Ел ішінде екі қолға бір күрек таба алмайсың деген еңсе көтертпейтін, запырандай ащы, сай сүйегіңді сырқырататын сарнаған сары уайым жиі айтылады. Байыптап қарасаңыз, жұмыс табылмайды емес, табылады. Керісінше, қазір жұмыс берушілер жұмыс істейтін адам таба алмай пұшайман болып отыр.
Табиғаты тамылжыған, топырағы құнарлы, нулы, сулы, әсірелеп айтқанда, жетек шаншысаң, арба өсіп шығады дейтіндей өңірдегі бір кезде сүттей ұйып отырған шоқ жұлдыздай шағын ауылдардың іргесі неге сөгілуде? Әрине, жол қатынасы, ауыз су мәселесі ішінара кездесіп жататыны бар. Біздіңше, ең басты себеп – халықтың жұмыстан қол үзіп қалуы. Бір кездегі әдемі еңбек дәстүрінің тіні сөгіліп, қожырағаннан кейін ілгері басқан қадам кері кетіп тұр.
– Егер жұмыс күші жеткілікті болса, зауыт өнімін екі есе көбейтуге мүмкіндік бар. Қолбайлау болып тұрғаны – жұмыс күшінің жетімсіздігі. Әйтпесе, қазір біздің өнімімізге сұраныс та көп қой. Зауыттың жұмысшыларына төрт мезгіл тегін тамақ береміз, төңіректегі ауылдардан қатынап істейтіндерді әр күн сайын 10 литр бензинмен қамтамасыз етеміз. Жалақы қаншалықты жұмыс істейтіндеріне байланысты, орташа есеппен 200 мың теңгеден айналады. Бүгінгі таңда 2,5 мыңға жуық адам тұратын елді мекеннен кішкентай зауытта жұмыс істейтін 60 адам таба алмай, жігеріміз құм болып отыр, – дейді Бозайғыр ауылындағы кірпіш зауытының директоры Шатлык Иминов.
Зауыт директорының айтуына қарағанда, уақытша істейтін адамдар еңбекақысын күн сайын талап етеді екен. Мәселен, таңертеңнен кешке дейін жұмыс істесе, бірден есеп айырысу керек. Қолына ақша тигендер келесі күні келмей қалуы әбден мүмкін. Ал ауылдық жерде 200 мың теңге таза табыс тапса, тәп-тәуір нәпақа емес пе? Күніне төрт мезгіл тамақ ішсе, көлігіне бензинін құйып алса, одан өзге қандай жақсылық тілейсің. Ауылда адам жоқ дейтіндей де емес, қол қусырып қарап отырғандар жетіп артылады. Енді осы көріністі ақыл таразысына салып қалай бағалауға болар еді?!
– Қазір мемлекет тарапынан ауылға көп көңіл бөлінуде. Ауыл тұрғындары «Сыбаға», «Алтын асық» тәрізді бағдарламалары арқылы несие алып, төрт түлік малды көбейтуге, жеке кәсіптерін ашуға, оң жамбасына келетін мамандықты игеруге әбден болады ғой. Оңай жұмыс емес, бірақ қол қусырып қарап отырған адамға игілік үйіріле ме? Кейбіреулер мемлекет тарапынан берілетін әрқилы жәрдемақыға иек сүйеп алған. Әрине, көмектің көрсетілгені дұрыс. Дегенмен ертеңін ойлаған адам тырбанып тіршілік етер еді. Он екі мүшесі сау адамдардың саусағын қимылдатпай отыруы жақсылық емес. Қашанғы «алма піс, аузыма түс» деп жамбастап жата беруге болады. Егер денсаулығында кінәрат болса бір сәрі... Біз осы замандастарымызды масылдыққа тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба? Алдыңғы буынның әрекетсіздігін көрген кейінгі жас кімнен өнеге алмақ? – дейді еңбек ардагері Айдар Құспанов.
Осындай келеңсіз көріністің бірін Жақсы ауданынан жолықтырдық. Ауылда тұрған соң жалғыз егін шаруашылығымен ғана емес, мал шаруашылығымен де айналысқанды құп көретін шаруашылық басшылары баршылық. Мұндай ықыластың тиімді жағы өте көп. Қос саланы қатар алып жүрсе, ауыл адамдарына қысы-жазы жұмыс болар еді. Жастардың механизатор мамандығын меңгеруден ат-тонын ала қашудың бір себебі осында. Айталық, қандай білікті механизатор болсаң да, көктемгі егіс, күзгі орақ кезінде ғана жұмыс істеп, табыс табасың. Қалған уақытта жұмыс таба алмай бос отырғандықтан, ауылшаруашылығы үшін осы мамандықтың қадірі қашып тұр. Ал «Виктор» шаруа қожалығының басшысы Вадим Витт сауыншы таба алмай сергелдеңге түсуде.
– Бағымдағы жергілікті тұқымды қара малды түгел сатып жібердім, – дейді шаруашылық басшысы, – асыл тұқымды мал ұтымды. Өзім егін шаруашылығымен айналысқандықтан, мал азығын молынан қамдап алуға толық мүмкіндігім бар. Бірақ малшы мен сауыншы табылмай, жігерімді құм қылып тұр. Мен сауыншы табылса, айына 120 мың теңге еңбекақы төлер едім. Сауыншы таңертең, түсте, кешке төрт жарым-ақ сағат жұмыс істейді, түскі асы тегін, сиырлар аппаратпен сауылады. Бірақ соның өзінде де белсеніп шығатын адам жоқ. Бір түсініксізі, осы ауылда тұратын кейбір отбасылар менен қаймақ, ірімшік, сүт сатып алады.
Ұшы-қиырына көз жетпейтін шабындығы мол, жайылымы жеткілікті Жақсының жалпақ даласында тұрып мал бақпайтын ауыл тұрғындарының тіршілігі ешбір қисынға келмейтіні даусыз. Жалпақ жұртты жалқаулық меңдеп кетті десек, ащылау. Әлде отбасын асырап, қаршадай балаларын қатардан қалдырмай жетілдірудің жауапкершілігі жоғалғаны ма?!
– Жалпақ жұртты еңбекке жұмылдыру өте өткір мәселе екені белгілі, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев. – Кешегі Кеңес заманында елдің болашағына қатысты осы іске айрықша мән берілетін. Көкшетау аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезімде ауданның еңбек озаттарын білім ошақтарына апарып, жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізетін едік. Еңбек озаттарының тағылымды әңгімесін тыңдаған жас толқын кім ақ адал еңбек етсе, жүзі жарқын болатынын, ел құрметіне бөленетінін саналарына құйып алатын. Қарапайым еңбек адамдарына да өлшеусіз құрмет көрсетілді. Олардың еңбектен тотыққан, күн сүйген бейнелері құрмет тақталарында тұрды, баспасөзде үзбей насихатталды, кеуделеріне орден-медаль тақты. Сол кезде Қоныспай ауылының тұрғыны Үміт Әбілова екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, дән аялаған Социалистік Еңбек Ері Сартай Жұмағалиевтің атақ-даңқы жер жарып тұрды. Мұндай мысалдар өте көп-ақ. Мектеп оқушыларының көркемөнерпаздар үйірмелері науқандық жұмыс кезінде мал базарында, қызыл қырманда, жұмыс қайнап жатқан егістік алқаптарда ағалары мен апаларының алдында өнер көрсетіп, еңбек тынысымен танысуға мүмкіндік алатын. Бұл да – тәрбиенің бір саласы. Бүгінгі таңда еңбек адамдарын құрметтеу кемшін. Мәселенің түп-төркінін бәлкім осы жерден іздеуіміз керек шығар. Ел еңсесін тіктейтін ерен еңбек дәстүрінің солғын тартуы бері қойғанда болашақ үшін қауіпті. Қазіргі жастар аяқ астынан және жан қинамай мол қаражат тапқысы келеді. Әрине, бай болған жақсы шығар, бірақ маңдай теріңді төгіп, теңгені тиыннан құрағанға не жетсін?!
