Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
И.Тасмағамбетов елорданың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен таяу кезеңдегі перспективалары туралы хабардар етті.
Мемлекет басшысы Астана экономикасында өнеркәсіп көлемінің өсімі байқалатынын және жұмсалған қаражат қазірдің өзінде елорданың бюджетіне қайтарылып жатқанын атап өтті. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қаланың қолайлылығы мен жайлылығын арттыруға бағытталған дамыту жобаларының одан әрі іске асырылуына назар аударды.
Кездесу барысында Астана әкімі құрылыс саласындағы жұмыстың қорытындылары туралы баяндады. Атап айтқанда, 2013 жылы 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, И.Тасмағамбетов биыл қалада үш ауысыммен оқытуды тоқтату жоспарланып отырғанын, ал 2020 жылға қарай мектепке дейінгі 100 мекеме салынатынын айтты. Сондай-ақ, өткен жылы 78 мыңға жуық адам елордаға түпкілікті қоныстану үшін көшіп келгені атап өтілді.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.