Осы сауалды министрлер мен әкімдерге қойсақ, біразы: «Иә, оқыдым» деп жауап берсе, көбі басын шайқап, көзімен жер шұқып қалатын сияқты. Себебі әйгілі ертегідегі түн жамыла жұрт танымай қалатындай қарапайым киініп, Бағдат шаһарын аралап, халықтың шынайы жағдайын, шын пікірін білуді жөн көрген Һарон Рашид халифа сияқты анда-санда «аспаннан жерге түсіп», қағаз бетіндегі және іс жүзіндегі ахуалды салыстырып жүрген шенеуніктер шамалы-ау.
Бұдан жиырма жылдан астам бұрын сол кездегі Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов генералдық мундирін шешіп тастап, кәдімгі жолаушы кейпіне еніп, жеміс толы жүк автомобилімен Өзбекстан шекарасынан Алматыға дейін жасырын тексеру жорығын жасағаны жадымызда. Жолшыбай өз қарамағындағы мемлекеттік автоинспекция қызметкерлерінің парақорлығына көз жеткізген министр іле тиісті шараларды қолданғандықтан, жол бойындағы жүгенсіздік біраз уақыт саябырсыған. Алайда кейін «көн құрысса, қалпына барады» дегендей, МАИ инспекторлары ескі «әніне» қайта басқан. Мұны Қайырбек Шошанұлы сияқты құпия тексеріс жүргізген белгілі журналистер Бейсен Құранбек пен Ержан Сүлейменов жасырын камераға түсіріп, әшкерелеген болатын. Олар Алматы мен Шымкент қалалары арасында қатынайтын автобус жүргізушілерінен стационарлық бекеттерде жол полицейлерімен сыбайласқан біреулер «екі жаққа да тиімді алым» жинайтындықтан, салынбаған айыппұл есебінен мемлекет қазынасы ай сайын ондаған миллион теңгеден қағылатынын айтып, дабыл қаққан. Осындай бір реттік тексерістер жөнді нәтиже бермейтінін түсінген ІІМ басшылығы кейін күре жолдардың бойындағы сыбайлас жемқорлық ұясына айналған стационарлық бекеттердің көбін алып тастау туралы шешімге келгені мәлім.
Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзі мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына ешкімге жарияламай, жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыратын қарапайым азамат ретінде барғанында алдынан құрақ ұшып қарсы алған «көмектескіш» делдалдар шыға келгенін журналистер алдында ашық айтты. Солар арқылы емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін алуға болатынына көзін жеткізген министр енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына бақылауды күшейтуді ұйғарды. Ведомство басшысы жол қозғалысы ережелерінен хабары шамалы адамдардың көлік жүргізу құқығына ие болып, өзіне және өзге жолаушыларға үлкен қауіп туғызып отырғандығының кілтипаны жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібін бұзуда екенін анықтаған. Яғни олар үшін басқа біреулердің емтихан тапсыруына жол беріліп келген. Сондықтан министрлік алдағы уақытта жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыру кабинеттеріне биометриялық сәйкестендіру құралдарын орнатпақшы. Оған дейін Бағдат Мусин Халыққа қызмет көрсету орталықтарын құпия тексеруді жалғастыра бермекші.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің осы бастамасы қазір қоғамдағы қызу әңгімеге арқау болып, қолдау тауып отыр. Сонымен қатар жұртшылық тарапынан «Неге басқа министрлер мен әкімдер де көзбояушылықты доғарып, шынайы жағдайды біліп, тиісті ден қою шараларын қабылдамайды?» деген сауал да туындап тұр.
Шынында да, өңірлерге қызмет бабымен барған министрлер де, аудандарды аралаған облыс әкімдері де көбінесе алдын ала келісілген «сценарийлер» бойынша өздеріндей мәртебелі меймандарға көрсетуге әдейілеп дайындалған объектілерге ғана ат басын бұрып, таң-тамаша болып жүретіні жасырын емес. Осы ретте кезінде бір облыс басшысының республикалық семинар өткізуге дайындық жөніндегі жиынды қорытындылай келе: «Сіздер мұны көзбояушылық деп ойламаңыздар, бұл – біздің қолымыздан не келетінін көрсету», деп күлгені есімізге түсті. Осылайша, «жамандықты жасырып, жақсылықты асыруды» шенеуніктердің көбі әдетке айналдырған сияқты. Ал мұндай көзбояушылықты құп көрмей, қасына тіпті көмекшісін де ертпестен, жалғыз жүргізушісімен бірге шалғайдағы шаруашылықтарды аралап, көзіне түскен кемшіліктерді дереу түзеткен кейбір беделді басшылар жайлы аңызға бергісіз әңгімелер әлі күнге ел аузында жүр.