«Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде жалпы құны 36 млрд теңге болатын 11 топтық су құбырын салу және қайта жаңарту жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Экология министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Нәтижесінде 23,3 мың адамы бар 63 ауылдық елді мекен сумен қамтамасыз етіледі және 43,4 мың адамы бар 37 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылады. Жалпы бес жыл ішінде шамамен бір жарым мың шақырым топтық су құбырлары салынып, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарлануда», деді Серікқали Аманғалиұлы.
Аталған мәселенің әлеуметтік маңызын ескере отырып, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар министрліктің тұрақты бақылауында.