Қазақстанда жоғары оқу орындарының 19 диссертациялық кеңесі белгіленген талаптардың сақталмауына байланысты өз қызметін тоқтатты. Қазіргі уақытта университеттерде тағы 13 диссовет жабылу алдында тұр, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы жылдың қыркүйек айында ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті диссертациялық кеңестердің жұмысына осы жылдың наурыз айында бекітілген жаңа формат бойынша талдау жүргізді.
Тексеру барысында кейбір жоғары оқу орындарының диссертациялық кеңестері жұмысты ұйымдастыру кезінде бұзушылықтарға жол беретіні анықталды.
«Кеңестерде қалыптастырылған докторантураның жеке білім беру бағдарламаларының аккредиттелуі жоқ. Бірқатар университеттерде кеңестің тұрақты құрамы бекітілмеген, кеңес құрамында уақытша мүшелердің 50%-ы болуы жөніндегі талап сақталмайды. Бірқатар диссоветтерде ресми рецензенттердің, диссовет мүшелерінің ғылыми жұмысты бағалауы формалды сипатқа ие. Одан бөлек, жұмыс мазмұнына толық талдау жасалмайды», деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айында диссертациялық кеңестердің жұмыс істеуі бойынша жаңа талаптар заңнамалық түрде бекітілген болатын. Олардың арасында диссертацияның тақырыбы бойынша маман болып табылатын уақытша мүшелердің, рецензенттердің дауыс беруге қатысуы және олар үшін шектеулер туралы ережелер бар. Сондай-ақ қорғау нәтижелері бойынша кеңестерге диссертациялық жұмысты пысықтауға немесе қайта қорғауға жіберу туралы шешім қабылдауға мүмкіндік берілді.