Ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енгеніне биыл 28 жыл толды. 90-жылдардың бас кезіндегі ауыр экономикалық дағдарыстан суырылып шығу, өліара кезеңде заман ағымын тап басып тани алу, соған орай экономикалық саясат қалыптастыру әсте оңай шаруа емес. Теңгені енгізу кезінде осындай ауыр проблемалар қордаланып тұрған еді. Сол түйіндерді рет-ретімен тарқатқан, төл ақшамыз керек екенін дәлелдеп, теңге жолында тер төккен бір шоғыр топтың биігінде тұрған Ұлттық банктің алғашқы төрағасы, қаржыгер, экономист Ғалым БАЙНАЗАРОВПЕН әңгіме барысында теңгенің туу тарихына, оның атқарар міндетіне және валютаның бүгінгі ахуалына кеңінен тоқталдық.
– Ғалым Байназарұлы, күнделікті қолданып жүрген валютаның ең басты міндеттері қандай? Бұл функцияларды теңге орындай алып жүр ме?
– Ақшаның бес функциясы бар. Алдымен бұл – төлем құралы. Екіншісі, зат пен қызмет бағасын анықтайтын баға өлшемі. Үшіншіден, шетел валюталарының бағамын шығарушы құрал. Төртіншіден, халықтың жиған-терген мүлкін, былайша айтқанда ақшалай, заттай активін жасайтын құрал. Бесіншіден, экономика көрсеткіштерінің өлшемі болуы тиіс. Міне, осыған байланысты теңге – биліктің қолындағы экономиканы басқару құралы. Бұлай дейтініміз, мемлекеттік басқару қай салада болсын, мақсат-мүддесі анықталған белгілі бір саясат жүйесінде іске асырылады. Осыдан келіп ақша-несие саясаты туындайды, ол негізгі басқару құралы – теңге арқылы жүргізіледі. Бұл төрт функция баршамызға белгілі және барлығы да күнделікті өмірімізде іске асырылып жатыр, бұл тұстағы теңгенің қызметіне ешқандай реніш жоқ сияқты, сондықтан біз тек бесіншісіне тоқталайық.
Ақша-несие саясатын жүргізуде әр ел түрлі мақсат-мүдде ұстанады. Әрине, басты жауапкершілік – Ұлттық банктің мойнында. Бірақ негізгі бағыттағы таңдалған нысандары Үкіметпен бірігіп анықталады, атқарылады, оған міндетті түрде жоғарғы биліктің – Президенттің келісім беруі шарт. Еліміздегі қазіргі ақша-несие саясатының негізгі мақсаты – инфляцияны таргеттеу, жалпыға түсінікті тілмен айтсақ, тауар және қызмет бағаларының тұрақтылығын қамтамасыз ету, сол үшін экономикадағы ақшаның нарықтағы құнын, осы арқылы экономикадағы ақша ағынының көлемін тежеу немесе өсіруін реттеуге бағытталған шаралар кешенін іске асыру. Сөйтіп, тұрақты экономикалық өсудің негізін қалау. Өкінішке қарай, теңгенің бағамы Ұлттық банктің нысандары қатарынан, ұстанымдағы саясат шеңберінен шығып қалды, оны нарықтық еркін жүзу кеңістігіне салып қойдық, ол еркін жүзіп жүр ме, әлде басқаша жағдайда ма, оны кейінірек тарқатармыз.
Экономика дами ма, әлде кері кете ме, бәрі сол ақша-несие саясатының мақсат-мүддесінің дұрыс таңдалуына және пайдалы жолға қойылуына байланысты. Осыған орай қазір теңге өз функцияларын толығымен орындай алып жүр ме деген сұрақ туындайды. Жыл сайынғы және 2025 жылға дейінгі қабылданған «Әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары» бойынша инфляция орта мерзімде 3-4% деңгейінде белгіленген. 2020-2022 жылдарға – 4-6%; ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) өсу болжамы орта мерзімде – 4,4%, 2020 жылы – 4,1%, 2024 жылы – 4,7%. Ал инфляция 2019 жылы – 5,4%, 2020 жылы – 7,3%, 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 7,8%. ІЖӨ-нің нақты өсуі 2019 жылы – 4,5%, 2020 жылы – теріс таңбалы 2,8%, 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 3,9%. Міне, осы көрсеткіштер теңгенің соңғы функциясының, оның ақша-несие саясатының қаншалықты тиімді екенін, экономикаға тигізіп тұрған қазіргі ықпалын оқырмандарға толығымен баяндап тұр деп ойлаймын. Инфляцияны таргеттеу саясатын Халықаралық валюта қорының 200 мүшесінің тек 40-қа жуығы ғана жүргізеді. Мұндай саясат жүргізбейтін Қытай, Вьетнам сияқты елдерде инфляция деңгейі 2,5-3,0%-дан аспайды. Ал экономика бойынша соңғы 30 жылда Қытай екінші орынға шықты, Вьетнам дамыған 40 елдің қатарына қосылды.
Қойылған сұраққа толығырақ жауап беру үшін біз қазір қандай экономикалық модель құрдық деген сұраққа да тоқтала кеткеніміз жөн. Нарықтық экономика дедік те, соны жалаулатып кеттік. Нарық бәрін шешеді деген таяз ұғыммен тіпті оның ультралибералды бағытына кіріп алып, көптеген қажетті мәселелерге мойын бұрмай келеміз. Нарықтық экономика дегеніміз – капитализм. Бұл – буржуазиялық қоғам. Онда жекеменшік иелері – негізгі жетекші тұлғалар. Мемлекеттік саясаттың әуелі сол жекеменшік иелерінің мүдделерін қорғайтыны белгілі, сонымен қатар билік өзінің иесі халықтың мүддесін де ұмытпағаны жөн.
– Енді 90-жылдарға, теңгенің пайда болу тарихына оралайық. Бірақ осыған дейін талай айтылып жауыр болған тарихты емес, жұртшылыққа беймәлім, тың деректер жөнінде айтсаңыз?
– Кеңес өкіметінің тұтас экономикасы ыдырағаннан кейін егемендік алған елдердің барлығы үлкен қиындықтарға тап келді. 1991-1992 жылдары дербес валютасы жоқ елдер Ресей экономикасында жүріп жатқан қаржы-несие саясатына тәуелді болып қалды. Бірақ Ресейдің өзінде инфляция тасқындап, гиперинфляцияға ұласып жатты. Мысалы, 1991 жылы инфляция 147,1%, 1992 жылы 2 960,8%, ал 1993 жылы 2 165%-дан асып кетті. Сөйтіп, алғашқы үш жылдың ішінде 5 272,9%-дан астам инфляция туындады. Сонда тұтыну бағалары 53 есе өсті. 1990 жылы өнеркәсіп орындарының саны 19 796 болса, 1995 жылға дейінгі аралықта 1 872 өндіріс орны құлады. Жойылып кетті. Сөйтіп, өндіріс көлемінің 53%-нан айырылдық. Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 45%-ға азайды. Қалайда ірі өндіріс ошақтарын құрдымға жібермеу керек еді. Өйткені бағаның құны 53 есе өскен кезде ең жақсы жұмыс істеп тұрған өндіріс орнының өзі оған төтеп бере алмайтын. Бұл үшін оның табысы да 53 есе көтерілуі керек. Міне, осындай қиын кезеңде алдымызда үлкен үш мақсат тұрды. Бұл – экономиканы құлдырап кетуден қорғау; экономиканың негізгі салаларында ірі даму ошақтарын сақтау шараларын іске асыру бағытында іс-әрекеттер жасау; үлкен дағдарыс кезеңінде экономикада туындайтын қиындықтарды реттеуге белсенді түрде атсалысу.
