Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанынан комиссия құрылып, іске кіріскен болатын. Бұл орайда еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан архивтерді мүмкіндігінше қайта қарап, ақталмаған азаматтар бойынша бірқатар жұмыс ұйымдастырылып, осы үдеріске барынша ғылым саласындағы қызметкерлерді тарту, жазықсыз жандардың ұрпақтары алдында, мемлекеттік деңгейде ақталу жұмыстарын жандандыру маңызды.
ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде колхоз болып ұйымдасқан қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты ауыл тұрғындары репресссияға ұшыраған. НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) ісінің №150 революцияға қарсы ұйым мүшесі деп айып тағылған ауыл тұрғыны Бекбай Баймұратов 1896 жылы Өзбек КСР-інің Нарын ауданының Пайтокси қышлағында өмірге келген. Тұтқындалған кезде Түлкібас ауданының Сарыбұлақ ауылдық кеңесінің Октябрь колхозында қатардағы колхозшы болған. «Тұтқынның анкетасы» деп аталатын құжаттағы мәлімет бойынша оның әкесі арбакеш болып, саудамен айналысқан. Шаруашылығында 20-25 қой, 2 түйесі болған. Осындай шаруашылығы бар Бекбайдың тұтқындалған жылы 28 жастағы жұбайы – Жұбаш және төрт баласы болған екен. Бекбай Баймұратов коммунистік партия қатарында болмаған. Түлкібас ауданы Ванновка селосындағы НКВД бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік лейтенанты Шестериковтің 15.10.1937 жылы берген «тұтқындау анықтамасы» бойынша ол революцияға қарсы ұлтшылдар тобында болғанына байланысты партияға кіру алдында кандидаттығынан шығарылып тасталған және колхозшылармен болған жанжал үшін 1937 жылы 1 жылға еңбекпен түзеу жазасы кесіліп, сотталған. Шестериковтің анықтамалық көрсетуі бойынша Бекбай Баймұратов колхоз жұмысына барынша кедергі келтірген деп айыпталған. Сондықтан оған РСФСР-дың қылмыстық кодексінің 58-ІІ бабы бойынша айып тағылу сұралған және сол 1937 жылдың 15 қазанында тұтқындалған. Осы жоғарыда көрсетілген айыптар бойынша НКВД-ның 1937 жылғы 4 қарашада Ванновка елді мекенінде өткізген жиналысында 58-ІІ, 58-7-баптары бойынша жаза қолдану туралы қаулы қабылданған.
«Айыптау қорытындысы» атты құжатта Бекбай Баймұратовқа Түлкібас ауданының НКВД таққан айыптарды талдап көрер болсақ, ол құжатта облыстың жер аумағында мақсаты Кеңес өкіметін құлату, Қазақстанды КСРО құрамынан қарулы күрес арқылы бөліп алып шығу және ол жерде «қазақ буржуазиялық мемлекетін» құру болып табылған республикадағы «ұлтшыл, террористік-көтерілісшіл және шпиондық-диверсиялық» ұйымның ашылмай қалған бөлімшесі – «контрреволюциялық ұлтшылдар ұйымының» әшкере болғандығы көрсетілген. Бір мүшесі Бекбай Баймұратов болып табылған осы «контрреволюциялық ұлтшылдар ұйымы» Түлкібас ауданы өңірінің ауылшаруашылық саласында шпиондық-диверсиялық жұмыс жүргізген деп қарастырылып отырылған кезең үшін өте-мөте ауыр айып тағылған. Айыптаулардың шынайы, жалған емес екендігін құжат бетінде дәлелдеу мақсатында «Айыптау қорытындысы» деп аталған құжатқа «контрреволюциялық топ» мүшелерінің барлығының «қылмысты мойындауы туралы берген түсініктері» біршама толық беруге тырысқандықтары, өздерінің қанқұйлы істерін шындыққа жанасымды сияқты сөздермен, құжаттармен негіздеуге ұмтылыстары байқалады. Мысалы, Өтепбергенов деген азамат өзінің «контрреволюциялық топ құрамына 1936 жылы кіріп, колхоздағы байлардың аман-есен қалуы үшін жұмыс істей бастағаны, осы үшін Баймұратовпен бірге бөгде «элемент» – саудагер Джугашевке айналыс жасап, пайда табуы үшін 1000 рубль бергендіктерін, «Октябрь» колхозының бастығы бола тұра Баймұратов колхоз малын сақтауға көңіл бөлмей, мал басының тең жартысын жұқпалы аурумен ауыртқандығын» көрсетсе, айыпталушы Бекбай Баймұратовтың өзі кәмпескеге түскен қайын атасын жасырғандығын, 173 гектар жердегі мақталықтың 16-18 гектарын қуратып тастағандығын мойындайды. Ал Жұбай Айтбаев деген айыпталушы болса, өзі берген куәлігінде «Октябрь» колхозының халқы арасында кеңестік құрылысқа қарсы наразылықты күшейту үшін колхозшылардан 5-25 рубль аралығында ақша жинағандығын, сөйтіп ол ақшаны өзі иемденіп кеткендігін, 1931 жылы колхозға жинаған малды талан-тараж еткендігін көрсетеді.
