• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 31 Қазан, 2021

Сезімі ақын, жүрегі батыр ғұлама ғалым

337 рет
көрсетілді

Академик Еділ Ерғожаұлының туғанына – 80 жыл

Еділ Ерғожаұлы Ерғожин 1941 жылы 7 қарашада Алматы облысы Ескелді ауданы Екпінді ауылында дүниеге келген. 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітірді. 33 жасында «Жаңа ионалмастырғыш және тотығу-тотықсыздану полимерлерінің синтезі және түзілу заңдылықтарын зерттеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Қазақ КСР ҒА Химия ғылымдары институты Ионалмастырғыш шәйірлері зертханасының меңгерушісі, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті Химия факультетінің Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасының меңгерушісі, деканы, аталған университеттің бірінші проректоры және ректоры, «А.Б.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты» АҚ директоры, бас директоры және Ионалмастырғыш шәйірлер және мембраналары зертханасының меңгерушісі, ҰҒА вице-президенті (1994-1995), Білім және ғылым вице-министрі (1999-2002) болып жұмыс істеді. ҰҒА академигі E.E.Ерғожин «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының заңын, Қазақстан Республикасының Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасын және «Ғылым» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуші жұмыс тобын басқарды.

Ол – әлемде алғаш рет сорбцияланатын иондарға қатысты олардың өткіз­гіш­тігі мен селективтілігін рет­теу­дің және басқарудың ерекше әдіс­те­рін жасаған қазақ ғалымы. Еділ Ер­ғо­жин алғаш рет үлгі ретінде төмен моле­ку­ла­лық қосылыстармен сызықты және тігілген полимерлердің полимер тә­різ­ді түрленуінің механизмдерінің және металл иондарымен, органикалық қо­сы­­лыстармен кешен түзуінің салыс­тыр­малы бірқатар ерекшелігін анық­тап берді. Металл-кешентүзуші ион­ның қатысуы мен иондану дәрежесі мен молекулааралық өзара әрекеттесу дәрежесінің өзгеруін ескере отырып, Бьерум түзілу функциясы мен ионит кешендерінің тұрақтылық мәндерін есептеудің өзіндік алгоритмін жасады. Еділ Ерғожаұлы жетілдірілген физика-химиялық және электрхимиялық си­пат­­тамалары бар жаңа гетерогенді, го­могенді, интерполимерлі және биполярлы ионалмастырғыш мембраналар алудың перспективті әдістерін жасады және олардың негізінде өнеркәсіптік электрдиализ қондырғылары мен суды тұз­сыздандыру қондырғылары әзір­лен­ді. Әзірленген технология Алматы электрмеханика зауытына тәжірибе жүзін­де енгізіліп, шынайы өмірде жү­зе­­ге асты. Еділ Ерғожин 1982 жылы жаңа мембрана технологиясы сала­сын­­­дағы приоритетті ғылыми бағытты д­­а­­­мытқаны және ғылыми жетекші ре­тін­де «EDU сериялы электрдиализ қон­дырғыларын жасау және халық шаруа­шылығына енгізу» еңбегі үшін ғы­лым және техника саласы бойынша Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Академик Е.Е.Ерғожин Лейп­­­циг (Германия), Чарльз (Чехия) уни­вер­ситеттерінде, 1 Ренн (Франция) уни­вер­си­тетінде, Аризона және Техас (АҚШ) университеттерінде, Анкара, Ыстанбұл, Ескишехир (Түркия) уни­вер­ситеттерінде дәріс оқыды. «XXI ға­сыр­дағы ғылым. Жаңа міндеттемелер» атты Будапешт қаласында өткен I Дүниежүзілік ғылыми конференция­сын­­да Қазақстан Республикасының ға­лымдар делегациясын басқарып барып, Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен халықаралық дөңгелек үстелге (2000 ж.) Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған баяндамамен қатысты. Академик жоғары моле­ку­лалық қосылыстар химиясы, ион ал­ма­су және мембраналық технологиялар саласында жемісті жұмыс істейтін химик­тердің әлемге әйгілі ғылыми мек­­тебін құрды. Әйгілі ғалым өзінің ғы­лыми өмірінде 13 доктор, 95 химия ғылымдарының кандидатын және 4 философия докторын (PhD) даярлаған екен. Ұзын-саны 32 іргелі монографияның, 7 оқулықтың, 72 шолу мақаланың, 1 410 ғылыми мақаланың авторы, оның 550-ден астамы халықаралық, сонымен бірге 348 КСРО авторлық куә­ліктері, Қазақстан мен шетелдердің алдын ала патенттері, инновациялық патенттері алынды. Ғалымның редакциясымен 20-дан астам монографиялар, био-библиографиялар, Қазақстанның жетекші ғалым-химиктерінің таңдаулы еңбектері, республикалық және халық­а­ралық ғылыми конференциялар ма­териал­­дары жарық көрді. Өз өмірі мен шы­ғармашылығы туралы 3 кітап, түрлі энциклопедия, журналдар мен газеттерде 200-ден астам мақала жарық көрді. 1989-2002 жылдар аралығында «ҚазКСР ҒА-ның хабарлары, химия сериясы» журналының бас редакторы қызметін атқарып, 2003 жылы «Қазақстанның химия журналы» ғылыми журналының негізін қалады.

Е.Е.Ерғожин ҚазКСР Жоғарғы Ке­ңесі­нің ғылым және техника жөніндегі тұ­рақты комиссиясының депутаты және төрағасы (1986-1990), жалпы және қол­дан­балы химия бойынша XI Мен­делеев съезінің ұйымдастыру комитетінің жа­уапты ғалым хатшысы (Алматы, 1975), көптеген халықаралық симпозиум мен конференцияны ұйымдастыру ко­ми­те­тінің төрағасы және мүшесі болып сай­ланды, «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобаларын, ғылыми және ғылыми-техникалық сая­сат тұжырымдамасы мен «Ғылым» мем­ле­кет­тік бағдарламасының (2000) жо­ба­ларын әзірлеу, «ҚазМұнайГаз» АҚ «Мұ­най өңдеу» бизнес-бағыты бойынша ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі.

Академиктің аты Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына енгізілген, Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет гра­мота­сымен, С.И.Вавилов атындағы медаль­мен, Әл-Хорезми алтын ме­далі­мен және дипломымен (Иран) мара­пат­талған. Ол тәуелсіз халықаралық «Пла­­тиналық Тарлан» меценаттар клу­бы, «Алтын Адам – Жыл Адамы» сый­лық­тарының лауреаты. Ғылым мен бі­лімнің дамуына, жас ғалымдар мен ма­мандарды даярлауға, Қазақстанның химия ғылымының нарықтық жағдайға бейім­делуіне және әлемдік аренаға шы­ғуына қосқан орасан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Пре­зи­ден­ті Н.Ә.Назарбаев алғыс жариялап, «Алтын барыс» белгісі беріліп, «Ғы­лым мен ғылыми серіктестікке қос­қан үлесі» үшін Алтын медалімен және РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік басқару академиясының «Парасат» орденімен марапатталды. Оған «Франция ғылымының маршалы» құрметті атағы беріліп, Өнер­кә­сіп­ке көмек қауымдастығы (Франция) На­полеон медалімен марапаттады, «Бай­­­қоңыр» ғарыш айлағынан зымы­ран ұшы­ру­дың қоршаған ортаға әсерін ба­ға­лау» атты Ресей-Қазақстан бағдар­ла­ма­сын жүзеге асыруға белсенді қатыс­қа­ны үшін Қазақстанның медальдары беріліп, Ресей Федерациясының Космонавтика федерациясы С.П.Королев атындағы медальмен марапаттады. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Алтын медалімен марапатталды. Оксфорд әлемдік ғалымдар сам­ми­тінің Сократ комитеті шешімімен ғылыми-зерттеулер саласындағы Халық­аралық сыйлыққа ие болып, «The Name in Science – Ғылымдағы есім» құрметті атағы берілді. Аты әлемнің көрнекті ғалымдарының дүниежүзілік тізіліміне енгізіліп, «Дүниежүзілік ғылымға қос­қан үлесі үшін» Даңқ медалімен мара­патталды. АҚШ-тың Нью-Йорк акаде­миясының академигі, І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік универ­си­теті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Құрмет­ті профессоры, Вена қаласының Халық­аралық университетінің Құрметті профессоры, Америкалық химия қоғамының мү­шесі, Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университеті, Е.А.Бөке­тов атындағы Қарағанды мем­лекет­тік университетінің Құрметті про­­фес­­со­ры, Ескелді ауданының және Алма­ты облы­сы­ның құрметті азаматы атан­ды.

