Еліміздің өміріне жаңа бір тыныс, саяси серпіліс әкелген кешегі «Отан», бүгінгі «Нұр Отан» партиясының құрылғанына жақында 15 жыл толады. Сол саяси ұйымның алғашқы қадамдарына атсалысқан байырғы мүшелерінің бірі ретінде сол жылдардың суреттерін көз алдыма елестетіп, оқиғаларын ойға оралтып отырмын. Бүгінде тәуелсіз еліміздегі билік партиясына, беделі аса зор жетекші саяси ұйымға айналған «Нұр Отанның» Қазақстанның қазіргі өсуі мен өркендеуіне, көп ұлтты халқымыздың мызғымас бірлігі мен жарқын тірлігіне үлкен үлес қосып, қарапайым көптің қорғаушысы, арман, мұраттарының қолдаушысы болып келе жатқаны қуантады.
Үлкен мемлекеттің ұлан-ғайыр шаруаларының толыспай тұрған тұстары, жетіспей жатқан қырлары болса, алдымен байқап, дабыл қағып қана қоймай, соларды түзетуге, жұмыстарының жандануына серпін беретін партиямызды ел қашанда өзге саяси партияларға қарағанда тірек, ес, қорғаушы көретінін айту артық емес. Кейбір жауапсыз шенеуніктерден, кеудемсоқтау басшылардан қағажу көрген қарапайым жұрт алдымен «Нұр Отанға» келеді. Осы саяси ұйымның пәрменімен үміт үзгендей болған жұмысын тындырады, әділдік табады. Сондықтан, елдің қорғаушы ұйымына айналған саяси партиямыздың 15 жылдығы үстінде оның шаңырақ көтеруінің алғашқы жылдарын еске ала отырсақ зайыр.
Біздің «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» коммерциялық емес акционерлік қоғамы бастауыш ұйымының есебінде бүгінде Елбасы Әкімшілігінде, Орталық сайлау комиссиясында және Президенттің Телерадиокешенінде қызметтер атқаратын 230 партия мүшесі есепте тұрады. Бастауыш ұйым алғашқы құрылу кезеңінде Үкіметте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Басқару академиясында жұмыс жасайтын азаматтардың да саяси партиялық жұмыстарына жетекшілік етті. Сол жылдары Президент Әкімшілігіндегі партия тобына Зәуреш Баймолдина, Орталық сайлау комиссиясындағы топқа Григорий Кулеш, Үкіметтегі партия тобына Дмитрий Глуких, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Басқару академиясына Миргүл Нарбинова сәтті жетекшілік етті. Алғашқы жылдары жаңа саяси партияның қоғамдағы ықпалын арттыру, беделін көтеру бағыттарында бастауыш ұйымымыз да «Бірлік» филиалы мен Астана қалалық партия ұйымының күнбе-күнгі басшылықтарымен көп жұмыстар тындырды.
Партияға алдымен тәртіп керек. Егер оның мүшесі ай сайынғы жарна төлеудің өзін ұмыта берсе, ол өзінің осынау саяси ұйымға қатыстылығын қаперден шығарады. Оның саяси-көпшілік жұмыстарына да мүлдем қатыспайды. Біз алдымен осы жарна төлеудегі ұқыптылықты жолға қойдық. Осы арқылы әр партия мүшесінің саяси ұйымның жарғысына сай жауаптылығын көтердік. Жасыратын не бар, алғашқы жылдары «Отан» партиясының қатарына кездейсоқ, жауапкершілікті онша сезіне бермейтіндер өтіп кетті. Жарна төлеуге мойны жар бермейтіндер мен жиналыстарға мүлдем қатыспайтындар және жүктелген партиялық тапсырыстарды орындамайтындар партия мүшелерінен шыға бастады. Десек те, бастауыш ұйымның бюро мүшелерінің көмегімен ондай жандарды тез арада тәртіпке шақырдық. Алғашқы жылдары Үкіметте небәрі 6 ғана партия мүшесі болса, кейін бұл партия тобынан үлкен бастауыш ұйым өсіп шықты.
Партияның алғашқы құрылған жылдарында біздің де бастауыш ұйымымызда 17 мүше ғана болса, бүгінде қатарымыз өсіп, нұротандықтар саны 230 адамға жетті. Ұйымның бюро мүшелері Г.Кулеш, Б.Темірболат, М.Жақыпов, Г.Әжіғұлова, Ж.Үсінбаева, Ж.Қожахметов, Л.Сүлеймен, С.Мусина, Г.Қамарова, Б.Бәймешев, Н.Галихин, Р.Тәуекелев партиялық тапсырыстарға әр уақытта да үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осы адамдарымыздың арқасында бастауыш ұйымымыз «Бірлік» филиалына қарасты 47 бастауыш ұйымдардың арасында өз орны бар, белгілеген шараларын уақытында орындайтын, ел өміріндегі саяси-бұқаралық шараларға белсене қатысатын білікті де ұйымшыл ұйымға айнала бастады.
