Қазақ боксшылары Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында ойдағыдай нәтижелер көрсетіп, жанкүйерлерді қуантуда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ширек финал жолдамасына таласқан алты боксшымыздың жеңісті жорығын 57 кило салмақтағы Серік Теміржанов бастап бергенін бұған дейін жазғанбыз. Ол үнді жігіті Рохит Морды ойқастап жүріп еркін жеңген еді. Серіктен кейін шаршы алаңға шыққан ұлттық құраманың капитаны, 67 кило салмақтағы саңлағымыз Абылайхан Жүсіпов те сенімді түрде жеңіске жетті. Ол польшалық Дамиан Дуркачты жарыс жолынан ығыстырды.
75 кило салмақтағы Нұрқанат Райыс та тамаша бокс көрсетті. Ауғанстан өрені Сулиман Асламимен қолғап түйістірген ол қарсыласын екінші раундта есеңгіретіп те алды. Қорытындысында қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті. 51 кило салмақта ел үмітін арқалаған Сәкен Бибосыновтың жұдырықтасу стилі көз сүйсінтті. Үнді оғланы Депактың екі аяғын бір етікке тыққан ол да ширек финалға шықты. 63,5 кило салмақта ел намысын қорғап жатқан егіздің сыңары Санатәлі Төлтаев украиналық Денис Песоцкийді үйіне қайтарды. 80 кило салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан Нұрбек Оралбай венгриялық Пал Ковачты жеңіп, жанкүйерлерді желпінтті. Қысқасы, әлем чемпионатының ширек финалына қалған алты боксшымыз да жолдама алды. Бұған дейін төрт боксшымыз ширек финалға шыққан болатын. Олар енді бір кездесуде жеңіске жетсе, жүлдегер атанады.