Ауыл шаруашылығы министрлігінің бөлімшелері мен ұйымдарында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен 30-дан астам адам ұсталды. Бұл туралы брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының көмекшісі Шыңғыс Алекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық бағынысты бөлімшелері мен ұйымдары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің қатарынан қылмыстық топтардың қызметінің жолын кесті», деді Алекешев.
Оның айтуынша, олар субсидиялау үшін бөлінген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқан, сондай-ақ кәсіпкерлерден жүйелі пара мен заңсыз сыйақы алудың сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырған.
«Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде, заттай дәлелдемелер алынды, 30-дан астам адам анықталды, олардың көпшілігі қазірдің өзінде қылмыстарын мойындады. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді», деді көмекші.
Бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.
Барлық қылмыстар ауыл шаруашылығы үшін субсидия ұрлаумен байланысты екені атап өтілді.