Әлбетте, бастауыш ұйым өзінің күнбе-күнгі жұмыстарында «Бірлік» филиалы мен партияның жоғары органдарының тапсырыстарын, Елбасының мемлекет тағдырына, елдің әлеуметтік-экономикалық стратегияларына қатысты дерективаларын басшылыққа алады. Солардың насихатшысы, қалың бұқараға жеткізушісі бола біледі. Сөз ретінде, біздің «Бірлік» филиалының бүгінде 5495 партия мүшелерін біріктіріп отырғанын айта кеткіміз келеді. Филиал төрағасы Абай Бисембаев бастаған бірліктік нұротандықтар тек 2013 жылдың өзінде ғана халық арасында 395 шара өткізіп, оған 15 мыңнан астам адам қатысты. Бұл көпшілік жұмыстардың соқталыларына бірліктік нұротандықтар жоғары деңгейлерде өткізген көп балалы аналарға, Ұлы Отан соғысына қатысушы әйелдерге, сол қиын-қыстау кезеңдерде тылда жан аямай еңбек жасағандарға арналған «Асыл аналар» атты шаралар шоғырын жатқызуға болады.
Ал аталған жылдың 5 сәуірінде бірліктіктер ұйымдастырған «Әлемдік денсаулық күні» бас қаламыздың тұрғындарына емдеу мекемелері тегін қызметтер көрсетті. «Бір тамшы қан – өмірді құтқарушы» акциясына 332 донор қатысса, «Ардагерлерді ардақтайық» шарасында 156 соғыс және тыл ардагерлеріне лайықты құрметтер көрсетілді. Партия мүшелері арнайы сапармен балалар үйлері мен интернаттарда болып, олардағы тәрбиеленушілерге ықыласты қамқорлықтарын көрсеткен акциялар да есте қалды. Еліміздің бас қаласының 15 жылдығына арналған «Астана – Қазақстан тәуелсіздігі мен жетістіктерінің айғағы» шарасына елорданың 3094 тұрғыны белсене атсалысты. Бастауыш ұйым «Бірлік» филиалының құрамында болғандықтан, осынау шараларға мүмкіндігінше атсалыса отыра, өзі тарапынан да ондаған дөңгелек үстелдер тағдыры қызық адамдармен жүздесулер өткізді. Олардың арасында Ресей елшілігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ардаргерлер кеңесімен, Астананың Ішкі істер департаментімен, «Самұрық-Қазына» қорының «Фармация» ЖШС-мен, Мәдениет және ақпарат министрлігімен, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ-пен бірлесіп өткізген шараларға да «Бірлік» филиалының 49 бастауыш ұйымдарының өкілдерін шақырдық.
Жұмысымызды бұлайша кең көлемде жүргізуіміздің себебі, біздің Телерадиокешендегі бастауыш ұйымға филиалдың үгіт-насихат жұмысын жүргізу міндеттелген. Елбасының тағдыршешті биылғы Жолдауын халық зердесіне жеткізу, насихаттауда да белсенді істер атқарудамыз.
Бастауыш ұйым қарапайым адамдардың тілек-өтініштеріне де үлкен жауапкершілікпен қарап, мүмкіндігінше қолұшын беруге күш салады. Әрине, бастауыш ұйымның өз қабылдау күндері жоқ. Дегенмен, біздің есігіміз өз ұйымымыздың есебінде тұратын нұротандықтармен қатар, кез келген қазақстандыққа да айқара ашық. Шамамыз жеткенше, кімге де болсын қол ұшын беруге тырысамыз. Партия –халықтың қызметшісі, Елбасының да елгезек көмекшісі. «Нұр Отан» өзі құрылғаннан бері билік пен халықтың арасындағы алтын көпір, тіні үзілмес дәнекер бола білуде. Өткен 14 жылдың ішінде бастауыш ұйымымыз ондаған қарапайым жанға қол ұшын берді. Мұны өз басым жетістігіміздің соқталысы деп ойлаймын. Он бес жылдың ішінде «Нұр Отан» бізді шыңдады, халықтың шын мәніндегі қамқоршысы, Елбасының елгезек көмекшісі болуға тәрбиеледі. Алда да осы ниеттен, осы жолдан айнымасымыз анық.
Смағұл РАХЫМБЕК,
«Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалы
үгіт-насихат тобының жетекшісі,
бастауыш ұйымының төрағасы.
АСТАНА.