Білім беру барлық басқа саланың көш басында тұруы тиіс. Себебі кез келген кадр білім алу арқылы қалыптасады, даярланады. Мұндайда әлбетте әр маманға берілетін білімнің «іргетасы» берік болуы керек. Білімнің негізгі іргетасы мектепте, маман ретінде дайындайтын оқу орнында қаланады. Демек, педагогтер заманның сұранысына сай, қоғамға қажетті дағдыларды игерген түлектерді шығару үшін үнемі өзін дамытып отырғаны абзал. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев енді 3 жыл сайын мұғалімдерді біліктілігін арттыру курсынан өткізуді тапсырды.
Өзгеріс жазда енгізіледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы қыркүйекте жариялаған халыққа Жолдауында: «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өтуі үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді», деді.
Ал тапсырма нақты қай уақытта жүзеге асырылмақ? Осы сұрақты Білім және ғылым министрлігіне жолдағанбыз. Аталған ведомстводан: «Министрлік білім беру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу бойынша заң жобасын әзірледі, оның ішінде 3 жылда бір рет педагогтерді қайта даярлауды ұйымдастыру туралы өзгеріс қарастырылған. Заң жобасы мемлекеттік органдардың келісімін күтіп тұр. Министрлік мемлекеттік органдардан түскен заң жобасы бойынша ұсыныстарға талдау жүргізуде. Заң 2022 жылғы шілде айында қабылданады деп жоспарланып отыр», деген жауап алдық.
Осы ретте қоғам арасында, тіпті кейбір мұғалімдерде «Біліктілік тестінен де, яғни аттестаттаудан да 5 жылда емес, 3 жылда бір рет өткізуі мүмкін» деген қауесет тарап жүр. Бұған педагог жұртшылығы: «Бұл сұмдық қой. Біз робот емеспіз. Портфолионы мұндай жиілікте дайындап үлгеру мүмкін емес», деп шулап жатыр. Тиісті министрліктен бұған да жауап алдық. Түсінгенімізше, біліктілік курсы, яғни қайта даярлықтан өтуді аттестациядан өтумен, яғни біліктілік тестін тапсырумен шатастырып алмаған абзал.
«Үш жылда бір рет педагогтердің біліктілігін арттыру мәселесі педагогтерді үш жылда бір рет аттестаттаудан өткізу деген ұғымды қалыптастырмайды. Орын алатын өзгерістер – біліктілік арттыру курстарына ғана қатысты жүзеге асырылатын іс-шара. Ал педагогтерді аттестаттау «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 15-бабының 1-тармағы 3) тармақшасына сәйкес 5 жылда кемінде бір рет өткізіледі. Педагогтер үшін аттестаттау: біліктілік тестілеу және қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау (портфолио) бойынша 2 кезеңді қамтиды», делінген ведомствоның жауабында.
Қарама-қайшылық бар
Президенттің сөзіне қайта оралайықшы. Мемлекет басшысы ұстаздардың курстан өтуі үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтінін мықтап ескертті. Алайда мұғалімдер өз ақшасына оқыған, әлі де оқып жүр. Неге? Қарама-қайшылық неден туып тұр? Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында математикадан сабақ беретін Феруза Қайырбекқызы ақылы курстан өтуге мәжбүрлемейтінін, бірақ мәжбүр болатынын айтты.
«Инклюзивті білім беретін оқушысы бар мұғалімдер барып оқысын. Әйтпесе сағат бере алмаймыз. Бұл заңға қайшы болады», деген соң, өз қалтамыздан ақша шығарып оқыдық. Заңмен жүрейік деп бардық. Сөйтіп «Өрлеу» орталығының инклюзивті білім беру курсынан өттік. Үш күнге 15 мың теңге төледік. Қазір курстардың бәрі ақылы болып кетті ғой. Ірі қалалардан түрлі хабарламалар мен шақыртулар келеді. 72 сағаттық курстар 30-40 мың теңге тұрады. Жарайды, қызықтырған курстарға өзің-ақ шығын шығарып барайын дейсің. Бірақ сабағыңды тастап барғаныңа жалақыңды сақтап қоймайды ғой. Оған қоса барып-қайту, барған жеріңде жүріп-тұру жолақың, пәтерақың, тамағың тағы бар. Қалтаға салмақ салып кетеді», дейді Ф.Қайырбекқызы.
