• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 04 Қараша, 2021

Хадиша театрының «Томирисі»

475 рет
көрсетілді

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ХХІХ маусымын Шахмет Құсайыновтың «Томирис» трагедиясымен ашты.

Екі жылға таяу пандемия құр­сауында болған ел әлі толық қал­пы­на келе қойған жоқ. Корона­вирустың зардабын ең алдымен мәдениет саласы тартқан еді. Көп­шілік шаралар кілт тыйылды. Көрермен залдары қаңырап қал­ды. Енді, міне, індет іргесін түріп, сәл-пәл саябырсыған сәтте ашыл­ған театр маусымына, жаңа премьераға билет іздеген жұртта есеп жоқ.

Талай ғасыр аңызға айналған тарихи оқиғалы қойылымды Қа­зақ­­стан Республикасының ең­бек сіңірген әртісі, «Құрмет» орде­нінің иегері Мұрат Ахманов сах­налады. Сонау 1993 жылы дәл осы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында әртіс, көркемдік жетекші болып қызмет етіп, режиссер ретінде де алғашқы жүлдесі – 1998 жылы Тараз қала­сында өткен республикалық театр­лар фестивалінің бас жүлдесін оралдық театр сапында алған Мұрат Ноянбайұлы жергілікті ұжыммен жақсы жұмыс істепті. Көптен бері «тірі көрерменді» көр­меген әртістердің сахнаға са­ғы­­нышы да бар, театр жаңа бас­шы­­лығының жаңа маусымға тың­ғылықты дайындығы да байқалды. Тіпті ортаңқол сценарийдің өзін сахналық тың шешім, ерекше сим­волдар арқылы құлпыртып жібе­руге шебер Мұрат Ахманов бая­ғы бабында екен. Түрлі көрініс­ке түр­ленген тақ, алуан формалы, алуан таңбалы қалқандар, тіп­ті бір адам­ның өзі теріс айналса аруақ­қа айналған трансформация – осы­ның бәрі тез алмасып, қым-қуыт қиюласып, қойылымның динамикасын ширықтырып ұс­тап отырады екен. Бұл жерде «Өнер сала­сының үздігі» төсбел­гі­сінің иегері, суретші Мұрат Мәмбетовтің де еңбегін ерекше айтып өткен жөн.

Бұл қойылым – театр ұжымы­ның Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына арналған тартуы екен. Шынында да елі мен жерін сүйген, жауына қатал, досына адал сақ патшайымы Томиристің ұлы парсы патшасы Кирге қарсы күресі, Отанның тәуелсіздігін отбасынан – жалғыз ұлынан да, күйеуінен де жоғары қойған патриоттығы – қойылымның басты айтар ойы екені рас. Осы ойды, осы кредоны бүкіл ұжым әдемі алып шық­ты. Карантин талабына қарай кө­рермен залының жартысын ғана толтырған халық сахнада жанын салып ойнаған өнерпаздарға шын риза болды. Томирис рөлінде – Мәдениет саласының үздігі Хор­лан Шәмелова, оның ері, жал­ғыз ұлының әкесі Балхаш – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қуаныш Амандықов, ұлы Спаргапис – жас әртіс Ақжол Ихсан, Кир патша – «Құрмет белгісі» төсбелгісінің иегері Та­ли­ғат Жігеров, Елес-Мәдениет сала­сының үздігі Эльмира Ма­қаше­ва... Томириспен бақталас болса да Балхашты құшағына тартып, «Ұлыңды қалдырып кет!» дейтін қайсар патшайым Амага – «Құрмет белгісі» төсбелгісінің иегері Жұлдыз Мәмедова, Кир­дің көлеңкесінде жүрсе де көз­ге түспей қоймайтын Мард (Ра­йым­бек Ермек), адуынды Ар­да­­шир (Мәдениет саласының үз­дігі Мұсағали Бектенов) және бас­қалары үш сағатқа жуық уақыт бойы көрерменді тырп еткізбей ұстап отырды.

«Томирис туралы сонау Ге­ро­доттан бастап бүгінге де­йін жаз­ғандар аз емес. Өзім Құр­ман­­бек Жандарбеков пен Ша­ра Жиенқұлованың талантты ұлы Болат Жандарбековтің 1980-жыл­дардың аяғында орыс тілін­де шыққан «Томирис» шығар­масын оқыдым. Ал Шахмет Құсайыновтың бұл шығармасы Әуезов театрында бұдан бірнеше жыл бұрын қойылғанын, одан соң көп сахналанбағанын естідік. Мазмұны терең, эпикалық шы­ғарма деуге де келетін тарихи оқи­ғаның жүгі ауыр. Қойылымның өн бойына өріліп отырған шым-шытырық оқиғалар бірнеше тар­тысты (ана мен ұл, әке мен ұл арасында, патшалар арасында, жауынгерлер мен көсемдер, т.б.) қатар құрағанымен, компози­циялық тұтастық арқылы басты идеяны шашыратпай алып шық­ты. Ак­терлеріміз керемет бабында екен, мінезді рөлдерді жан сала ойнады. Режиссер Ахманов мизансценаның шебері екенін мойындадым. Кейбір қойылымда көп сөзбен түсіндіріліп жататын нәрселер бүгін астарлы эпи­зод, пластикалық көрініс ар­қылы анық бейнеленді», дейді пре­мье­раның көрермені, белгілі педагог Светлана Бақышева.

Айтпақшы, жаңа маусым­ның ашылуымен бірге, дәл осы премьера күндері осы театрдың актері, режиссер Самал Әбуовтің жаңа кітабы таныстырылды. Бұ­ған дейін «Театр. Тарих. Тағы­лым» ат­ты жинағы шыққан автор бұл жолы «Алтын керегелі, айна те­ре­зелі театр» атты кіта­бын оқыр­­ман қауымға ұсынған екен. Орал қаласында тәуелсіздік таңы­мен бірге ашылған театр ту­ралы естеліктер, режиссер мен ак­терлер шығармашылығы жа­йында жазылған дүниелер, сұх­баттар, мақалалар мен аудармалар өңірдегі театр өмірінен мол мағ­лұмат береді. Орал театры күн­делікті қызу тірлікпен қоса, сол оқиғалардың жылнамасын да қа­тар қаттап жатқаны қолдауға тұратын үрдіс.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­ды­ғына тарту ретінде осы қойы­лымды ұсынған барлық өнер ұжы­мына – режиссерге, әртіс­терге алғысымды білдіремін. Біз бір жылдан астам уақыт ішінде театрымызды қатты сағындық. Жақында ғана біздің облысымыз індетті еңсеріп, «жасыл аймаққа» өтті. Бүгін керемет мәдени демалыс болды. Бүгінгі қойылым қазақ тарихында тәуелсіздік үшін күрес әлмисақтан келе жатқанын, ұлттың ұл-қыздары Отанын қасық қаны қалған­ша қорғайтынын, бірлік пен ынтымақ болған кезде қазақ да­ласы әрдайым тәуелсіз болатынын көрсетті. Ендеше, тату­лы­ғымызға сызат түспесін!», деді өз сөзінде премьераға арнайы кел­­­ген Батыс Қазақстан облысы әкі­­мінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Орал қаласында жақында ғана «Атамекен» атты жаңа өнер ордасы ашылғанын хабарлаған едік. Пандемия кезінде жұмысы біраз тоқырап қалған өңірдің мәдениет саласы толыққанды жұмыс ырға­ғына көшіп, өнерсүйер көрерменді жиі қуанта бастады.