Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребековтың айтуынша, қазір еліміздегі энергетикалық желілердің қуаты 23 мың мегаватты құрайды. Өкінішке қарай, оның тең жартысы әбден тозып, ескірген.
2009 жылдан бастап осы күнге дейін шамамен 4,5 мың көлемінде қуат көзі жаңғыртылды. Қалған 40%-ына инвестиция тартып, модернизациялау жұмыстарын жүргізу керек.
«Қазіргі жоспар бойынша жаңа энергия қуат мөлшері шамамен 5 400 мегаватты құрайтын болады. Оның ішінде 2 400 мегаватт жаңғырмалы энергия көздерінен, 1 600-дай мегаватт қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде алынады. Сондай-ақ 1 200 мегаваттық маневрлік қуатқа байланысты қазір аукциондар өткізіліп жатыр. Аталған жобалардың нәтижесі барлық өңірде байқалатын болады», деді М.Жүребеков.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, 2018 жылдан бастап Қазақстанда жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға байланысты ашық электронды аукциондар өткізіле бастады. Оның нәтижесі де көңіл көншітерліктей.
«Соңғы 3 жылда өткізілген аукциондар нәтижесінде күн сәулесінен алынатын энергияға байланысты тарифтер 64%-ға, ал жел мен су энергия тарифтері 23%-ға төмендеді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Неге десеңіз, бәсекелестіктің дамуы тарифтердің арзандауына әкелетінін байқатады. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктерімен осы бағытта стратегиялық ынтымақтастық орнатып жатырмыз», деді Энергетика министрінің орынбасары.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма мүшесі, инвестициялар, жекешелендіру және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанәділдің айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесе салынатын энергетикалық холдингті «Астана» халықаралық қаржы орталығы негізінде құру көзделген. Оның құрамына қазақстандық және араб компанияларының өкілдері кіреді.
«Бұл құрылым шеңберінде екі субхолдинг құрылады. Оның бірі қолданыстағы энергетикалық нысандарды жаңартуға байланысты инвестиция құяды. Екіншісі жаңғырмалы энергия көздері саласындағы жаңа жобаларды іске асыруға қатысты жұмыстармен айналысады. Энергетикалық холдингті арнайы комитет басқарады», деді спикер.
Жаңа Экологиялық кодекс пен Париж келісімінің нормаларына сәйкес елімізде ЖЭК үлесін 2025 жылға қарай ағымдағы 3%-дан 6%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Десе де министрлік өкілдері бұл белгілі бір тәуекелдерге де әкелуі мүмкін екенін жасырмайды.
«2030 жылға қарай көмір өндіру үлесін 70%-дан 40%-ға дейін төмендету – үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Бұл мақсатта тұтынушылар мен өндірушілердің басым бөлігін, оның ішінде тау-кен кәсіпорындары, сол секілді жылу электр орталықтарын газға көшіру қажет. Осы ретте мұнай және газ өндіру саласында жер қойнауын пайдалануға байланысты жетілдірілген модельдік келісімшарт әзірленіп, онда мұнай-газ өндірісіне инвестицияларды ынталандыру үшін фискалды және реттеуші преференциялардың үлкен пакеті болады. Екінші аспект – ЖЭК-ті дамыту. Бұған инвестиция тарту қажет. Бүгінде еліміздегі ЖЭК үлесі 3%-ды құрайды», вице-министр.
Араб инвесторларымен арадағы келісім электр энергетикасы, валюталық реттеу, логистика және көлік саласы сынды бағыттарда іске асырылады.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