Шығыс Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша өңірлік штабтардың отырыстары үнемі өткізіліп тұрады. Алайда, ағымдағы жылдың басынан бері облыста тауарларға баға индексі орташа республикалық көрсеткіштен 0,4 пайызға жоғары, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, облыс орталығында жыл басынан бері сәбіз, картоп, қырыққабат, пияз, күнбағыс майы, тауық еті, қарақұмық жармасы, қант бағасы қымбаттаған.
Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ольга Григорьева атап өткендей, өңірде баға мониторингі жүргізіліп, оларды тұрақтандыру бойынша түрлі шаралар қабылдануда. Ұн, қант, жұмыртқа, көкөніс бағаларын тұрақтандыру үшін «айналым схемасы» шеңберінде «Крупнофф» ЖШС, «Агрофирма «Приречное» ЖШС, «Semey Qus» ЖШС компанияларына қарыз берілді. Олардың өнімдері «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сауда павильондарында Өскемен және Семей қалаларында тіркелген бағалар бойынша сатылады. «Ертіс» ӘКК арқылы қосымша 3 мың тонна картоп, 400 тонна сәбіз және өзге өнімдер өткеріледі.
«2 700 көтерме сатушымен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және сауда объектілерімен ең төменгі жеті пайыздық сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдар жасалды. Ал 1 сұрыпты ұн, нан, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы бағасын тұрақтандыру үшін облыс әкімдігі мен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы арасында 20 мың тонна бидай астығын, 9 мың тонна күнбағыс тұқымын, 6 мың тонна қарақұмық тапсыру бойынша меморандум жасалды», деп атап өтті Ольга Григорьева.
Жалпы, Шығыс Қазақстан бойынша 44 әлеуметтік дүкен және 465 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді, онда негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары ең төменгі сауда үстемесін қолдана отырып сатылады.
Өңір кәсіпкерлерімен сатып алу бағасының 15 пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін сақтау бөлігінде заңнама нормаларын түсіндіру бойынша жұмыс жүргізілуде.