• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Қараша, 2021

Кәсіпкерлік салада өсім бар

120 рет
көрсетілді

Былтыр экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 30,5%-ға жетіп, осы саладағы өнім шығару деңгейінің жалпы көлемі 32,7 трлн теңгені құраған. Ал биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша нәсібін кәсіптен тауып жүргендердің қатары 3,4 млн адам болған.

Коронавирус дағдарысынан кейін кәсіпкерлік саласы қай­та­дан жандана бастады. Бір жыл­дың ішінде шағын және орта бизнесте өнім шығару бірден 25%-ға өскен, деп хабарлайды finprom.kz. Шығарылған өнімнің көп бөлігі шағын кәсіп­кер­лікке тиесілі. Осы салаларда жүмыспен қамтылғандар да көп.

Шағын және орта бизнес субь­ек­тілері шығарған өнім кө­лемі былтырғы қысқарту кезеңінен кейін 25,4%-ға күрт артып, 2021 жылдың қаңтар-маусым аралығында 17,5 трлн теңгені құраған. Сектордағы жылдық өсім еліміздің барлық өңірінде байқалды деуге болады. Ең төменгі өсім Павлодар облысында болса да мұндағы ШОБ-тың өнім шығару үлесі 9,8%-ды құраған. Ал ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында – 65,9%. Қазақстанның тек Маңғыстау облысының көрсеткіші ғана былтырғымен салыстырғанда 5,2%-ға төмен­де­ген.

Шағын және орта кәсіп­кер­лік субъектілері өнімі­нің жартысына жуығы Алматы (4,5 трлн теңге) және Нұр-Сұлтан қаласында (4 трлн теңге) өн­ді­рілген. Өнімдердің 70,6%-ы немесе 12,4 трлн теңге тікелей шағын бизнеске тиесілі. Орта бизнесте 19,6% немесе 3,4 трлн теңгенің өнімі шығарылған. Жеке кәсіпкерлерге – 8,3% немесе 1,4 трлн теңге, шаруа қо­жа­лықтарының үлесі – 1,5% не­месе 266,5 млрд теңге.

Барлық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің үштен екісі жеке кәсіпкерлерге тиесілі – 62,8%, шағын бизнеске – 21,1%, шаруа қожалықтарына – 15,9%, орта бизнеске – 0,2%.

Сонымен қатар салада жұ­мыс істейтіндердің 41,5%-ы – шағын бизнесте. Одан кейінгі тізім­де жеке кәсіпкерлер тұр: осы сектордағы жұмыспен қам­­­тыл­ғандардың үлесі – 39,3%, орта бизнес саласына қа­тысты компанияларда еңбек ете­тіндер – 10,3%, шаруа қожа­лық­­та­рын­да 8,9% кәсіпкер жұ­мыс істейді.

Кәсіпкерлік саланың қайта жандануына мемлекеттік қол­дау­лар да ықпал етіп отыр, дейді сарапшылар. Ұлттық эко­номика министрлігінің мәлі­метінше, биыл да шағын және орта бизнесті жеңілдікпен не­сие­­лендіру жұмыстары жал­ға­сып жатыр. Осы жылдың бірінші тоқсанында 663 млрд теңге сомасына 16 мыңнан астам жоба жеңілдетілген не­сие­мен қаржы алған. Жыл қо­ры­­тындысы бойынша 2,5 трлн теңгенің жеңілдетілген несие­сі 47 мыңнан астам жобаға беріледі деген жоспар бар.

Экономиканың зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес кредиттерін қайта қаржыландыру жұмысы да тоқтаған жоқ. 2020 жылдың 15 наурызы мен 2021 жылдың 15 наурызы аралығында 475 млрд теңге сомасына 9 мыңға жуық жобаны қайта қаржыландыру үшін субсидиялар берілген. Биыл субсидия бөлінетін салалар көбейе түскен. Кеңейтілген тізбе бойынша жыл соңына дейін субсидиялар 132 млрд теңге кредиттік порфель сомасы бойынша 2 мың жобаға төленеді.