«Нұр-Сұлтан-Петропавл» тасжолында 7 көлік соқтығысып, 4 адам ауруханаға түсті, деп жазады Egemen.kz Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылғы қазанның 31-де кешкі сағат 18:08-де Біржан сал ауданы полициясының кезекші бөліміне «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының 186 шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабар түскен.
«Анықталғандай, Петропавл қаласы бағытында жүріп келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласының 22 жастағы тұрғыны басқарған «Toyota Camry» автокөлігі жолдың ортасындағы қисық сызықты білеуге соғылған. Соның салдарынан түрлі маркалы жеті көлік соқтығысқан. Жол апатынан төрт жолаушы зардап шегіп, Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілді. Оның ішінде біреуі 9 жасар бала», деді ведомстводан.
Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-ші бабы 2-бөлігі «жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізушілер сау болған.