Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің оқушысы Дарья Петина малдың жаппай қырылу жағдайына байланысты өз шешімін ұсынды. Оқушы хлорелла балдырларынан құрғақ жемшөп қоспасын дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Хлорелла - тірі организмдердің толық өсуіне қажетті фолий қышқылы, кальций, фосфор, кобальт, магний, мырыш сияқты органикалық және бейорганикалық заттардың кең спектріне ие балдырлар өкілі.
NIS оқушылары арасында өткен ғылыми жобалардың желілік байқауында Дарья хлорелланы өсірудің неғұрлым тиімді әдісін анықтау мақсатындағы жұмысын ұсынды. Ол үшін оқушы хлорелланы төрт бөлек бес литрлік ыдыста түрлі жағдайдарда өсіріп көрген.
«Хлорелла өсірудің ең жылдам және тиімді әдісін табу және оны азыққа қолдану - өзекті мәселе. Хлорелла суспензиясы әрі жоғары калориялы азық қоспасы, әрі қолжетімді. Кез келген фермер хлорелланы салыстырмалы түрде төмен бағамен өсіріп, оны тыңайтқыш ретінде қолдана алады», деді жас ғалым.
Айта кетейік, 2021 жылдың көктем-жазы Маңғыстау және Қызылорда облыстарының шаруалары үшін оңай тиген жоқ. Көктемгі жауын-шашынның аздығы мен азық тапшылығынан өңірлердегі мал шаруашылығы саласы зардап шекті. Бұдан бөлек, елдің шығыс, батыс және солтүстік бөліктерінде малдың жаппай қырылуының жекелеген жағдайлары тіркелген болатын.