Шығыс Қазақстан облысы «жасыл» аймаққа енгенімен, жайбарақат жүруге еш негіз жоқ. Өткен тәулікте ғана 77 адамнан коронавирус індеті ПТР арқылы расталды. Аз емес. Қамысқа түскен шоқтай тұтанып кетуі әп-сәтте. Оған көзіміз әбден жеткен.
Қоғам болып аты өшкір індетпен күресіп жатқанымызға екі жылдай болыпты. Етіміз үйреніп кетті ме, әу бастағыдай дүрбелең жоқ. Облыс тұрғындары санитарлық дәрігер бекітіп берген ережені бекем сақтанады. Бұрынғыдай емес, той-томалақ саябырсыған.
Облыс орталығында, аудандарда індетпен күресу мақсатындағы провизорлық орталықтар өкпені желдеткіш аппараттармен, төсек-орынмен толықтай қамтылған. Қат-қабат киінген дәрігерлер күн-түн деспей арпалысып жүр. Еңбектерінің нәтижесі де жоқ емес, өлім-жітім азайды.
– Өткен тәулік ішінде ковидті пневмониямен ауырғандарды қоса есептегенде 68 пациент стационарлардан емделіп, жазылып шықты. Ал өткен тәулік бойынша тағы 9 симптомсыз ауру белгілері бар азаматтың үй карантині аяқталды, – дейді облыстың бас дәрігері Ермек Омарбеков.
Жалпы, өңір бойынша бүгінге дейін инфекциялық стационарлардан ем алып шыққандар саны оның ішінде ковидтік пневмониямен ауырғандарды қоса есептегенде 24 229 адамға жетті. 10 234 науқас үй карантинін аяқтап, 34 463 адам толықтай сауығып шықты. Мұның бәрі тыңғылықты дайындықтың, білікті мамандардың арқасы.
Дәрігерлер айтқандай, індетті біржола жеңудің жолы – ұжымдық иммунитет, яғни вакциналау. Облыста бұл бағытта да тынымсыз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, екпе алмағандар Ashyq жүйесі арқылы анықталып, бірқатар нысанға кіріп-шыға алмайды. 2021 жылғы 9 қарашадағы мәлімет бойынша Шығыс Қазақстан облысында вакцинаның I компонентін 890 358 адам, II компонентті 827 664 адам салдырған екен. Вакцинаның қалған компоненттеріне келер болсақ, I компоненттен 15 117 доза, II компоненттен 32 738 доза қалды. Өңірде қазіргі уақытта вакцинаның 3 түрі бар: Спутник-V, QazVac және Sinopharm. Айта кетерлігі, облыста жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге де вакцина егу жұмыстары қолға алынбақ. Әзірше жер-жерлерде түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, вакцина егілмес бұрын баланың немесе жүкті әйелдің денсаулығы толықтай тексеріледі. Сондықтан қауіптенуге еш негіз жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы