• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қараша, 2021

Шымкентте сыбайлас жемқорлық сипатындағы 63 қылмыс тіркелген

515 рет
көрсетілді

Шымкент қаласында жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан 77 қылмыс тіркелген. Оның 63-і сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс, деп хабарлайды Egemen.kz.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаевтың айтуына қарағанда, тіркелген қылмыстардың басым бөлігін парақорлық және жымқыру фактілері құрайды. «Жымқыру фактілері бойынша – 17, парақорлық фактілері бойынша  48 қылмыс тіркелген. Салалар бойынша анықталған қылмыстардың ең көп саны құқық қорғау органдарында – 20, білім, денсаулық сақтау, құрылыс салаларында – 12 қылмыстан тіркелді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 51 тұлға әшкереленіп, 16 адам сотталды. Қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекеттік органдарға 49 ұсыну енгізіліп, оның 46-ы  қаралған. Нәтижесінде 24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 3 қызметкер атқарып отырған лауазымнан босатылса, 5-уі жұмыстан босатылды», деді Талғар Серікбаев соңғы 10 айда атқарылған жұмыстар бойынша берген ақпаратында. 

Сонымен қатар, ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында азаматтық қоғам институттарымен тығыз өзара іс-қимыл маңызды рөл атқаратындығын мәлімдеді. Бұл орайда «Шымкент – адалдық алаңы», арнайы мониторингтік топ және ақпараттық-ағартушылық штабы тарапынан жүзеге асырылған жобалар оң нәтиже берген. Мегаполис тұрғындарына кеңестер берілетін Antikor Live және Adal Komek жобалары халықты қызықтыратын өзекті мәселелерді талқылау бойынша тиімді диалог алаңына айналған. Жыл басынан бері департаментпен 10 мекеменің қызметінде талдау жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Сыртқы талдаулардың қорытындысы бойынша 100-ден аса ұсыныс енгізіліп, олардың жартысынан көбі орындалды.

Сондай-ақ, департамент басшысының бірінші орынбасары бүгінде Шымкентте квазимемлекеттік сектордың 186 ұйымында комплаенс қызметі жұмыс істейтінін айтты. Жыл басынан бері өтініштері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 12 тұлға көтермеленіп, олардың сыйақы мөлшері 2 млн теңгеден астам соманы құраған.