Алматы облысы бойынша ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы бағытты дамыту барысында Балқаш ауданының да суару жүйелерін жаңғырту жеке жоба ретінде қарастырылмақ.
Аудандағы күріш алқаптарын суаратын каналдар тазартылып, бұл дақылды өсіретін шаруашылықтарға қолдау көрсетіледі. Ол үшін Іле өзенінің суын тарататын бас каналды күрделі жөндеу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Бұл аудандағы күріш өсіретін шаруашылықтардың жұмысына ерекше серпін беретін болды. Мысалы, Бірлік ауылындағы «Бірлік» агрофирмасы биыл 1114 гектарға күріш еккен. Егер су тапшылығы жойылатын болса, серіктестік ақмаржан дәнін себуді арттыра түспек. Шаруашылық 1114 га күріш алқабынан бөлек, 1589 гектарға бидай, 2744 гектарға көп жылдық шөп өсірген. Ұжымда 300-ге жуық адам еңбек етеді, ал маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 500 адамға дейін жетеді. Мұнда елуге жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Соның төртеуі өткен жылы «Жетісу» ӘКК арқылы лизингіге алынған. Осылайша ауданда құрылған сервистік-дайындау орталығында аграрлық жұмыстарға қажетті барлық техника топтастырылған.
Ауданда «Бірлік» агрофирмасына тиесілі қырмана және зауыт та жұмыс істеп тұр. Күріш өңдейтін зауыт сағатына 1 тонна таза өнім шығарады екен. Жалпы, «Бірліктің» күріші облыста ғана емес, Алматы қаласында, таяу шетелдерде саудаланады. Мәселен, былтыр кәсіпорын 1250 тонна таза өнім алған.
«Бірлік» серіктестігінің директоры Алмас Қыстаубаев өнім көлемін арттыру үшін суару жүйелерін жөндеу мен тазарту жұмыстарын жүргізу керектігін үнемі мәселе етіп көтеріп келеді. Жақында Балқаш ауданына арнайы сапармен барған облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары жолға қойылғанын айтып, арнайы бағдарлама аясында балқаштықтардың да мәселесі оңынан шешілетіндігін айтқан болатын.
– Иә, күріш суды көп қажет етеді. Оның алқабын азайтқанда жердің соры шығып, оған ештеңе өспей қалуы да мүмкін. Сондықтан бұл іске жүйелі жоспар жасап барып кірісу керек. Әзірге күріштің алқаптарын сақтап қаламыз. Ол үшін Балқаш ауданының суару жүйелерін жаңғыртуды жеке жоба ретінде қарастырамыз. Күріш алқаптарын суаратын каналдарды тазартуды қолға аламыз. Бұған дейін біз мелиоративтік бригада құрып, Қаратал өзенінің арнасын аршып, оның Балқашқа еркін құйылуына жағдай жасап, елеулі жұмыстар атқарғанбыз. Сондықтан бұл жағынан біздің тәжірибеміз бар деуге болады. Іле өзенінің суын тарататын бас каналды күрделі жөндеу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Бұған дейін қажетті техникалар сатып әперіп, сервистік дайындау орталықтарын құрдық. Осындай қолдау шаралары шаруашылықтарға бұдан былай да көрсетілетін болады, дейді Амандық Баталов.
Жалпы, Алматы облысында Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен ирригациялық желілерді қайта құру ісі қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесінде, былтыр өңірдегі 10 су нысаны күрделі жөндеуден өтіп, 20 мың гектарға жуық суармалы жер қалпына келтірілген. Игі іс жалғасын тауып, облыстың 16 ауданында жобаларды жүзеге асыру, 137,8 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланған. Бүгінде облыста 214 гидротехникалық құрылыс бар. Оның жетпіс бесі су қоймасы, сексен бесі тоған, жиырма бірі су қоймасының бөгеті болса, 33 су қабылдайтын су шаруашылығы нысаны екен. Ал барлық ирригациялық желілердің ұзындығы 16,5 мың шақырымды құрайды. 2015 жылдан 2019 жылға дейін 33 су нысанын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 4,7 миллиард теңге бөлінген болатын. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 19,3 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілді. Ал 2019 жылдан бастап облыста Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу аудандарындағы ирригациялық желілерді қайта құру бойынша негізгі жобалар жүзеге асырылуда.
Облыста 81,8 мың гектар ауданы бар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу мақсатында суару желілерін қайта жаңарту, қайта салу, апатты су қоймалары мен тоғандарын қалпына келтіру жоспарланған. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған инфрақұрылымдық жобалардың тізіміне үш гидротехникалық құрылыстың жобасы ұсынылды. Атап айтар болсақ, Көксу, Қаратал бөгеттері мен Панфилов ауданындағы Өсек өзені гидроқұрылымын, 2 мың гектардан астам суармалы жерді қалпына келтіруге мүмкіндік беретін Талдықорған қаласының ирригациялық желілердің құрылыс жобасына 3 мың 662 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ПУИД-2 жобасы шеңберінде 12,4 мың гектар алқапта инженерлік-дренаждық жүйені қалпына келтіру көзделуде. Бұл қатарда Балқаш ауданындағы 7 мың 481 гектарды алып жатқан Ақдала суармалы массиві мен Еңбекшіқазақ ауданындағы 5 мың гектар аумаққа созылатын Балтабай массиві бар.