Барлық қиындыққа қарамастан Ұлттық банк ел басшыларының тарапынан өзіне жүктелген тарихи міндетін ойдағыдай орындап, егемендік құқығымызға негізделген дербес қаржы-несие саясатын іске асырып, гиперинфляцияның апатынан ірі өндіріс ошақтарын сақтап қалды. Кішігірім өндіріс орындарын сақтау Үкіметтің парызы болатын, бірақ мемлекеттік бюджеттің әлсіздігінен оған күш жетпеді. Олар өзінен-өзі күн сайын жойылып жатты.
– Осы қиындықтардың зардабын сезініп, түсінгеннен кейін валюта тәуелсіздігін алу жолында қандай кедергілермен күресуге тура келді?
– Ұлттық банк 1993 жылға дейін Жоғарғы Кеңеске бағынатын. Дербес валюта жасау үшін Парламент және Үкіметтің қолдауына қол жеткізу керек еді. Саяси егемендігімізді 1991 жылы жария еттік, бірақ дербес экономикалық саясат бағыты әлі өз деңгейінде анықталмаған болатын. Үкімет әлі Мәскеуге жалтақтауын қоя алмай «жалпы рубль кеңістігінде» қалу мақсатында жұмыс жүргізіп жатты. Сондықтан бізді әр отырыста орынсыз сынау, мінеу өте көп кездесті. Алдымызда тағы бір іргелі міндет – тәуелсіз банк жүйесін құру тұрды. Сөйтіп, ақша-несие саясатын өз бетімізше басқаруға мүмкіндік беретін жаңа басқару тетіктерін жасап, іске қосу керек болды. Ұлттық банктің орталық басқару жүйесін қайта құру және банк жүйесінде түбегейлі жедел реформаларды іске асыру да – кезек күттірмейтін мәселе еді. Осы мақсаттардың ішіндегі ең маңыздылары – ұлттық валютамызды даярлау және оны айналымға енгізу, алтын-валюта қорын жинау, алтын-валютаны сақтайтын қоймалар салу, дербес төлем жүйесін жасау. Сонымен бірге жүзеге асуы тиіс инфрақұрылым қатарында – есеп айырысудың жаңа жүйелерін жасау, шетел банктерімен корреспонденттік қатынастар қалыптастыру, халықаралық төлем жүйесіне ену, электронды валюта биржасын жасап, іске қосу, валюта айырбастау жүйесін, банкнот фабрикасы мен тиын сарайының іргетасын қалау, банк саласындағы бухгалтерлік есепті халықаралық стандартқа көшіру жолындағы алғышарттарын жасау болды. Осындай күрделі міндеттерді іске асыру және елімізде бұрын болмаған нысандарға қажетті жаңа мамандықтарды игеру үшін жастарды шетелге оқуға жіберу қажеттілігі туындады. Ол үшін Ұлттық банк жанынан арнайы оқу орталығын құрдық. Жастарды оқытуға және жаңа мамандықтарды игеруге бізге Ұлыбритания, АҚШ, Франция Жапония, Бельгия елдерінің Орталық банктері көмектесті.
1992 жылдың ақпан айында Президентпен кездестім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «альтернатива ретінде ұлттық валютаны жасайық, рубль зонасында қалу-қалмауымыз белгісіз, сондықтан босқа отырмайық, қайткенмен жеке валюта керек» деді. Бұл біз үшін көптен күткен, экономика, ақша-қаражат саласындағы ең қажетті кезек күттірмейтін шешім болатын. Осыған орай ұлттық валюта жасау шаралары Ұлттық банктің миссиясынан да жоғары тұрған саяси қадам екенін және оған қыруар шығынның болатынын ескеріп, ұлттық валюта жасау жобасын заңдастыру үшін арнаулы Президент Жарлығы керек екенін айтып, өтініш жасадым. Осылайша, екі құпия Президент Жарлығы шығарылып, олар Ұлттық банкте сақталатын болып шешілді де, «Ұлттық валюта жобасының» жұмыстары басталып кетті.
– Валютаны басып шығаратын компания іздеген кезде де құпияны сақтай алатын өндірушіге басымдық берілген болар?
