Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты қыза түсті. Бүгін шаршы алаңға төрт бірдей қазақ боксшысы көтеріледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алдымен рингке 54 келі салмақ дәрежесіндегі сайыпқыранымыз Махмұд Сабырхан шығады. Ол Оңтүстік Корея боксшысы Ин Гю Киммен қолғап түйістіреді (кездесу шамамен 18:30-да). Бұдан соң 92 келі салмақтағы саңлағымыз Айбек Оралбай польшалық Матеуш Березницкийдің шамасын байқап көрмек (жекпе-жек 20:15-ке жоспарланған). Үшінші болып рингте 60 келі салмақтағы Саматәлі Төлтаев көтеріледі. Саматәлінің қарсыласы – тайландтық Хунатицу Пиднучу (шайқас уақыты – 22:45).
Ал күннің басты жекпе-жегінде 71 келі салмақтағы Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Шахрам Гиясовты жеңуге тырысып көрмек (кездесу уақыты – 00:15).
Асланбек Шахрамды бұрын жеңген. Енді сол жеңісін қайталауға күш салады. Бұл шайқастардың барлығын «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді.