71 кило салмақ дәрежесіндегі сайыпқыранымыз Асланбек Шымбергенов өзбек өрені Шахрам Гиясовты жеңген соң шындап қаһарына мінді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сербия астанасы Белград төрінде керілген шаршы алаңда Асланбек Шымбергенов германиялық Магомед Шахидовпен кездесті. Ә дегеннен басымдықты қолға алған қазақ оғланы раунд өткен сайын ширақ қимылдап, соққыны жаудырды. Шеберлігі басым отандасымыз үшінші раундта қарсыласын есеңгіретіп тастады. Көп соққы жіберіп алған германиялықтың жағдайын түсінген төреші кездесуді тоқтатты. Осылайша Шымбергенов шайқасты мерзімінен бұрын аяқтап, жанкүйерлерді қуантты.