– Сол кезде елге түрлі шетелдік банкнот фабрикаларының өкілдері келіп жатты. Әрине, шетелдіктер егемендік алған елдер өз валютасын жасауға ұмтылатынын білетін, жеке валютасыз экономика жетім екені оларға түсінікті болатын. Біз «Харрисон және оның ұлдары» деген компанияны таңдап алып, солармен жұмыс істейтін болып келістік. Ұлыбританияда ауқымы бұдан да үлкен De La Rue деген фирма болды. Ол жүз шақты елге валюта жасайтын. Алайда біздің мәселеміз құпия болғандықтан осындай үлкен компанияға тапсырыс беруіміз біршама қауіпті болатынын ойластық. Себебі халықаралық үлкен компаниялар өз жұмыстарын құпия түрде емес, жариялы түрде жүргізеді.
Енді ұлттық валютаның атауы мен дизайны туралы бірер өз. Қазір ақпарат кеңістігінде валютаның атауын қоюға байланысты да әртүрлі жалған ақпараттар жарияланып жүр. Көбі – шындықтан алыс жатқан, дақпырт сөздер. Валютаның атауы жеке адамдардың ұсынысы негізінде орындала қоятын шара емес, ол ресми мемлекеттік тұрғыда шешім қабылдауды керек ететін шаруа. Біз ұлттық валюта жобасын 1992 жылдың ақпан-наурыз айларында бастап кеттік, керекті зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ежелгі түркі мемлекеттерінің тарихынан бірнеше атауларды тауып талқыладық. Нәтижесінде, маусым айында «теңге» атауына тоқталып, ел басшыларының келісімін алдық, валютаның атауы Ұлттық банктің басқарма отырысында талқыланып, тиісті шешім қабылданды. Сол маусым айында валютаның дизайндық нұсқасын жасауды бастаған болатынбыз, осы нұсқаларға валютаның теңге атауы жазылып та қойылған болатын. Әрине, ел азаматтарының тарапынан осы тұрғыда ұсыныстар да болды. Мысалы, сол жылдың қыркүйек айында Олжас Сүлейменов ағамыз Ұлттық банкке келіп «сендер қарап жатпаған шығарсыңдар, ұлттық валютаға «теңге» деп ат қояйық, бұл түркі тіліндегі ақшаға бірнеше мағынада түсінік беретін, тарихы терең және өте көркем атау» деді. Мен ақын ағамызға алғысымды білдіріп, шешіміміздің дұрыс қабылданғанына тағы да сеніміміз нығайып, марқайып қалдық. Міне, осылай барлық мәселе Ұлттық банктің аясында шешімін тапқан еді.
Теңгенің дизайнын жасау бойынша шетелдік мамандармен ақылдастық, дизайн банкнот құнының 30-40 пайызын алады екен. Қымбат дүние. Сосын дизайн даярлауға екі жылдай уақыт кететіні белгілі болды. Мұндай ұзақ уақыт біз үшін мүмкін емес болатын, себебі экономика күн сайын құлдырап, толығымен дефолттық жағдайға құлап бара жатты. Олай болса, бізде талантты суретшілер бар, солар әуелі сызбасын салсын, сосын ол жараса, соны өндірістік дизайнға айналдырып бастыруға жіберейік дедік. Бұл бастаманы біздің басшылар да, «Хариссон және ұлдары» компаниясының мамандары да қолдады. Оның бір себебі – ол кезде Ұлттық банк мен келгенге дейін дербес табысы жоқ, тақырға отырған мекеме еді, Мәскеудің беретін қаражатымен күн көретін. Мынадай тапсырыстарды орындау үшін оған табыс керек болды. Біз бұл мәселенің шешімін тауып, Ұлттық банкті өзіндік табысы бар мекемеге айналдырдық. Жоғарыдағы тапсырыстарды атқарып шығу үшін мемлекеттік бюджеттің бір тиын қаражаты жұмсалған жоқ, Ұлттық банктің өз табысы жеткілікті болды. Алматыда мемлекеттік дизайн орталығы бар болатын. Басшысы – Тимур Сүлейменов. Елге сыйлы мықты азамат еді. Сонымен келісіп, Меңдібай Әлин, Хайролла Ғабжәлелов, Ағымсалы Дүзелханов және басқа төрт-бес сәулетші, суретші жігіттердің басын қосып, Үкімет берген таудағы саяжайыма апарып, олар сол жерде бір ай бойы жұмыс істеді. Нәтижесінде, теңгенің төрт нұсқасын дайындап шықты. Жеті номинация болды: біріншісінде Әл-Фараби бейнеленді. Одан бөлек Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Абай Құнанбайұлы бар. Үшеуі – үш жүздің өкілі. Ертеңгі күні реніш болмасын деп жүз мәселесін де ескердік. Шоқан Уәлиханов пен Әбілхайыр, Абылай хандарға да теңгеден төр бұйырды. 1992 жылдың қараша айында Лондон қаласында валютаның өндірістік дизайны жасалды, содан соң желтоқсан айында Англияға барып тапсырысқа қол қойып келдім. Теңгені жасау жұмысы 120 күннің ішінде тәмамдалды. Біздің жасаған валютамыз өте сапалы, 14-18-ге дейінгі аралықта қауіпсіздік элементтері болды.