Таяуда ғана Бурабай ауданында болып қайттық. Ағайынды Әбдірахмановтар Атамекен ауылында тауарлы сүт фермасын ашып, үлкен еңбектің ұйытқысы болып отыр. Асыл тұқымды симменталь сиырларынан тәулігіне 25 литрге дейін сүт сауып, табысқа кенелуде. Қарақан басы ғана емес, кіндік қаны тамған топырақтың ажарлануына хал-қадерінше қолұшын беруде. Ауыл көшелерін абаттандырып, білім ошағын қаржылай демеп, көп-көрім септігін тигізуде. Серіктестік басшыларының айтуларына қарағанда, жалғыз-ақ қолбайлау бар, бұл – жұмыс күшінің жетіспеушілігі. Тауарлы сүт фермасы етек-жеңі кең пішілген ауыл іргесінде қоныстанғанымен, механизатор мен сауыншыға зәру. Тіпті осы екі мамандықтың иелері қасқалдақтың қанындай таптырмайды десе де болғандай.
– Мал дәрігері табылса, айына 500 мың теңге еңбекақы төлер едім, – дейді серіктестік басшысы Болат Әбдірахманов.
– Шын айтасыз ба? – дейміз біз, – ауыл түгіл қаладағы сирек мамандық иелерінің уысына түсе бермейтін айлық еңбекақының көлеміне шынымен таңырқап.
– Әрине, – дейді серіктестік басшысы, – біздің бағып отырған малымыз асыл тұқымды, қымбат мал. Егер сауыншы табылса айына 150 мың теңге еңбекақы төлер едім. Қазір төрт үй бос тұр. Келген адамға өзі қалаған үйді атына бірден жазып беремін.
Қоңыр күзде тілек білдірген бір адам табылыпты. Сауыншы табылғанына жерден жеті қоян тапқандай қуанышы қойнына сыймаған шаруашылық басшысы алдында уәде еткендей барлық жағдайы жасалған тұрғын үйді басы бүтін атына жазып берген екен. Бір аптадан кейін алдымнан жұмыс үркіп отырады деп уәде еткен сауыншысы айнып қалыпты.
– Үйді қайтарып алдыңыз ба? – деп сұраймыз біз.
– Жоқ, әйел адаммен бет жыртысып жүремін бе? – дейді ол.
Міне, осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жақсы мысал емес, жаныңды жүдететін, жұртым үшін налитын, көлеңкесі көп көрініс. Қаншама нақты мысалды ақыл таразысына салып пайымдағаныңыз- бен, сойылдай сұрақтың нақты жауабы табылмай тұр. Ендігі арада желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа еңбек атты құдіреттің мәні мен мазмұнын шегелеп ұғындырмасақ, төрт құбыламыз теңесе қоймайды.
Халқы тығыз қоныстанған оңтүстіктен бастау алған көш басын солтүстікке бұрған жұрт Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарына қоныс аударуда. «Елге ел қосылса құт» дегендей, жалғыз жұмыс күші ғана емес, тілі тұтқырланып, салт-дәстүрі селкеу тартып бара жатқан өңірдің рухани әлеміне жылы ағыс, жаңа леп қосылып, өңірдің өңі кіріп қалғандығын көріп отырмыз. Алдағы уақытта ауылдағы адам саны жыл өткен сайын азайып бара жатқан Ақмола облысына да оңтүстіктен құйылған ұлттық ұстанымы мықты өзеннің арнасын бағыттар ма еді. Жер емшегін емген еңбеккер қауымның ісі де өнеге болсын деп...