Біздің теңге – дизайны жағынан әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі. Айталық, әртүрлі мемлекеттің ақшаларына талдау жасаған британиялық The Telegraph газеті ең үздік 15 ұлттық валютаны іріктеген еді. Соның ішінде қазақтың теңгесі де бар. Халықаралық банкноталар бірлестігі де (IBNS) қазақстандық банкнотты «дизайн жағынан жылдың үздік валютасы» деп мойындаған.
Қазақстанда коллекциялық және инвестициялық теңгелердің ұзын-саны – 500-ден асады. Оның көбі дизайны жағынан талай халықаралық конкурстарда топ жарып жүр. Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас дизайнері Алмат Басеновтің айтуынша, соңғы жылдары коллекциялық теңгелер нарығы жақсы дамып, оны сыйлық ретінде сатып алушылар көбейген. «Әлемнің көптеген Теңге сарайлары коллекциялық монеталарды жасағанда бұрынғыдай консервативті тәсілден гөрі кәдесый бағытына көбірек мойын бұра бастады. Дизайны жағынан классикалық үлгідегі монеталар трендке енді», дейді ол.
Елімізде жәдігер ретінде шығарылған монеталар көп. Олардың әрқайсысы – дара дизайнымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, құны 5000 теңгелік, салмағы 1 кг 925 сынамалы күмістен жасалған Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған алтын, күміс монеталар, Түркістанның 1500 жылдығына, ұлттық валютаның 10 жылдығына арнап шығарылған алғашқы түрлі-түсті күміс монеталар, «Қазақстан петроглифтері», «Қазақстанның кызыл кітабы», «Қазақстанның қолөнері», «Сәулет және тарихи ескерткіштер», «Көшпенділер алтыны», «Ертеде соғылған монеталар» сериясындағы монеталар, тағы басқалары – бүгінде тарихи ескерткіш ретінде Ұлттық банктің мұражайында сақтаулы.
Жақында ғана Ұлттық банк тағы бір коллекциялық монетаны айналымға шығаратынын хабарлады. Бұл – номиналы 500 теңгелік «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясынан шығатын «Барыс жылы» алтын және күміс коллекциялық монеталары. Оның дизайнында «Шығыс күнтізбесі» субұрқағының (Алматы) сәулет элементтері пайдаланылған. Мүсіндік композицияны суретші-монументалист В.Твердохлебов, А.Татариновпен және В. Кацевпен бірлесе жасаған.
«Барыс жылы» монеталарының аверсінде аспан әлеміндегі жұлдыздар картасындағы жұлдыздар шоғырының мифологиялық символы бейнеленген. Жанында монета дайындалған металл және оның сынамасы мен массасын білдіретін жазу бедерленген. Монетаны айналдыра «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деген жазулар, күннің стильді бейнесі және монетаның номиналы жазылған.
Монеталардың реверсінің орталық бөлігінде шығыс күнтізбесі бойынша 2022 жылдың символы – барыс бейнесі бейнеленіп, айналдыра «2022», «ШЫҒЫС КҮНТІЗБЕСІ», «ВОСТОЧНЫЙ КАЛЕНДАРЬ» және ORIENTAL CALENDAR деген жазу бар.
«Барыс» алтын және күміс монеталар да нумизматтар коллекциясында ойып тұрып орын алатын жәдігер болғалы тұр.
Ұлттық банктің бас дизайнері коллекциялық монеталар – ең қымбат сыйлықтардың бірі екенін айтады. «Кез келген коллекциялық монета бірден қомақты кіріс әкеледі деуге болмайды. Бірақ оны болашаққа салынған инвестиция ретінде қабылдауға болады. Өйткені коллекциялық монеталар белгілі бір көлемде, шағын партиямен ғана шығарылады. Айталық, Ұлттық банк бір монета түрінен 3 мың дана шығарамыз деп хабарласа, артық-кемі жоқ сол көлемде өндіріледі. Осы монетаны Ұлттық банк белгілеген бағамен арзанға сатып алып, кейін нарықта қымбатқа өткізуге болады. Сирек кездесетін монеталардың бағасы қысқа мерзімде мың есеге өсетін кездері болады», дейді бас дизайнер.
1999 жылдан бері теңгенің дизайнын жасауға қатысып келе жатқан Алмат Басенов өзі де монеталар жинайтынын жасырмады. Оның ең жақсы көретін және бағалайтын монетасы – Тамғалы тас петроглифтеріне арналып шығарылған «Қазақстан петроглифтері» монеталар топтамасы екен. «Бұл монеталардың туу тарихы да ойламаған жерден болды. Бірде Мұрат Әуезовпен кездесіп, көшпенділердің мәдениеті мен тарихы туралы әңгімелесіп отырғанбыз. Ол маған Алан Медоевтің «Гравюры на скалах» деген кітабын көрсетті. Онда көне түркілердің ізі қалған археологиялық ескерткіштер, көне замандағы тасқа таңбаланған петроглифтер туралы кеңінен мағлұмат беріліпті. Осы кітаптан кейін «Қазақстан петроглифтері» монеталық топтамасын шығару идеясы туындады. Қазір бұл монеталар қайталама нарықта жоғары бағаланатын коллекциялардың тізімінде», дейді дизайнер.