рыногының дағдарысына қарсы әрекеттер жасалып, банкілерді біріктіру және олардың активтерін мемлекеттің сатып алу үдерісі кеңінен жүргізілген. Соның нәтижесінде 2009 жылы Lloyds TSB және HBOS банктері біріктіріліп, аталмыш топ өмірге келген. Оның 41 пайыз акциясы өкіметке тиесілі еді. Оңалту шаралары жүргізілгеннен кейін, әрі билік қолдап тұрған соң банктің істері біршама түзеліп, таза табыс табуға қол жеткізе бастады. 2013 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша банк 280 млн. фунт стерлинг (453 млн. доллар) таза пайда тапты. Бұл 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда айтарлықтай табыс болатын, өйткені, сол кезеңде банк 1,03 млрд. фунт стерлинг шығында болған еді. Енді сол банктің белге соққандай болып, бір мыңнан артық қызметкерлерін қыс­­қартатынын, активтерін сататынын айтып, аяқ астынан қиралаңдап қалған­дай, жұмыскерлері мен он мыңдаған клиент­теріне үрей мен қыспақ тудырып шы­ға келгені бір қарағанда қызық сияқты. Бү­гін­гі күні банктің бірнеше бөлімшелері, со­ның ішінде жеке клиенттермен жұмыс іс­тей­тін, тәуекелді басқаратын және ком­мерциялық операцияларды жүргізетін бөлімшелері қысқармақшы. Сондай-ақ, 300-ден артық жұмыс орны аутсорсингке аударылатын көрінеді. Аутсорсинг деген алдын-ала келісім бойынша, қызметтік функциялардың басқа компанияларға берілуі. Бұл әңгіме Ұлыбритания өкіметінің Ллойдз банктер тобындағы өзіне тиесілі 33 пайыздық үлесін сатуға қоймақшы болған ниетінен кейін туды. Демек, өкімет алдағы уақытта өзіндегі ауыр жүктен құтылып, оны жекешеге өткізуді қалап отыр. Бұған дейін де 3,3 млрд. фунт стерлингті құрайтын 8 пайыздық үлесті өткен жылдың қыркүйек айында сатып жіберген. Ллойдз банктің ресми ақпаратына қа­ра­ғанда, қысқарту мен активтерді сату шаралары 2011 жылы дағдарысқа қар­сы қабылданған оңалту жоспарларын жетіл­­ді­руге бағытталып отыр екен. Сөйтіп, банк өз әрекетін орын алған дағдарыстың салдарларын жоюға бағыттап отырмыз дегенді алға тартады. Алайда бұған сену қиын. Өткен жылдың 9 айының қорытындысында, жоғарыда айтқанымыздай, тамаша табысқа жеткен банк аяқ астынан неге тағы да «оңтайландыруға» бет алуы мүмкін. Бұған кім сенеді. Банк өкілі қысқарту шаралары кәсіподақ өкілдерімен келісілуде екенін жариялады. Бұл – міндетті процедура. Өйткені, бұл елдерде кәсіподақпен келіспей бірде-бір адамды жұмыстан қысқарта алмайсың. «Біз қысқарту процесінің тыныш және айғай-шусыз өткенін қалаймыз», деп мәймөңкелетті одан әрі банктің ресми өкілі. Бірақ бір мыңнан артық қызметкерлер қысқартылып жатқан жерде бәрі де тып-тыныш болуы мүмкін емес. Кәсіподақ бар, қысқартылатын қызметкерлердің құқы бар – бәрі БАҚ арқылы біршама шу тудыратыны анық. Мұның бәрі сайып келгенде банк акциясының бағасын төмендетеді. Өкімет өзіне тиесілі 33 пайызды сатқалы отырғанда акцияның арзандауы – оны сатып алуды көздейтін топтар үшін өте маңызды. Демек... Олар банк басшылығымен астыртын келісімге келіп, қолдан осындай шулар туғызу арқылы банктің акциясын арзандатуды көздеп отырған сияқты. «Пәледен машайық қашыпты» дегендей, шулы жердің акциясын сатып алуды өзге компаниялар қолай көрмейді, ал қолдан жасалған шуды тудырып жатқандардың өзі мұндайда арзандатылған акцияны қақшып алады. Сондықтан мұндай шаралардың «еруліге қарулы» істер екені көрініп тұр және ондайлар ақша билеген капиталистік қоғамның айнымас атрибуттарының бірі екені ежелден белгілі. Ал халыққа оны аты жаман дағдарыстың салдары деп түсіндіру оңай. Осындай, қолдан жасалған қысастық­тармен қатар былтырға жалғасқан әлемдік экономикалық дағдарыс Ұлыбританияның әлеуметтік жағдайын да толығымен оңалту­ға мұрсат бермеді. Жыл басынан бері (2013 жылы) 500 мыңнан артық адам «тамақ банкі­не» келген көрінеді. «Тамақ банкі» деген өкіметтің қолдауымен құрылған табысы жоқ ұйымдар. Ол тамақ өндірушілер мен оларды тасымалдайтын кәсіпорындардан қолдану мерзімі аз ғана уақыт қалған тағам­дарды жинап алып, жағдайлары жоқ, жұмыс таба алмаған немесе табысы аз әлеу­меттік әлсіз топтарға тегін таратады. Осындай жұ­мыстармен айналысатын арнаулы волон­тер­лер бар. Олар қайырымдылық және әлеу­меттік қорғау ұйымдарына тірке­леді. Әрине, жалпы тоқтығы жағынан әлемде жетінші орын алатын Ұлыбритания секілді мемлекетке 500 мыңнан артық осындай жандардың болғаны үлкен сын. Сөйтіп, әлемдегі экономикасы ең қуатты елдің бірі де өзіндегі дағдарысты әлі күнге толық еңсере алмай отыр.  