Осылайша, жалған айыптаулардың негізінде Бекбай Баймұратов ату жазасын, ал контрреволюциялық топтың мүшелері деп осы бір іс бойынша айыпталған Ізтілеу Ермеков, Утеш Сейдалиев, Жұбай Сейдалиев, Барамбай Ешанов, Әбілдабек Өтебергенов, Жорабай Әлімбетов деген азаматтардың әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын арқалап кете барған. Ал 1937 жылдың 29 қарашасында НКВД лейтананты Борисов басқарған «үштік» тарапынан Бекбай Баймұратовқа шығарылған ату жазасы орындалып, ол туралы арнайы «Акт» жасалған.
Айыптаудың жалғандығын №150 іс бойынша істі болған ауыл кедейлері, партия мүшелері, партия нұсқаушылары «үштіктің» шешіміне бірнеше рет берген «Қарсылық хаттарынан» көруімізге де болады.
Еңбек, соғыс ардагері, Түлкібас ауданының құрметті азаматы, зейнеткер Тұрар Ыбырайұлының 2002 жылдың тамызында жазып берген естелік әңгімесі де осы жағдаятқа сәуле түсіреді. Тұрар Ыбырайұлы Бекбай Баймұратұлының Сарыбұлақ ауылы Октябрь колхозы болмай тұрып, Ақжар селосын ұйымдастырып, алғашында өзі сатушы, кейіннен «сельпо» бастығы болып істегендігін, сол уақыттағы талапқа сай селоға лайықты жолдар салдырғанын, тауарларды ауданнан, Шымкент қаласынан, Қарабұлақ селосынан ат, өгізарба, түйелермен тасығандығын, көрші елді мекендерден дүкендер аштырғандығын айта келіп, Амансай, Талап, Жаңатұрмыс, Түйетас елді мекендерін азық-түлік, қант, шай, тұзбен қамтамасыз еткізгендігін мысалға келтіреді. Ақсақалдың айтуына қарағанда, Бекбай Баймұратұлы жаңадан ұйымдасқан «Октябрь» колхозының бастығы Нақышбек Сүгірбековке колхоз ұйымдастыру кезінде кездескен кедергілерді жоюға көптеген жәрдемін тигізген. Ал 1935 жылдың басында осы колхозға төраға бастығы кезінде колхоздың шаруашылық-экономикалық жағдайын түзеу үшін елді мекеннен мектеп, ауылдық совет, медпункт ашқан. Сарыбұлақ ауылында Қаратау сілемдеріндегі көл-бұлақтардың суы «Октябрь», «Қызыларық» колхоздарының 500-600 гектар жерлерін суландыруға келетін, кейіннен біртіндеп азайғаннан кейін өзен бойларындағы көл, бұлақтарды бөгетіп, Ақжар, Қарабастау, Бектұрмас, Жауғаш арықтарын қаздырып өзен бойларын суландырған. Бірнеше рет мақта, дақыл ектіріп, әр гектардан 15-20 центнер мақта алуға қол жеткізген. Судың кемуіне байланысты пайдаланылмай тек орны қалған каналдың «Бекбай салдырған» канал деп аталуы да сол азаматтың еңбегін білдіретінін айтады. Ақсақал мақаламыздың зерттеу нысаны болып отырған Бекбай Баймұратов есімді азаматтың халыққа сіңірген еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жеткенін жылылықпен әңгімелейді. «Біздің Сарыбұлақ ауылында туып, басқа шаруашылықтарда жұмыс істеген ағалар мен әкелерді еске алмай кету, кешірілмес күнә болар еді. Сондықтан аздап мағлұмат бере кетейін: Шертай Әлімбеков болыс болған, Жұмабек Кетаубаев мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқарған, Манкент селосында Абай