• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Қараша, 2021

Тау тұлғалар туралы туынды

501 рет
көрсетілді

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде белгілі мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ескен Сергебаевтың «Тәуелсіздік – тұғырым» атты жеке көрмесі ашылды. Айшықты жоба шебердің туғанына 80 жыл толуына және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр.

Көрме кейіпкері, ең алдымен, бей­ненің эпикалық күші өмірдің өтпелі сәттерінің романтикалық сезім­дері­мен үйлесетін монументалды жұ­мыстарымен танымал. Біз­дің кө­ңілімізге қатталған Әуезов бей­несі, әл-Фараби мен Абай тұлғасы, Т.Жүр­генов ескерткіші Сергебаев қолтаңбасын әйгілеген төл туындылар. Қондырғылы пластика саласында өнімді еңбек еткен оның шығармашылық жолы өмірін өнермен өргісі келгендерге айнымас үлгі.

Мүсіншінің белсенді шығар­ма­шылық қызметі 60-жылдары, қа­зіргі заманның қажеттіліктеріне жауап беретін, бойына образдың астарлы мәнін, эпикасы мен аллегория­сын біріктіретін жаңа көркемдік стильді қалыптастыруды мақсат еткен, ке­ңес­тік өнерге талантты суретшілер мен мүсіншілердің жаңа буыны келген кезде басталды. Е.Сергебаевтың ертеректегі «С.Айтбаевтың портреті» (1967), «Абай» (1968), «Замандастың портреті» (1972) композициялары фор­ма­сының жалпылығымен, сұл­баның орнық­тылығымен және тұтас­тығымен, ішкі энергетикасымен және автордың зымыраған уақыт сезімін, әкелер мен балалар арасындағы рухани сабақ­тастықтың маңыздылығын жеткізуге ұмтылы­сымен ерекшеленеді. 80-жыл­дардағы еңбектерінде шебер монумен­талды стильге, өткен мен бүгінді фило­софиялық пайымдауға бет бұрады.

Ескен Сергебаев 1940 жылы 19 мамырда Алматыда дүниеге келді. Н.Го­голь атындағы көркемсурет учи­ли­ще­сінде Н.Журавлевтен тәлім алды. 1969 жылы И.Репин атындағы Ле­нинград кескіндеме, мүсін және сәулет инс­титутының мүсін факультетін бітір­ді. 1960 жылдан Қазақ КСР Көркемсурет қорында жұмыс істеді, ал 1974 жылдан «Өнер» көркемсурет комбинатында бас суретші болды.

Көркемөнер академиясының то­лық мүшесі Е.Сергебаев оқыту­шы­лық қыз­метті белсенді атқарып ке­леді. 1969 жылдан бастап Н.Гоголь атын­дағы Алматы көр­кемсурет учи­ли­щесінде, ал 1978 жылдан Театр және көркемсурет институтын­да оқытушы, кейіннен доцент болып жұмыс істеді. 2010 жылдан бастап қа­зіргі уақытқа дейін Е.Сергебаев Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясында мүсін кафедра­сы­ның меңгерушісі, профессоры қыз­метін атқа­рады.

Экспозицияға автордың Ә.Қастеев атындағы өнер музейі қорында және өз шеберханасында сақталған әр жыл­дардағы 70 шығармасы еніп отыр. Тәуелсіздік тойына арналған рухани жоба желтоқсан айының ортасына дейін жалғасады.

 

АЛМАТЫ