Әрі қарай бір жарым айдың ішінде теңгені тасуды бастадық. Бұл жерде де бірнеше мәселе шықты. Біріншіден, ол – Қазақстанның ұшағы болуы және экипаждың халықаралық авиациялық навигация жүйесінің ағылшын тілін білуі талап етілді. Сосын ол еш жерге қонбай, Қазақстанға тіке ұшып келуі қажет еді. Орынбасарым Мерсұлтан Тұрсынов экипаж жасақтап, ағылшын тілін жетік білетін ұшақ командирін тауып, қарулы инкассаторларды отырғызып, Тараз қаласындағы жер асты бункер-қоймамызға теңгені тасыдық. Мамыр айының соңында теңге толығымен елге әкелінді.
1993 жылы наурыз айында Ұлттық банктің басқару жүйесіндегі реформа толығымен аяқталып, валюта биржасы, алтын-валюта қоры, мемлекеттік қазына сақтаушы қойма, бағалы қағаз шығаратын фабрика іске қосылды, монета сарайының қондырғыларын монтаждау басталды. Қазақстанда тұңғыш рет Ұлттық банк үшін департаменттік басқару жүйесін жасап, іске қостық. Банк жүйесінің заңнамалары Парламентте қабылданды. Президент 3 қарашада ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссияны құрып, комиссия 12 күн жұмыс істеді. 13 қараша күні Мемлекет басшысының тікелей эфир арқылы валютаны енгізетінін хабарлағанын білеміз. Содан кейін мен де эфирге шығып қолданыстағы банкноттарды, рубльді, теңгеге қалай айырбастау керектігі туралы айтып бердім. 15 қарашадан бастап айырбастау жұмыстары басталып кетті. Үш күн бойы теңге мен рубль қатар жұмыс істеді. 1993 жылдың 18 қарашасынан бастап теңге – Қазақстан аумағындағы жалғыз заңды төлем құралы болды.
– Теңгенің қазіргі ахуалын бәріміз де білеміз. Оны қайта нығайту, сенімді қылу мүмкін бе?
– 1993 жылы нарыққа 1 долларыңыз 4,75 теңге болып кірді ғой. Қазір 425 - 428 маңайында. Демек бағамы 89 есе түсіп тұр. Жалпы, теңге айналымға енгізілген сәттен бастап қатты құлдырады. Себебі Үкімет мүшелерінің кері ұсыныстарының нәтижесінде айырбас бағамы әуелден дұрыс болмады және теңге тура экономика кері кетіп жатқан кезде айналымға енгізілді. Теңге бағамының құлдырауы алғашқы екі жылда рекордтық – тарихи максимумға жетті. 1993 жылдың соңындағы деңгейден 1995 жылы 11,6 есе төмендеді.