Талантына еңбекқорлығын серік ет­кен академик Қазақстандағы ұлттық хи­мия ғылымында тотығып-тотық­сыз­да­натын ионалмастырғыш шәйірлер және электр­мембрандық диализ техно­ло­гия­сы деп аталатын салалардың не­гі­зін қалады. Алып бәйтеректей сан бұтақты химия ғылымының осынау саласында қазақстандық ғылыми әлеует әлемнің ең дамыған мемлекеттерімен иық теңестіре алатындығы дүние жүзі бойынша дәлелденді. Бұл ақиқатты алпауыт АҚШ ғалымдары түгіл, мемле­кет­тік лауазымды қызметкерлер де елі­мізде КСРО мұрасындай болып қал­ған баллистикалық зымырандар мен ядролық оқтұмсықтарды жою ке­зін­де халықаралық конкурста жеңіп алған Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының тындырған жұмыс нәтижесі арқылы мойындады. Мо­йындағаны сол, академик Еділ Ерғожин бастаған ғалымдар тобының тамаша нәтижелі жұмысы үшін институтқа қозғалмалы экологиялық зерттеу зертханасын сыйға тартты. Бұл күндері академик басшылық жасайтын Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты төрткүл дүниенің ғылым әлеміне түгел танымал. Ал оны тәуелсіздік жылдарында тұтастай дерлік басқарып келе жатқан Еділ Ерғожаұлы өзінің өмірлік ұстанымын былайша түсіндіріп еді:

– Менің өмірімде екі тамаша аяулы ұстазым болды. Олар Батырбек Ахмет­ұлы Бірімжанов пен Сағид Рауфұлы Рафи­ков болатын. Солардың ұдайы санама сіңіргені «ұстаз шәкіртімен көрікті» деген қағида еді. Ғылым ғұмы­рым­да осы қағидамен жүрдім. Қазір өзім ғана емес, сонымен бірге бүкіл институттың ғылыми қызметкерлерінің, шәкірттерімнің халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік жасаумен келемін. Олардың ғылыми ізденістеріндегі нәти­ж­е­лерін, қорытындылаған мақала­ла­рының халықаралық басылымдарда жа­рия­лануын жолға қойдық. Ол ол ма, бұ­рын халықаралық симпозиум, конференцияларда баяндама жасауға баратын санаулы ғалым болсақ, қазір мұндай мәртебеге біздің институттың көптеген ғалымы қол жеткізген. Мұның өзі ғы­лым әлемі қазақ химиктерінің әлеуеті мен болашағын толық мойындады деген сөз емес пе?!

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген да­налықтың болмыстағы қарекетке айналуы осы болса керек. Осылайша тұтас­тай ұжымды әлемге мойындата алған академик өзінің бір керемет қуанышын жасыра алмай:

– Мен осы институтта лаборант болып алғашқы ғылыми ізденістерімді жүргізіп жатқан кездері мұнда қазақ ака­де­миялық ғылымының негізін қалау­шы Қаныш Сәтбаев келе қалды. Аты-жөнімді, қайда оқитынымды және немен айналысып жатқанымды сұрастырып біліп алған Қанекең сөз соңында былай деп еді: «Арпа ішінде бір бидай екенсің, қазақтың намысын қорғауға тырыс», деп отыратын.

Ұлттық ғылым академиясында вице-президент, Білім және ғылым ми­нис­­тр­лі­­гін­де вице-министр қызмет­те­рін атқара жүріп, отандық білім-ғы­лым­­ның жалпыадамзаттық өркениет көші деңгейінде болуына айтарлықтай үлес қосқан, адамзатқа дүние жүзі бо­йын­ша тұңғыш рет Қазақстанның Алма­тысы мен астанасынан «Үшінші мың­жылдықтың ғылы-мы қандай болады?» деген өміршең сұрақ қойған алқа­лы халықаралық конференцияны ұйымдастырушы Еділ Ерғожинің сол күн­дері былай деп тол­­ғанғаны да есі­міз­де қалыпты:

– Ғылым дамыған сайын оның көп­те­ген жаңалықтары қоршаған орта­ға зиян­ды бола түсуде. Жерді көм­керген озон қабаты жұқарып, күннің ультракүлгін сәулесі пайдадан гөрі зиянды болып барады. Жер қойнауының қоры азая түсуде. Адамзат саны артып, жер бетінің оны асырау мүмкіндігі ықшамдалуда. Мәңгілік мұздақтар еріп жатыр. Көп ұза­май, ауыз су тапшылығы үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Міне, осындай проблемаларды адамзат бірлесіп шешпесе, бұдан былай «бет-бетіне түйе ай­да­ған» жағдайда өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан біз әлемдік ғылымның ашық қоғам жағдайында интеграциялануын халықаралық деңгейге шығара алдық.