Инклюзивті білім беру қазір қолданыста жүрген Мемлекеттік стандарт пен оқу бағдарламасында бар. Бағдарламада бар дүние неге тегін оқытылмайды?
«Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы «Оқу-әдістемелік жұмыстар» департаментінің директоры Ержан Болсынбекұлы жоғарыдағы сауалымызға: «Біздің орталық Білім және ғылым министрлігімен келісілген 132 оқу бағдарламасы бойынша биыл 30 мыңнан аса педагогті тегін курстардан өткізіп, біліктілігін арттыруға атсалысты. Орталықта оқу бағдарламалары тегін немесе ақылы болып бөлінбейді. Сонда өз қалтасынан ақша шығарып «Өрлеудің» курстарынан өтетіндер қайдан шығады? Қазір қолданыстағы заңға сәйкес мұғалімдер бес жылда кем дегенде бір рет тегін курстан өтуге құқылы. Ал кейде бір педагог өзінің пәніне қатысты курстан тегін өтіп алады да, артынша (яғни бірінші тегін курсынан өткеніне 5 жыл өтпестен) қосымша инклюзивті білім беру курсынан өтуге мәжбүр болады. Сондайда ол ақылы оқиды. Тағы бір мысал, қатарынан 2 баланы босанып, ұзақ жылғы декреттік демалыстан келген мұғалім болуы мүмкін. Ол да қайта даярлаудан өтуі тиіс. Сол секілді декреттен немесе жұмысқа басқа саладан қайта қосылған педагогтің жұмыс орнында тегін орын қалмай қалады. Міне, осындай мамандар өз қалтасынан ақша шығарып оқып жатады», деп жауап берді.
Орталық өкілінің айтуынша, ақылы оқу бағдарламаларының саны әр жылдағы педагогтердің сұранысына қарай өзгеріп отырады. Мәселен, 2021 жылы 132 оқу бағдарламасының 32-сі ақылы оқытылған. Соның ішінде инклюзивті білім беру курсына сұраныс көп түсіпті. Өйткені мектептерде қазір инклюзивті білім беру кабинеттері ашылып жатыр.
Біліктіліктің берері көп
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Ақмарал Ниязбекова педагогтердің өзі ізденіп, біліктілігін арттыруға бейім екенін жеткізді.
«Басқа сатыдағы педагогтерді білмеймін, бірақ жоғары оқу орындарындағы оқытушылар үнемі ізденісте жүреді. Мұны қазақстандық университеттер арасында немесе шетелдерде ұйымдастырылған семинарларда төбе көрсететін әріптестерден жиі байқаймын. Өзім де оқу орны басшылығының жолдамасын күтіп отырмай, онлайн, офлайн демей халықаралық, қазақстандық семинарларға мүмкіндігінше қатысамын. Шынын айтқанда, ақысыз курстардан өтемін, себебі ақылы семинарлар қалтаны қағады. Дегенмен қызықты курстардың көбі ақылы келетіні белгілі. Жаңа идея, жаңа дағды, жаңа әдіс-тәсіл әрқашан қажет. Онсыз даму болмайды», дейді А.Ниязбекова.
Оқытушының ойынша, педагогтерді бес жылда бір емес, тіпті жыл сайын біліктілігін арттыру курстарынан өткізу керек. Бұл – заманның талабы.
«Бір жылдары біздің университетте оқытушыларға жылына біліктілігін арттыру курстарының сағатын 72 сағатқа жеткізсе, жалақысына қосымша сыйақы берілетін. Сол кезде оқытушылар жиі ізденді, семинарларға көп қатысты. Қазір де саябырсығаны шамалы, өйткені өзін жетілдіру сыйақы алу үшін емес, кәсіби даму үшін, айналып келгенде маман ретінде өзің үшін қажет», дейді.
Расымен біліктілігін арттыру курстарынан өтудің өзін қызықтырып, ынталандырып, стимул беретіндей деңгейге жеткізсе, біліктіліктің берері молая түсер ме еді. Бұл үшін әлбетте курстар ең алдымен, педагогтерге тегін болуы керек және өтетін уақыты арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтіндей болғаны абзал. Мұны біз әңгімелескен мұғалімдердің көбі айтып отыр. Мысалы, педагог қауым 56 күн демалады. Сол еңбек демалысы кезінде 2-3 апталық курстан өткізіп алса, жыл сайын біліктілігін арттыруға да мүмкіндік туады-ақ. Оған барлық тарап (оқытатыны да, оқитыны да) мүдделі болса, қане...