Харуки Муракамидің «Норвегия орманы», «Токио аңыздары» секілді көптеген туындылары оқырманның санасын сан саққа жүгіртеді. Қазақ оқырмандары да Муракамиді орыс тілінде оқығаны белгілі.
Біз бүгін қаламгердің 1987 жылы жазылған «Норвегия орманы» романы және 2005 жылы жарық көрген «Токио аңыздары» әңгімелер жинағы жайлы сөз қозғамақшымыз.
Сұлулық, өмір және өлім оның кредосы іспеттес. Шығармаларындағы әрекеттер көбінесе бірінші жақта жасалады, сол арқылы кейіпкерлердің сана-сезімінің ағымы да жиі-жиі өзгерістерге ұшырап отырады. Осылайша ол прозасын шынайы жапониялық эго-роман жанрына жақындата түседі. Харуки «Токио аңыздары» кітабында кейде дәстүрлі жапон мифологиясына, қарапайым адамдардың өміріне жүгінеді. «Норвегия орманы» – Муракамидің ең танымал романдарының бірі. Автордың өзі романның өмірбаяндық сипатта екенін айтқан. Оқиға 1960 жылдары Токиода өтеді, басты кейіпкер және сырттай баяндаушы – студент Тоору Ватанабе. Автор әңгіме ішіндегі әңгіме техникасын шебер қолданады.
Көлемді романдағы кейіпкерлердің қарасы айтарлықтай көп емес. Басты кейіпкер, екі қыз, Наоко мен Мидори, бас кейіпкердің жақын достары Нагасава мен Исидо Рэйко, маңызды екінші дәрежелі кейіпкер, Наоко емделетін клиниканың пациенті. Кейіпкерлердің мұндай шектеулі шеңбері олардың әрқайсысын толығырақ ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Ватанабенің оқшаулануы мен жалғыздығына назар аударады.
Негізі романның атауы «Битлз» тобының «Норвегия ағашы» әнімен байланысты болуында бір символикалық мән бар секілді көрінеді де тұрады. Сондықтан да музыканы романның тағы бір басты кейіпкері деп санауға болатын шығар. Кейіпкерлер онымен үнемі кездесе береді: олар гитарамен ән айтады, джаз пластинкаларын тыңдайды. Біраз уақыт бедерінде Ватанабе музыка дүкенінде де жұмыс істейді. Музыка кейіпкерлердің жүрегін, жанын жылыта түседі.
Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас шығарманың негізгі сюжеттік құрылымын құрайды. Ватанабе үнемі жақын адамынан айырылады: алдымен ең жақын досы қайтыс болады, содан кейін сүйіктісі... Егер Мидори мен жалғыз балықшы болмаса, ол осы әлемде жалғыз қалатын еді. Жапон әдебиетіндегі өлім көбінесе үйлесімділіктің бұзылуымен қатар жүретіні мәлім. Бұл роман да одан алшақ кете қоймаған.
Наоко, кейіпкердің сүйіктісі, ұзақ уақыт бойы тыныштық пен үйлесімділікті жоғалтты. Оның алғашқы сүйіктісі (Ватанабенің досы), содан кейін олар өте жақын болған әпкесі өзін өзі өлімге қиды. Содан да болар, қыз қалай өмір сүрудің жолын таппады және оған ешкім стимул бере алған жоқ. Алайда дерексіз өлім оны әрдайым қызықтырды.
Шындап келгенде Наоко үшін өмір ертерек аяқталды, жақын адамдарынан айырылғаннан кейін оған өмір қажет болмады. Бірақ Ватанабе мұны тек Наокодан айырылған соң түсіне түседі. Бүкіл роман бойы оны құтқаруға, шыңыраудан шығаруға тырысады. Бірақ барлық әрекеті нәтиже бермейді...
«Норвегия ағашы» – Наоконың сүйікті әні – романның лейтмотиві. Ең басында бұл ән Ватанабенің көптеген жылдарға татитын естеліктерін оятады. «Ұшақ қонған кезде», «темекі шегуге болмайды» тақтасы сөніп қалып, аспаптық музыка динамиктерден тыныш қана төгіледі. Оркестр «Битлздің» Norwegian wood әнін орындады. Бұл әуен әдеттегідей мені таңғалдырды». Автор егер бұл әуен болмаса, Наоко мен оның жақындарының оқиғасы толық аяқталған әңгімеге айналмас еді дегенді тұспалдап жеткізеді.
«Норвегия орманы» – бұл таңдау тауқыметі, тағдыр, жан азабы және музыка туралы роман. Романдағы музыка кез келген өмірлік жағдайда бағыт-бағдар беріп, көмектеседі. Музыка тақырыбы, әсіресе джаз – Харуки Мураками шығармаларындағы басты тақырыптардың бірі. Ол автордың ертеректегі және кейінгі шығармаларында жиі кездеседі.