Ғылыми-зерттеу және инновациялық қызмет­­тегі ірі жетістіктері үшін Е.Е.Ерғо­­жин «Қазақстан Республика­сы­­ның Ұлттық Ғылым академиясы» рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің және Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының Құрмет грамоталарымен марапатталған (2011). Ресей комитетімен академик М.В. Ломоносов. Еңбегі үшін. Туғанына 300 жыл» (2012), Оксфорд ғалымдар саммитінің Сок­рат­тық комитетінің (Ұлыбритания) шешімімен 2011 жылы ғылыми зерттеулер саласындағы халық­ар­алық премиямен марапатталды және оған «The name in Science» құрметті атағы берілді, оның есімі әлемнің көрнекті ғалымдарының дүниежүзілік тізіліміне енгізілді және «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» даңқ медалімен марапатталды.

2012 жылы Интернет және СМС арқылы жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ғылым» номинациясы бойынша 2012 жылғы «Ел тұлғасы» – «Имя Родины» бірінші республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

«Шапағат» өнертапқыштық сала­сын­дағы жетістіктер Х Республи­калық конкурсының комиссиясы ҰҒА ака­де­ми­гі Еуразиялық патенттік в­е­дом­­стводан В.И. Блинников атындағы «Өнер­тапқыштық және патенттік іске қос­қан үлесі үшін» Алтын медаль беру жөнінде шешім қабылдады.

Мемлекеттік құрылыс, экономи­ка­ны дамыту және Қазақстан Республи­ка­сының халықаралық беделін нығайту саласындағы Отан алдындағы зор еңбегі үшін Қазақстан Республикасындағы Ұлттық бизнес-рейтинг ұйымдастыру комитетінің шешімімен «Қазақстан Даңқы» төсбелгісімен марапатталды (2013).

Қазақстан Республикасы Әділет министр­лігінің зияткерлік меншік құқы­ғы комитеті өнертабыстарды, пайдалы модельдерді қорғау саласында өткіз­ген республикалық конкурстың нәти­желері бойынша Қазақстан Респуб­ли­касы Әділет министрінің бұйрығымен «А.Б.Бек­т­ұров атындағы химия ғылым­дары институты» АҚ Еңбек Қызыл Ту ордені­нің Бас директоры, ҰҒА академигі «Қа­зақстан Республикасының Еңбек сіңір­ген өнертапқышы» құрметті атағы берілді (2014).

Қазақстан Республикасы Президен­тінің 2016 жылғы 26 қараша­дағы Жар­лығымен ҰҒА академигі «Қазақс­тан Республикасының Тәуелсіз­ді­гіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2018 жылы ҰҒА академигі «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

2019 жылы номинация комитетінің бас­тамасымен ҰҒА академигі «Ұлт интел­лектісі» халықаралық сыйлығы­мен, сондай-ақ мерейтойлық марапат – «Қа­зақстан мұнайына-120 жыл» меда­лі­мен марапатталды.

2021 жылғы 7 қарашада көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғы­лым академиясының академигі, ғы­лым мен техника саласындағы Мем­ле­кет­тік сыйлықтың лауреаты, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, химия ғылым­да­рының докторы, профессор ЕДІЛ ЕРҒОЖАҰЛЫНЫҢ туғанына 80 жыл толады.

Еділ Ерғожаұлының көпқырлылығы мен біртума табиғаты әрдайым таңғал­дыр­ды. Өнердің және сұлулық әлемінің нәзік білгірі сияқты қасиеттерін атап өтпеуге болмайды. Ол өз Отанының және туған өлкесінің ұлы патриоты, ата-бабаларының естелігін жоғары құр­мет­теді. Ол өзінің туған ауылы Ек­пінді, туған мектебін және өзінің барлық ауылдастарын әрдайым есте сақтап, сүйіспеншілігін білдіріп отырды, сол үшін әрдайым ризашылығына бөленді.

Еділ Ерғожаұлының тұла бойында өз халқының даңқты ұлының рухани мейірімділік, зор еңбексүйгіштік, жоғары адалдық және парасаттылық сияқты барлық жарқын белгілері назар аудартады.

Ғылыми кадрларды қалыптастыруға көп күш, ақыл жұмсаған ұлы ғалым, бүкіл өмірін оқушылар мен әріптестеріне өзінің білімі мен іскерлігін берген талантты педагог, елінің әсем болашағы үшін баға жетпес тәжірибесімен бөліс­кен тамаша ұйымдастырушы – нақ осындай болып біздің жүрегімізде Еділ ЕРҒОЖАҰЛЫНЫҢ жарқын бейнесі қалады!

 Еңбек Қызыл Ту орденді «А.Б.Бектұров атындағы

 химия ғылымдары институты»

АҚ ұжымы