Компанияларға салық төлеуден жалтаруға көмектесіп келген Павлодар қаласының тұрғыны мемлекетке 500 млн теңге шығын келтірілген, деп жазады Egemen.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
«Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің барлық өңірлерінде қаражатты қылмыстық жолмен қолма-қол ақшаға айналдыру деректерінің жолын кесуде.
Агенттіктің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті жалған шот-фактураларды жазып беру дерегі бойынша Павлодар қаласының тұрғыны О.Щипилоға қатысты қылмыстық істі аяқтады.
О.Щипило бұрын сотталған А. Колесниковпен алдын ала сөз байласу арқылы үш жыл бойы жосықсыз компанияларға салық төлеуден жалтаруға көмек көрсеткен.
Заңға қайшы схемаға ол өз бақылауындағы 3 жалған фирманы қатыстырған: «Призма Плюс», «Конэктгрупп» және «Солмир» ЖШС», делінген таратылған хабарламада.
Осылайша мемлекетке төленбеген салықтар түрінде 500 млн теңгеден астам сомаға залал келтірілген. О.Щипола 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.