Теңгенің келешекте нығаюы неғайбіл. Себебі теңгенің бағамын анықтайтын саясатымыз – ультра-либералды монетарлық саясат. Біз теңгенің бағамын еркін жүзуге қоя бердік, тек бағаны ғана таргеттейміз. Қазір Ұлттық банк жасаған ереже бойынша теңгені Американың долларымен салыстырады. Америка кім, біз кімбіз? АҚШ – дүниежүзі ішкі жалпы өнімінің 25 пайызын беріп отырған ел. Біздің үлес 0,2 пайыздан аса алмай тұр. Енді алаңға шығарып, теңге мен долларды күрестіріп қойдық. Сонда кімнің жеңуі керек? Ананың күші 2 500 есе артық. Яғни теңге әуел бастан жеңілуге мәжбүрленген. Доллармен тек кедергісіз айырбасталатын валюталар (еуро, юань, фунт стерлинг, швейцариялық франк, йена) ғана тайталаса алуы мүмкін, әрине, бұлар да көпшілік жағдайда доллардан жеңіліс тауып келе жатыр, бірақ бұлардікі біздікіндей, ойсырай жеңілу емес. Олар қалай болғанда да АҚШ-пен одақтас, кейбір бағыттарда иық-тірес, озық экономикалары бар елдердің валюталары. Осы жағдайларды ескеріп, теңгенің бағамын белгілейтін басқа формула жасайтын күн келді. Қазір алтын-валюта қорының 60 пайыздан астамы алтыннан тұрады. Дүние жүзінде уран көлемі бойынша – бірінші, оны сату бойынша екінші елміз, сирек кездесетін аса қымбат металл қорлары да жеткілікті. Неге біз теңгені нығайту жолында алтынмен қатар уранды, сирек металдар қорларын да қолданбаймыз? Алтын мен уранның, сирек металдардың нарықтық бағасы қазір бірыңғай өсу жолында, бұлар енді ешқашан төмендемейді. Себебі капитализмнің дүнежүзілік даму бағытындағы тоқыраулар жуық маңда тоқтамайтыны белгілі болып тұр. Міне, алтын-валюта қорын осы металдармен өсіріп нығайту үшін мелекеттік бюджеттен қаражат бөліп немесе шетелдік инвестиция іздеудің ешқандай қажеттілігі жоқ, мұның бәрін Ұлттық банк нарықтық жолмен өзі жолға қоя алады. Осылайша, мол және аса қымбат қазына бағасының тұрақтылығын есепке алып, теңгенің бағамын анықтайтын жаңа ереже неге жасамаймыз? Неліктен долларға ғана телміріп отырамыз? Ресеймен сауда жасаймыз, Қытаймен серіктеспіз. Сондықтан жалпы валюта қоржынын да теңге бағамын анықтауға неге пайдаланбаймыз?! Мұны да ескеріп, назарға алу керек деп есептеймін. Сөйтіп қана теңгенің курсын өзгерте аламыз.
Мысалы, Қытай соңғы бірнеше жылда аралас экономика қалыптастырды. 30 жыл бұрын олардың ішкі жалпы өнімі Ресейден, күнкөрісі Қазақстаннан да төмен еді. Ал қазір ішкі жалпы өнім бойынша әлемде бірінші орында тұр. Соған сәйкес жалақы да, зейнетақы да жоғары. Сондықтан нарықтың стихиясында қаңбақ болып жүгіре бермей, айналаға көз салып, басқаның тұрмыс-тіршілігін парықтап, мемлекеттік сектордың үлесін кемітпей, оны дамытып экономиканы нығайту жолына түсіруді ойластыру керек сияқты. «Мемлекет – жаман менеджер» деген түсініктен арылу қажет. Өйткені мемлекетте ең талантты, ең білімді, ең тәжірибелі адамдар жұмыс істейді. Әлде бізде жағдай басқаша ма?! Бірақ бұл жағдай да өзгерер, қазақтың талапты, талантты жігіттері мен қыздары да аз емес, байлығы да жетерлік. Тек жетіспей тұрғаны – таңдау ғана. Экономиканың тиімді модельдерін, бойында намысы бар, адал азаматтарды таңдау керек.
Әңгімелескен
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
«Еgemen Qazaqstan»