мектебін салдырған. Одан кейін Балықшы селосынан Балықшы мектебін салдырған. Жұмабек Қыстаубаев оқу бөлімінің бастығы, орталық партия ұйымында нұсқаушы, бөлім бастығы, трамвай пресс бастығы, түсті металлургия орынбасары болып істеген. Ізтілеу Ермеков Антоновка балалар үйі мен Балықшыда ұстаздық етті. Ал Өтеш Сейдуалиев мұғалім, райкомда нұсқаушы болды. Жұбан Сейдуалиев – колхозшы, партия ұйымының хатшысы. Әбілдабек Өтепбергенов – есепші. Кәрімбек Сәдібеков – мұғалім, мектеп директоры. Боранбай Есжанов – қоймашы. Жорабай Әлімбеков – Чапаев ауылындағы колхоздың төрағасы. Бекбай Баймұратов колхоз бастығы болды. Осы азаматтар «халық жауы» деп, 37-38-ші жылдарда ұсталды. Тек Жұмабек Қыстаубаев 8 айдан кейін ақталып, бұрынғы Алматы қаласындағы жұмысына орналасып, 1941-1945 жылдары соғысқа қатысып, 1946 жылы оралды. Ал Жұмабек Қыстаубаев, Ізтілеу Ермеков, Боранбай Есжанов, Әбілдабек Өтепбергенов, Кәрібек Шәнтікерімов кесілген үкімдерін өтеп, елге келіп, 1986 жылдары бақилық болды. Қалған бес кісі сол жақта дүниеден өтті. Бұлардың барлығы да 1955-1960 жылдары ақталды. Ал біздер осы ағалар мен әкелердің істеген жұмысын көзбен көріп, қолмен ұстамасақ та, алдыңғы буынның айтқан әңгімелерінен алған әсерлерді қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізгенімізге қуанамыз», дейді естелік жазып қалдырған Тұрар Ыбырайұлы.
Естелік берушінің сөздерін 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық соты президиумының осы мақалада аты-жөндері көрсетілген айыпталушыларды ақтау, 1937 жылғы 28 қарашада кесілген үкімдердің күшін жоққа шығару туралы қаулысының мазмұны да растап береді. Қазақ халқының билікке қарсыласпай, оның саясатына көніп, қоғамның сол жылдағы заңдармен өмір сүріп жатқаны, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетсе де өзінің шағын шаруасымен жан баққаны белгілі еді. Кішкене ауылдағы азаматтардың тағдыры, бүкіл елдің орнына келмес тұлғадан айырылғаны – жанға батарлық жағдай. Өз жерінде малын жайып, азын аулақ жер телімінде егін егіп жүрген қарапайым халықтың Кеңес өкіметіне қарсы «идеологиялық қөзқарастармен» халық арасында «контрреволюциялық ұғымдарды» таратып жүр деп айыпталғаны да өте ауыр жағдаят еді. «Халық жауы» аталған азаматтардың ұрпағына жылдар бойы келген психологиялық қысым, ұрпақтарын да жою жұмыстары өшпес ізін қалдырды. Ал халқына адал қызмет етіп, өткен ғасырдың 30-шы жылдары ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік жұмыстарымен айналысып, елін дамытуға, туған-туыстарының тұрмысын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсаған ауылдық азаматтардың таза және адал ісі мен сөзі ақталып, қазақ тарихында мәңгі қалуға тиіс.
Гүлнар ЖАНЫСБЕКОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ
«Рухани жаңғыру және Қазақстан халқы Ассамблеясы»
орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент