Кеше түбі бір түркі дүниесінің басын қосып, өнерін сарапқа салатын көптен күткен Korkut Ata TurkicWorld Film Festival кино байқауы сұлу Ыстанбұл шаһарында шымылдық түрді. Түркі әлемі өнерін ұлықтайтын үздік фильмдер шеруіне еліміздің атынан бірнеше туынды қатысады деп күтілуде. Ал отандық өнердің көшін бастап барған режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи фильмі атаулы фестивальді ресми түрде ашты.
Ұлттық өнерімізге көрсетілген бұл құрмет шын мәнінде қазақ кинематографының мерейі екені сөзсіз. Қарашаның 8-12-і аралығында Түркияда алғаш рет өткізілгелі отырған Korkut Ata кинофестиваліне биыл 13 елден барлығы 42 кинотуынды қатысады. Фестиваль шеңберінде Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан сынды Түркі әлемі елдерінің киногерлері түрлі бағытта, соның ішінде тарихи, фантастика, деректі және анимация жанрында түсірілген үздік туындыларын ұсынатын болады.
Қазақстанның атынан аталған фильм-шеруге бірнеше көркемтуынды қатысады. Фестивальдің басты байқауларының бірі – көркем фильмдер бағдарламасында Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмі, деректі фильмдер байқауында режиссер Бақыт Қайырбековтің «Құтыда жанған алау» туындысы бақ сынайды. Ал анимациялық фильмдер байқауында Адай Әбелдиновтің «Күлтегін» тарихи толықметрлі анимациялық фильмі көрсетіледі.
Сонымен қатар, фестивальдің тарихи туындыларына арналған бағдарламасында Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмі көрсетілсе, ал «Заманауи фантастика» байқауында көрермендерге Бекарыс Елубайдың «Оазис» фильмі ұсынылатын болады.
Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің тұсауын кесу мәртебесі бұйырған «Томирис» фильмі түрік жұртшылығына таңсық емес, аз уақыт ішінде Түркия еліне кеңінен танылып, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген үздік туындылардың бірі. Олай дейтініміз, осыдан тура үш жыл бұрын – 2019 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Sataifilm компаниясының қатысуымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген қазақстандық туынды биыл қыркүйек айында Түркияда прокатқа шығып, 200-ден астам кинотеатрда көрсетілген болатын. Енді міне, сол «Томириске» түркі әлеміне ортақ фестивальдің шымылдығын түру бақыты бұйырды.
Түркияда өтетін кинофестивальге Қазақстанның атынан КСРО халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев, киностудияның өндіріс бойынша вице-президенті Айдар Баталов, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Бас продюсері Адай Әбілдинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, актрисалар – Әлмира Тұрсын мен Аружан Жазылбекова, режиссер Нұрғиса Әлмұрат, продюсер Нұрлан Қоянбаев бастаған кино өнерінің майталмандары қатысты.