Соңғы жылдары Өскеменде көлік нөпірінің көбеюіне қарай жолдарды кеңейту, оң жаққа қосымша бұрылыстар жасау сынды жұмыстар қолға алынған. Сондай-ақ үш жыл қатарынан бірқатар аулалар абаттандырылып, автотұрақтар да кеңейтілді. Тек 2021 жылы ғана 27 аула жаңартылса, үш жыл ішінде 92 аула аумағы абаттандырылған екен.
– Екі орындық пен үстел теннисін орнату да абаттандыруға жатады. Бірақ біздің түсінігімізде абаттандырудың жөні басқа. Біз балаларға ғана емес, жалпы тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз аула жасауды мақсат еттік, – дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
Өскемендегі бүгінгі бірқатар ауланы бұрынғымен салыстыруға әсте болмайды. Бұрын қалай еді?! Темірі шодырайған сырғанақтар, жалпиған бетон формалар, тағысын тағы. Оның күтіміне де аса назар аударылмаған. Ал қазіргі ауладағы ойын жабдықтары ықшамдалған, балаларға анағұрлым қауіпсіз. Спортпен айналысамын деген жасөсіпірімдерге де мүмкіндік мол. Турниктердің түр-түрі, теннис үстелдері, футбол алаңдарына дейін бар.
Аулаларды абаттандыру жұмыстары аумақтың ерекшеліктеріне қарай жүзеге асып жатыр. Балалар алаңы әдеттегідей әткеншектер, карусельдер, құм салғыштар ғана емес, әртүрлі заманауи ойын кешенімен жабдықталды. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі үшін жерге жұмсақ жабын төселген. Кең аулаларға Street workout жабдықтары орнатылды.
Аулалардағы тағы бір басты мәселе, жоғарыда атап өткендей – көліктердің көптігі, тұрақтардың аздығы. Кеңес өкіметі тұсында бой көтерген үйлердің аулаларында автотұрақтар қарастырылмаған еді. Аулаларды абаттандыру, жаңарту жұмыстарының нәтижесінде аулалардағы көлік тұрақтарының мәселесі де шешімін тауып келеді.
– Өскеменде автокөліктер санының өсуіне байланысты автотұрақтар тарлық етіп келеді. Кейбір үйлердің ауласында ине шаншыр орын болмайды. Біз аулаларды абаттандыру арқылы бұл мәселені де шешеміз, – дейді қала басшысы Жақсылық Мұқашұлы өз сөзінде.
Көптеген аулада көлік жолдары кеңейтілді, автотұрақтарға орын бөлінді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жүргізушілерге кедергі жасамауы үшін аула ішілік тротуарлар төселе бастады. Жаяу жүргіншілердің жолдары балалар мен спорт алаңдарына апаратын үйлердің бойымен төселген. Ал қауіпсіздіктің алдын алу үшін абаттандырылған аулалар түн мезгілінде самаладай жарқырап тұрады. Үнемді шамдар орнатылғандықтан, подъездердің алдындағы жарық түні бойы жанып тұрады. Бұл қауіпсіздіктің тағы бір элементі. Әлбетте, абаттандыру жұмыстары болған соң жасыл желектер егілді, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылды.
– Өскемен өзге қалаларға үлгі болса екен дейміз. Ол үшін халықтың ыңғайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасауға тырысып жүрміз. Абаттандыру жұмыстары да соның бір белгісі. Алайда бюджет есебінен жеке аумақтарды толықтай қамту мүмкін емес. Сол үшін біз абаттандыру бағдарламаларына енудің шарттарын белгіледік, – дейді қала әкімі.
Айта кетерлігі, ойын алаңдарына арналған әмбебап жабдықтарды жергілікті кәсіпкер шығарып отыр. Алдағы уақыттарда тұрғындар ойын кешендерін өздері-ақ жөндеп, жаңалап алуларына болады. Дегенмен жаңа жабдықтарға күтіммен қараса, әлі ұзақ жыл тұрғындарды қуанта бермек.