Өскемен қаласында қатты жел үш қабатты ғимараттың шатырын ұшырып әкетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 15 қарашада шаһарда жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін жел тұрып, 30-шы Гвардиялық дивизия көшесіндегі көпқабатты ғимараттың шатырын ұшырып әкеткен. Түрлі мекеме кеңселері орналасқан нысанның жалпы ауданы 1800 шаршы метрді құрайды.
«Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Сол жерде жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған комиссия жұмыс істеп жатыр», делінген ақпаратта.
ТЖД мамандары осыған дейін өңір жұртшылығына дауылды ескерту жариялаған болатын. Қандай да бір қиындыққа тап болған тұрғындар «112» нөміріне хабарласулары қажет.