Аса ауыр салмақта сынға түсіп жүрген қазақстандық боксшы Жан Кособуцкийдің келесі жекпе-жектегі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Германиялық БАҚ-тың хабарлауынша, аса ауыр салмақтағы қазақ оғланы 20 қараша күні шаршы алаңға оралады екен. «Алыптардың оралуы» деп аталатын бокс кешінде рингке көтерілетін Жан Доминикан Республикасының намысын қорғап жүрген Алексис Гарсиямен қолғап түйістіреді.
Жанның өзі секілді бұл жолғы қарсыласы да әзірге жеңілістің дәмін татпаған. Гарсия кәсіпқой рингте 11 кездесу өткізіп, қарсыластарының барлығынан айласын асырған. 7 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған. Ал Жан болса 16 шайқаста мысы басым болып, 15 кездесуді уақытынан бұрын бітірген.