* * *

Үлкен дағдарыс Америка экономика­сына да өзінің салқынын тигізіп, эконо­ми­каның көптеген салаларында тоқырау болды. Экономикалық қыспақты біршама еңсеріп келе жатқан бұл елде былтырғы жылдың аяғында күтпеген жерден «қолдан жасалған дағдарыс» болып, ол да өмірдің барлық саласына өз қырсығын тигізді. АҚШ-та қаржы жылы 1 қазаннан бас­талатын. Осы күні елдің жаңа жылға заң­мен бекітілген бюджеті іске кірісу керек еді. Ал бюджет мемлекеттің ең басты қар­жылық құжаты, онда өкіметтің барлық шығындары және олардың көлемдері көрсетілетіні белгілі. Америкадан басқа, ТМД мемлекеттері болса бюджеттерін бе­кітпей-ақ еңбек ете берер еді, ал заң үстем­дік ететін АҚШ ондайға бара алмайды. Заңмен бекітілген бюджет болмаса Америка өкіметі ешқандай шығын жасауға қақысы жоқ. Міне, сондықтан да АҚШ-тың өкіметі өз жұмысын ішінара тоқтатуға мәжбүр болды. 800 мыңнан артық мемлекеттік қызметшілер ақысыз демалысқа жіберілді. Көптеген мемлекеттік мекемелер мен ұйым­дар жабылып қалды. Елдің астанасы Ва­шингтон қаласында тіпті, қоқыс тасылу да тоқтатылды. Өйткені, қоқыс шығаратын мекеме де бюджеттің есебінен жұмыс іс­тей­тін. Мемлекеттік бюджеттен тапсырыс алып, өнімдерін шығаратын мыңдаған жеке меншік кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдері де өз жұмыстарын тоқ­татуға мәжбүр болды. Қысқасы, осы кезден бастап бұл елде тек жұмыстарының тоқтатылуы мүмкін емес әлеуеттік күштер: әскер, полиция, шекаралық және кедендік күзеттер, түрме және т.с.с. ғана жұмыс іс­теп тұрды. Мәселенің мәнісіне бойлайтын болсақ, бұл дағдарыс та таза қолдан жасалған қысастық еді. Бар мәселе бюджетті бекіту туралы заңды талқылауға салғанда Сенат пен Өкілдер палатасының өзара керіске түсіп, келісе алмаушылығында болды. АҚШ Парламенті, яғни Конгресі осы екі палатадан тұрады. Сенатта әрбір штаттан екі адамнан отырады. Осы сенаторлардың көбісі демократиялық партияның өкілдері. Бұлар президент Барак Обаманың жақтастары. Ал Өкілдер палатасында республикашылдар партиясы көпшілік дауысқа ие. Осылар Б.Обаманы сүріндірмек болып, жаңа бюд­жет­ті бекітпей қойды. Сондағы тапқан ілік­тері – бюджеттің дефициттік жағдайда қабылданбағы. Әрине, бюджеттің ІЖӨ-нің бес пайызының көлеміндегі дефициті АҚШ үшін үлкен дүние болуы мүмкін. Үкі­мет оны мемлекеттік шығындарды бір­­кел­кі азайта отырып және салықты аздап көбейту арқылы еңсереміз деген-тін. Әри­не, естір құлақ болса бұлар орынды қадамдар. Бірақ ілік іздегендер бұған құлақ ас­қан жоқ, керісінше, айғайшыл халыққа жағатын жолға шап беріп, «салықты көбейту­ге үзілді-кесілді қарсымыз» деп шулатып-ақ бақты. Республикашылдардың «халықшылдығы» өз нәтижесін де беріп жатты. Сол кездегі әлеуметтік сауалдарға қарағанда, оны жақтайтындар саны біршама артты. Республикашылдардың сұғын қадаған тағы бір мәселесі – Б.Обаманың әлеуметтік бағдарламалар мен денсаулық сақтау саласындағы реформасы еді. Президенттің бұл қадамдары халыққа жағудың амалдары деп санаған республикашылдар оған да қарсы болды. «Obamacare» (Обаманың қамқорлығы) деген атау алған денсаулық сақтау саласындағы реформа барлық АҚШ азаматтарын медициналық сақтандыруға тартуды көздейді. Оларда міндетті медици­на­лық сақтандыру деген жоқ, сондықтан да бүгінгі күнге дейін 45 миллиондай аме­рикалық мұндай сақтандыруды керек қылмапты. Обама өкіметі осы санды азайту үшін оны бюджеттен субсидиялау қажет деп тауып отыр. Сонда халық оның тиімділігін көзімен көріп, сақтандыруға өз еріктерімен келеді дегенді үміт етеді. Сөйтіп, сақтандыруды керек қылмаған адамдар санын азайтуды негізгі мақсат етіп отыр. Реформаның мәнісі осында. Ерікті іс