Энергетика министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін заң жобасын дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Заң жобасы жылу энергетикасы туралы заңнаманы бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыруға бағытталған.
Атап айтқанда, жоғары энергия тұтыну тұтынушылардың кінәсінен жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, ғимарат пайдалануға берілген соң бес жылдан кейін энергия тиімділігінің белгіленген сыныбына қол жеткізбегені үшін жауапкершілік көзделетін бап пайда болады. Бұл бұзушылық үшін ғимарат салушыға айыппұл қарастырылған.
Бұдан басқа, жылу энергиясын тұтыну кезінде оның ысырабын азайту жөніндегі іс-шараларды орындамағаны үшін жазалау жоспарлануда.
Әңгіме көп пәтерлі тұрғын үйлерді жылу бойынша жаңғырту туралы болып отыр, мұндай іс-шаралар, кесте мен мерзімдер мүлік иелері бірлестігінің, жай серіктестіктің немесе пәтер иелері кооперативінің шешімімен белгіленген тәртіппен айқындалған.
Белгіленген нормалар бұзылған жағдайда мүлік иелері бірлестігінің бірінші басшысына немесе тиісінше, жай серіктестіктің немесе пәтер иелері кооперативінің бірінші басшысына айыппұл көзделеді.
Айыппұл мөлшері әлі анықталған жоқ.
Энергетика министрлігінде атап өткендей, қолданыстағы заңнамада жылу энергетикасы саласындағы субъектілерге қатысты әкімшілік шараларды қолдану мәселесі ішінара қамтылған.
«Қазақстан Республикасындағы ағымдағы жағдайды және жылу энергетикасы саласындағы шетелдік заңнаманы талдауды негізге ала отырып, адал шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін ынталандыру шаралары жүйесін қалыптастырумен қатар, мемлекеттік бақылаудың және талаптарды бұзғаны үшін жауапкершіліктің толыққанды жүйесін қалыптастыру қажет. Осыған байланысты, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексті жылу энергетикасы туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік шараларымен толықтыру қажет», делінген құжатта.
Заң жобасы 30 қарашаға дейін «Ашық НҚА» сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.