Ватанабе музыка дүкенінде жұмыс істегенде өзін шынымен бақытты сезінді. Ескі пластинкалардан өзінің сүйікті әртістерін тауып, тыңдаумен болады. Мураками кейінгі шығармаларында оқырманға оңай қолжетімді болудан аулақтайды. Ол көркем шығармада баяндауды барынша объективтендіруге ұмтыла бастайды. Музыка жазушының кітаптарынан алыстатылмағанымен, оқырманның назарын басқа арнаға бұру үшін екінші планда қалады.
«Токио аңыздары» жинағы бізге кештеу жетті. Орыс тілінде оқыдық. «Токио аңыздарында» айтылған әңгімелер тек іс-қимыл орнын біріктіреді.
Бұл жинақ автордың шығармашылығы тұрғысынан айрықша мәнге ие екені даусыз. Әншейінде Харуки нақты өмірдің материалын қолдануға шебер. Оның шығармаларының сюжеттері белгілі бір уақыт аралығында дамиды, оқырманға өзін оңай байланыстыратын нақты кейіпкерлерімен құнды. Мұнда автор реализмге баса назар аудармайды. Бұл жинақта бәрі басқаша.
Қалай ой өрбітсек те, бірқатар әңгімелердің мистикалық мазмұны, олардың сюжеті, «Токио аңыздары» атауы оқырманды мифологиялық шығармалар әлеміне жетелейді.
«Ханалей шығанағы» әңгімесінің кейіпкері жалғыз ұлын жоғалтады. Ол жүрек талмасынан көз жұмды. Сатиге бұл туралы хабарлағаннан кейін шошып кетеді. Ол ештеңе естімеді және сезбеді. Ұлы қайтыс болған Ханалей шығанағына барды. Әуелде қатты қиналады, бірақ оның санасы біртүрлі жұмыс істейді. Біраз уақыттан кейін кейіпкердің ұлымен ешқашан жақын болмағанын түсінеміз. Кейде Сати тіпті «ұлын қатты жақсы көрмеймін» деп ойлады. Бірақ жоғалтуды түсіну ондағы барлық сезімді ширатты. Жыл сайын шығанаққа келіп, теңізге қарап, ол ұлымен қарым-қатынасты қайта құратын сияқты сезімді бастан өткергені бар.
Сати ұлының өлімін қабылдайды. Мазасыздық, алаңдаушылық, белгілі бір әрекеттерді дұрыс түсіну оның ойын бөлді. Оқиғаның басында, учаскедегі ұлының мәйітін тану кезінде полиция қызметкері бүкіл оқиғаның негізгі сөзін айтады: «Сіз үшін бұл өте ауыр әрі ащы тәжірибе, бірақ мүмкін болса, былай ойлауға тырысыңыз: «Ұлым қандай да бір байланыстардың, оқиғалардың себебінсіз, ашу-ыза мен жек көру себептері арқылы қайтып табиғаттың өзіне оралды». Әрине, ауыр. Бірақ ойға батырады...
Мураками тәмамдалған болып көрінетін оқиғаға құпия қосады: сол шығанақтағы басқа серферлер бір аяқты жас жапондық серферді жиі көре бастайды, ол кенеттен жағажайда пайда болады, содан кейін жоғалады. Автор бұл елес пе, жоқ па оны айтпайды, тек құбылысты көрсетеді. Бұл «Ханалей шығанағының» финалын қоршап тұрған жұмбақ атмосфераны бұзады...
Автордың біраз әңгімелері бірдей принципке негізделген: драмалық оқиға, психикалық азаптарды шешуге тырысу және мистикалық құбылыс. «Аңыздарда» біз жеке детективтің шағын тергеуінің тарихымен танысамыз, автор ең алдымен өзінен үйлесімділік таба алмай тәлкекке түседі.
Харуки Муракми оқырман ойымен ойнағанды ұнатады. Оқырманын түрлі сезім иірімдеріне түсіріп, кейде алыс әрі өтірік жолмен байланыстырғысы келеді. Ол шындыққа өткір троптар арқылы жетуді көксейтіні бар. Оның кейіпкерлері әйтеуір бір келетін жарқын болашақ жолындағы шынайы сезім, сенімнен басқасының бәріне күмәнмен қарайды. Мураками – оқырман алдында шынайы жазушы. Ол барлық құпияларды ашпаса да, қорытындысында оқырманды терең ойға қалдырады. Әлбетте, қаламгер ұсынған сюжетке сену немесе сенбеу – оқырман еншісіндегі шаруа. Оның шығармаларындағы музыка драмаға құрылған мюзиклді еске түсіре береді...