Балық шаруашылығы – ел экономикасының табыс көзі. Бұл сала қазір халықты жұмыспен қамту, экономиканың экспорттық әлеуетін арттыру және биологиялық әртүрлілікті көбейту жағынан да маңызды болып тұр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті балық ресурстарын тұрақты пайдалану үшін оларды сақтау мен өсімін молайтуға басымдық беріп келеді. «Бұл ретте маңызды міндеттердің бірі – табиғи өсімді молайту үшін жағдайлар жасау жөніндегі іс-шараларды іске асыру, сондай-ақ қолдан өсіру арқылы балық ресурстарын ұлғайту» делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.
Бұл жұмыстарды Атырау облысындағы екі бекіре балық өсіру зауыты, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан Қамыстыбас және Петропавл балық тәлімбағы қолға алған. «Олар өсірген құнды балық түрлері жыл сайын балық шаруашылығы су айдындарына жіберіледі. Айталық, 2021 жылы құнды балық түрлері: бекіре, ақсаха, тұқы және өсімдікжемді балығының 68 млн дана шабағы қолдан өсіріліп, табиғи мекеніне жіберілді. Сонымен қатар, су айдындарындағы балықты көбейту үшін көптеген кәсіпорындарға мемлекеттік тапсырыстар беріледі. Бұл мекемелер арасындағы бәсекелестікті туғызады және балықты көбейтуге мүмкіндік береді» дейді министрлік мамандары.
Биыл Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Есіл, Жайық-Каспий және Нұра-Сарысу бассейндерінің су қоймаларына 6,3 млн дана құнды балық түрлерінің шабақтары, оның ішінде бір млн бекіре тұқымдас шабақ жіберілген екен.
Жалпы, биыл мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бағалы балық түрлерінің 74,3 млн дана шабақтары өсірілген.
Бұған қоса, балық аулау субъектілері жыл сайын су айдындарын шамамен 200 млн дана сирек кездесетін балық түрлерімен толыққан.