Түркістан облысында ойыншық қарумен әйелді қорқытып, 1 миллиолн теңгесін тартып алған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Төле би аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйіне белгісіз біреу кіріп, қарумен қорқытып 1 миллион теңгесі мен ұялы телефонын алып кеткенін айтқан. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 100 000 теңге.
Осы оқиғаны полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 192-бабы бойынша тіркеді. «Қарақшылық» бабы бойынша тіркелген істің толық мән-жайын анықтау үшін тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті анықталып, үйінен ұсталды. Тергеу барысында күдікті жәбірленуші әйелді ойыншық қарумен қорқытып, ақшасын алып кеткені белгілі болды.
Полиция айғақ ретінде тәркіленген ұялы телефон мен 1 миллион теңгені иесіне қайтарды. Қазір күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.