• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2014

Бас ұйым комитетінің жоғары бағасы

248 рет
көрсетілді

Халықаралық сарапшылар елдегі этносаралық келісімді сақтау, ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынастардың толеранттылық үлгісін жетілдіру бойынша Қазақстан Республикасында заңнамалық, сот, әкімшілік және басқа да шаралардың дәйектілікпен ілгерілетіліп келе жатқанын атап өтті. Жақында Швейцарияның Же­не­ва қаласында Біріккен Ұлт­­тар Ұйымының Нәсілдік төзбеу­­шіліктің барлық пішінін жою бой­ын­ша комитетінің 84-ші сес­сиясында Қазақстан Респуб­ликасының аталған халықаралық конвенцияны орындау туралы 6-шы және 7-ші кезеңдік баяндамасы тыңдалды. Халықаралық құжаттың ережелері мен талаптарын жүзеге асыру бойынша делегация жетекшісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Жанай Омаров сөз сөйледі. Өзінің сөзі барысында ол этносаралық және кон­фес­­сия­аралық келісімді сақ­тау мәселелері Қазақстан үшін қашанда басым жайт болғанын және болып қала беретінін атап өте келіп, елімізде олардың әлеу­меттік, этностық және нәсілдік айыр­машылығына қарамастан, барша азаматтың құқықтары мен мүд­д­елерін қорғау үшін барлық жағ­дай жасалғанын көлденең тартты. Сондай-ақ, Қазақстанның адам құқын қорғау саласындағы халық­аралық міндеттемелерін орын­дауы туралы ақпаратпен және БҰҰ аталған комитетінің мүше­лері сұрақтарына жауаппен Қазақстан делегациясының құрамындағы Парламент Сенаты­ның депутаты А.Башмаков, Парла­мент Мәжілісінің депутаты Ю.Ти­мощенко, Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасының орынбасары А.Қа­сымов, Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің жанын­дағы Адам құқы жөніндегі комис­сияның хатшысы Т.Әбішев, Бас про­куратураның, Әділет, Ішкі іс­тер, Білім және ғылым, Сырт­қы істер министрліктерінің, этно­мә­дени бірлестіктердің өкіл­дері, Қазақстан халқы Ассам­блея­сының мүшелері мен этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар сөз сөйледі. Мәжіліс отырыстарына, сонымен қатар, Қа­зақ­станның Швейцариядағы Төтен­ше және өкілетті елшісі М.Ті­леуберді қатысты. 6-шы және 7-ші кезеңдік баян­дамада Қазақстанның 2008 бен 2012 жылдар аралығында нәсілдік төзбеушіліктің барлық пішіндерін жою саласында жүргізген саясаты туралы ақпарат қамтылған. Қазақстан бұл конвенцияны 1998 жылы ратификацияласа, оның талаптарын орындау бойынша әркез есеп беріп тұрады. БҰҰ комитетінің мүшелері Қа­зақстан делегациясы жұмы­сы­ның деңгейін жоғары баға­лап, сөйленген сөздер мен беріл­ген жауаптарға өздерінің қанағат­танатындықтарын білдірді. Ко­митеттің Қазақстандағы этнос­аралық жағдайды одан әрі жақсарту туралы ұсынымдамалары кезекті 8-ші және 9-шы баяндамаларды дайындауға негіз етіп алынатын болады. «Егемен-ақпарат».