болып табылатын сақтандыруға бюджет­тен субсидия бөлінуін артық шығын деп санаған рес­публикашылдар осыған да қатты шүйлікті. Оның үстіне, сол кезде мемлекеттің жалпы қарызы ІЖӨ-ден асып тұрды. Бұл да Обаманың қарсыластары үшін байланысуға таптырмайтын себеп болатын. Сөйтіп, АҚШ тарихында сирек болатын қолдан жасалған үлкен саяси және экономикалық дағдарыс болды. Бұған билік үшін үнемі таласатын екі бәсекелес партияның әрекеті ғана кінәлі еді. Осы екі партия да 2013 жылдың наурыз айында-ақ бюджеттік заң бойынша өз жобаларын жасап, талқылауға ұсынған. Онда екі жақ та өздеріне тиімді мәселелерді қарастырған-тын, сондықтан республикашылдардың бюджетін Сенат, демократиялық партияның жобасын Өкілдер палатасы терістеп шығар­ған. Бұл бәсекелестік ақыры, 1 қазанға, яғни қаржылық жыл басталғанша бюджеттің қабылданбауына әкеліп соқты. Соның салдарынан, «екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледі» дегендей, қаншама әлеуметтік мәселелер іске аспай, бюджеттің қабылдануын күтіп қалып, қарапайым халық сорлады. Міне, күштілердің айқасы, өзара бәсекелестігі, билік үшін күресі де әлемдік экономикалық дағдарысқа еш қатысы болмаса да осындай келеңсіз жағдайларды жиі тудырады. Сондықтан биліктегі партияның өз әрекетін алаңсыз іске асыра алатын, мықты болғандығы да дұрыс. Сайып келгенде, халық барлық нәрсенің жауабын билікте отырған партия­дан ғана сұрайды. Ал ол бәсекелесімен күреске, онымен келісу жолдарына қатты алаңдап, кейбір маңызды позицияларынан кері шегініп, көнгіштік танытып отырса, істе жақсы нәтижеге жете алмай қалары хақ. АҚШ бюджеті тек үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында бір-ақ бекітілді. Әрине, бюджетті бекітетін заңға қарап, мемлекет үш ай бойы жұмысын түбегейлі тоқтатын болса, дағдарыстың көкесі сонда болатын еді. Бірақ қанша жерден заңсыз қадам жасамаймыз десе толық тоқыраудан аман шығудың жолын алып мемлекет тапқан. Сондықтан кейбір тоқтатылуы мүмкін емес бюджеттік шығындар парламенттің уақытша қарарларымен босатылып тұрды. Соның ішінде, жоғарыда айтқан, қорғаныс, қауіпсіздік, құқық қорғау салаларының шығыстары бар. Бюджетті бекітетін заңның қабыл­да­нуын­да Барак Обаманың үкіметі қарсы­лас­тарының еш талабын мойындамай, берік позиция ұстана білді. Бұл үшін рес­публикашылдардың ыңғайындағы ға­на емес, жалпы елдің барлық ақпарат құрал­дары Ақ үйді аяусыз сөгіп, сын тезіне сал­ған. Мұндай жерде «халықтың қамы», «ел­дің мүддесі» дейтін қайда салсаң озып шығатын ұғымдарды да шебер пайдаланған қарсыластар президент оларды да ескермей, өзінің позициясы үшін ғана оппозициямен келісімге келе алмағанын жырлаудай-ақ жырлады. Осындай прессингтерге төтеп беру де оңай емес еді. Алайда үкімет шыдап бақты. Ақырында Б.Обаманың ұсынысы жеңіске жеткенде сол БАҚ-тар президенттің өз позициясын берік ұстағанын, ешқандай қоқан-лоққыға көнбей, қитұрқы қысымға төтеп бере алғанын мақтап, шаттана жазып жатыр... Билік «ұстараның жүзіндей» лыпылдаған жайда болады деген сол, әне. Бір жағына аунасаң болды, қиып түсіреді. Әлеуметтік сауалдамалар да қазір ел­дің республикалық партиядан аунап түсіп, Барак Обаманың жағына құлап жатқанын көрсетуде. Президенттің өз партиясы ішіндегі позициясы да нығая түсті. Міне, мұндай тартыстар да капиталистік қоғамнан ешқашан қалмайтын, үнемі қосарланып жүретін жағдайлар. Оның қырсығы халықтың, мемлекеттің мүддесіне қарсы келіп жатса да оны дер кезінде тоқтата қою оңай емес. Мүмкін осындайлар да қажет шығар, тартыс пен таластан ығысқан үкімет еш қалғымай, әрқашанда сергек болады емес пе? Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».