Нұр-Сұлтан қаласында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған NewАрт фестивалі өтті.
Жобаның мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға инклюзивті шығармашылық кеңістік құру және олардың шығармашылық әлеуетін ашу. Сондай-ақ таланттарын дамытуға әрі инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмірге дайындауға ықпал ету.
Аталған февтиваль 3 күнге созылды. Алдымен елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі Бәйтерек монументінде ерекше білім беруді қажет ететін 40-қа жуық балаға арналған сурет және қолөнер көрмесі ашылды. Одан кейін іс-шара Оқушылар сарайында «Өзіңді жырлаймыз, туған ел» атты музыкалық-поэтикалық марафонмен жалғасты. Сонымен қатар фестиваль шеңберінде Tumar сәндік-қолданбалы өнер орталығында балаларды сәндік-қолданбалы және қолөнерге оқыту шеберлік сағаттары өтті.
Фестивальға Ақмола облысы, Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан қаласынан 70-тен астам балдырған қатысты. Оған қоса Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, суретші-дизайнерлер мен өнертанушы, қолөнершілер балаларды қолдауға келді.
Фестивальдың жабылу салтанаты Red Bus туристік автобусымен Нұр-Сұлтан қаласына экскурсия жүргізумен және Бәйтерек монументінде естелік суреттерге түсумен аяқталды.