• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қараша, 2021

Көпбалалы аналарды қолөнерге баулыды

272 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында қолөнер саласындағы ауқымды еңбек дағдыларын үйретуге бағытталған Қазақстан әйелдеріне арналған онлайн форматта семинар өтті.

Бұл игілікті іске мұрындық болған Мәдениет және спорт министрлігі Мәде­ниет комитеті мен «Қазақстан жастарының конвенті» жеке қоры. Жоба­ның мақсаты – қолөнер саласындағы ауқымды еңбек дағдыларын үйрету арқылы Қазақстандағы әйелдердің экономикалық және кәсіби мәртебесін көтеру.

Семинар онлайн форматта 4 күнге созылды. Жоба шеңберінде қолөнер­шілердің тұрақты еңбек дағдыларын алуы, кәсіпқойлықты арттыру, көш­басшы әйелдерді анықтау, іскерлік байланыстарды кеңейтуге жәрдемдесу, дайындалған қолөнер бұйымдарын жергілікті және халықаралық нарықтарда одан әрі ілге­рілету көзделді.

Семинар сабақтарда дайындалатын қолөнер бұйымдары бөлшектерінің түрлері және жасау техникаларының әдістері кеңінен түсіндіріліп, толықтай ақпарат берілді. Атап айтқанда, «шым ши», «кептіру», «жұмсақ кескіндеме», «плас­­тикалық құрақ» техникалары арқылы бұйым жасау істері қыз-келіншектерді қатты қызықтырды. Қатысушылар кәде­­сый, мойынға тағатын алқа­лар, әдемі танамоншақ, сәнді түй­реуіш,  жұмсақ кескіндемеден картиналар, заманауи трендтерден шоппер және эко сөмкелер жасауды толықтай меңгерді.

Жалпы, онлайн семинарға республика­мыздың 15 өңірінен 150-ден астам көп­балалы ана, жұмыссыз әйел, суретші-дизайнер, дизайнер, сәндік-қолданбалы өнертанушы және қолөнерші қатысты.

Жобаны іске асыруға Қазақстан Сурет­шілер одағының мүшесі, қолданбалы өнер шебері Әлия Қаныбекова, суретші-дизайнер Гүлмарал Тәтібаева, дизайнер  Наталья Лигай, өнертанушы Наталия Ба­же­нова бастаған бірнеше өнертанушы атсалысты.

Семинар соңында барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды.