• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қараша, 2021

Сұрқия саясат салдары

512 рет
көрсетілді

Саясаттың долы дауылы ышқына соғып тұрды. Қап-қараңғы түнде тарс-тұрс атылған оқ бір сәтке тоқтаған жоқ. Буырқанған кісі атушылар қара түндей түнеріп қара машина ішінде мылтықтарына оқтарын әлсін-әлі салып, дүлейлікпен ерсі күліседі кейде. Кеудеден оқ тескенде өкіре құлаған адамдардың қаны шашылып жатқанына міз бақпайды. Өліктердің киім-кешегін тінтіп, алтын, күміс заттары, тәуір киімдері болса бөлісіп алып, денесін терең шұңқырға лақтырады да күледі. Ажал шашқан ауыздарынан «жаудың жазасы» деп есалаң ой айтса да күледі. Бұларда сезім жоқ, аянышты білмейді. Қара дауыл саясаттың орындаушысы болғандарын мақтан көреді. Арман-мақсаттарын саясаттың көлеңкесі, көсемнің сурет елесінен ғана та­уып, өздерін ерекше адаммын деп сезінеді. Жаңа қоғам орнатуда «батылмыз», «өжетпіз», «саясатқа әділміз» деп кеуделерін өрлікке билетеді.

Қара машина елу үйлі Қаракөл ауылына да келген. Шіренген шикіл сары иығындағы шенін бір сипап:

– Ақсақал саясатты білесіз, елде «жау» бар ма?

– Шырағым саясат мені, мен саясатты қайтемін. Кеңес өкіметін көркей­темін деп еңбек етемін, аузың жау бар ма деп сұрауға қалай барады? Ленин­шіл адамдар жау бола ма екен? – деген Бекқазының сөзіне шенді тосылып қалып: «Жел өтінде, жер шетінде өмір сүрсеңіз де Ленин идеясымен көңіліңді шаттандырғанға ұқсайсың, ә?» деді.

– Е, інім елдің жоғын түгендесеңдер, басы артығы болса қолын кісендеп әкетпесеңдер саясатты жарық нұр деп түсінемін. Әттең, інімді серіктік ұйым­дастырып, колхоз атанамыз деп жүргенде өтірікшілердің жаласымен түрмеге әкетті. Лениннің саясатын жалақорлар түсінбей халықты қорлауға айналды, – деген Бекқазының да түрмеден орны болар еді. Қызыл жағалыға мұндай қарт түрменің асына шығыннан басқа пайдасы жоқ деп есептелді.

– Адамдардың өзін өзі асырап тірі жүргенін көпсініп, өмірден гөрі өлім­ді тездетуді көсемдеріміз жөн деп сая­­саттандырған секілді. Өйткені Кеңес өкіметінің бүкіл халқын асырау оңай еместігін, әлемдегі ең мешеу мем­лекет екенін түсінсе керек Жер ­халық ко­миссары В.Г.Яковенко Сталинге жазған хатында: «Кеңес өкіметі ер адамдардың тәуір өмір сүргісі келетінін ұнатпайтын сияқты» деп жазса, комсомол мүшесі Пинегин «әрбір жұмысшы жалғыз жекеменшігіндегі аты немесе жалғыз ірі қарасын тегін есебінде сатса, шаруашылық қалай өркендемек?» деп дабыл көтергені де аштық қыса бастағанын дәлелдейтін құжаттар еді.

Ал Новосібір, Барнаул, Омск өңір­леріндегі астық өндіретін шаруа­шы­лықтардың 65 пайызы кулактардың меншігінде еді. «Олар Кеңес өкіметін жылы қабылдаған жоқ, деді омбылық қарт Есенқұл. – Аштық ел шетіне келсе өрттей жалмай бастағанын көргенбіз. Комсомол жастар таңның атысы, күннің батысы дейсің бе, көше-көшелерде аш­тан өліп жатқандарды жинап, жанымыз қиналып, көкірегіміз қайғыдан күпті болған кезең ұмытылар ма? Міне, солақай саясат қырғыны дегенді айтудың өзіне көңілің дауалай бермейді. Аштық ажалының шеңгелінен құтылғандар аз еді».

«Саясаттың мың құбылғаны та­лайдың өмірін үзді, талайды бос­қын­дыққа ұшы­ратты, әсіресе, азғантай ұлт­тарға жаулық пиғыл күшейді», деді неміс Гейс. Айта кетелік, Омбы әкім­шілігінің кең бір бөлмесінде «Қазақ мәдени орталығы», «Неміс мәдени ор­та­лығы» ұлттық мүд­де­леріне сәйкес жұ­мыс атқарады. Мақ­сат­тары – қандай са­лада қызмет атқарса да діні, тілі, ділін ұмыт­пай бүгінгі ұр­паққа насихаттап, тату­лықпен тірлік ету.

Есенқұлды әдебиетші, тарихшы, өмірден түйгені көп шежіреші десе де болады. Пікірлесіп отырғанда еңсегей бойлы неміс азаматы кеңсеге кірді. Жүзі таныс, көзіме оттай басылды. Аман-саулықтан кейін «Ақмола облысында болған жоқсыз ба?» деп қалдым. Ол күлімсіреп «Туған жерім – Атбасар ауданы» деп қазақша тіл қатты. «Кеңес өкіметі құлағаннан кейін немістер Гер­манияға үдере көшті ғой. Одақ бойынша он-он бес жылда екі миллиондай неміс тарихи Отанына оралды. Бес-алты жыл тарихи мекенде өмір сүрдім. Несін жасырам, тәртіп, тәрбиеміз өзгеше, бейне жат боп көрінді де Омбыға қайта оралдым», деді де Гейс үзілген ойын қайта жалғады. «Қазақ халқы «Кіндік қаның тамған жер қадірлі, кімнің жерін жерлесең, соның суын сула, асау ойың туған жеріңмен қалыптасады» дейтін еді. Расында, Кеңес өкіметінің жүйесі, саяси тәрбиесі болсын, қазақтардың дарқандық пейілі болсын, жас кезден үйреніскен қалыпты ұмытпай, өзге мекенде өгейсіп тұрады екенсің. Тағдырмен таласу қиын, арманың шарқ ұрса да, өткен күндер елесіндегі жақсылықтар жаныңа тыныштық таптырмайды. Сөй­тіп Омбыдағы Ресей-Германия бірлес­кен өндіріс орнына жұмысқа орналасып тірлік етіп жатырмын. Сібір өңірінде өмір сүрген немістердің тарихын, бас­тан өткізгендерін біліп, ұрпағымызға таныстырып, көзімізді ашқан артық емес қой», деді.

Үйреніскен ел мен жерді қимай, «осы жерде тудық, өлсек осында өлерміз» деген немістер де аз болмаған. 1925 жылы Сібір өлкесінде 26 424 неміс өндіріс орнында және шаруашылықтарда ең­бек етсе, Құлынды даласындағы серік­­тестіктер мен ұжымшарларда астық өндіру, мал өсіру шаруасындағы неміс­тердің жиырма пайыздайы атылып, түр­меге түсіп, жер аударылған екен. Аудан бойынша азық-түліктің 11,5 па­йы­зын өндірген немістер шетелге кеткен не­містермен байланыстарың болған, Кеңес өкіметін құлатқыларың келген, шпионсыңдар деп аяусыз жазаланған.

Кеңес өкіметінде «Қызыл террор» зұлымдығын кеулетіп, саны аз ұлттардың көздеріне көк шыбын үймелетіп, көрсет­пеген бейнеті қалмаған. Аяғын атта­ған сайын ажал аңдиды, құрып кетуге тақаған қасіретті оқиғалары тарих бет­терінде қалды. Тірліктің астан-кес­тені шықты. Өлі тоқырау, айуандық саясат тірі қалғандарын үреймен бағын­дыруға мүмкіндік алды. Адам үрей арқылы рухынан айырылып, кісілік қалпын жоғалтады. Тірі жүруі үшін пенде опасыз, сатқын, жағымпаз, пәлеқор, түрлі зұлымдықтың құрбаны болып азып-тозып бітеді. Үреймен өлген рухтың қайта қалпына келуі екіталай. Үміт, сенімін жоғалтқан пенде айуандық тірлікті табады. Дос дейтінің залымдық ойлайды, сүйген жарым дегенің әзәзілдік жасай­ды, қайғылы, қам көңіл, мұң-шерлі жү­рек жақсылыққа талпынбайды. Жадау кө­ңілді ажал арбайды. Сүлесоқ өмір бас­ты тауға, тасқа соқтырады.

Адам қанының судай аққан кезі бас­талысымен 1927 жылы ақпан айындағы ОГПУ-дың дерегінде Омбыдан 175 отбасы Канадаға өтіп кеткенін дәлелдейді. Мұндай тарихи деректерді Гейс те біле­ді, мұрағат ақтарғанда өзіміз де танысып оқиғаға қанықтық.

– Жауыздықтың не түрін ойлап тап­қан қасиетсіздіктің дерегін естісем, жа­ным шошиды. Одақ қуғын-сүргін жыл­дарында миллиондаған адамынан айырылса, талайдың көзінен ақ­қан қанды жас ұмытылар ма?! Қуғын-сүргін, террор революциямен бірге басталды. Ең сорақысы, адамдарға жа­рық дүниені көпсінгендей жиған-терге­нін, мал-мүлкін тартып алып аштыққа ұрындырды. Бала кезімізде Омбының темір жол вокзалында күн сайын аштан өлгендерді жинап үлгере алмайтын едік. Олардың бәрі Қазақ елінен шұбырып келгендер болатын. Өлер алдында зарлағандардың құлағымда үні қалды, – деп Есенқұл түрлі қырғындар­да ақылдылар, даналар, ойлылар алдымен өлетінін жан тебірене айтты. Сәл үнсіз қалған ол бүгінгі еркіндік­пен айқындалған деректерді ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын да тілге тиек етті. Қазақ ұлтының да басына төнген қайғы мұхиттай терең, қан дария­сы шексіз еді.

– Тұтқындау саясатының сұмды­ғы 1928 жылдың қаңтарында И.В.Ста­линнің Сібір өлкесіне келіп Ново­сібір, Барнаул, Рубцовск, Омскідегі пар­тия-совет активтерімен өткізген кеңесі­нен кейін іле-шала басталды. ОГПУ де­реу тұтқындау әрекетін қолға алды, – дейді Алтай өлкесі мұрағат басқармасы­­ның бастығы Г.Д.Жданова. «Жұртты атып жатты, түрмеге топырлатып жауып жатты. Мысалы, Ремпель Яков Мар­тиновичтің жекеменшігінде он үш гектар егіншілік жері, екі жылқысы, екі сиыры, бір қойы болса, кіріс пайдасы 500 рубль, салық төлемі нақты, сөйте тұра ол кулак болып жазаланады. Одан да сорақысы «үштік» пен ОГПУ-дың 31.Ч111-30 жылғы №185 қаулысы бойынша Я.П.Петерс, М.С.Кириченко, И.А.Плохотникова, И.М.Винтер, Д.Ф.Нейфельдтерді атуға үкім шығарылса, 25 адамды концлагерьлерде он бес жыл мерзімде түрмеге жабу жазасын берген. Қуғын-сүргіннің бір күнгі қасіреті осындай. Бірен-саран немістер темір жол бойымен жаяулап Германияға кетіп, жолшыбай талайы аштан өлген. Сібір өлкесіндегі халыққа ОГПУ-дың қара мылтығы ке­зенген кезде талайлар жазықсыз да жапа шекті. Қасіретті қайғыдан Одақ тең­селіп жатты, мұрағаттағы әр қа­ғаз­ды қозғасаң қан жылаған адамдар көз алдыңа елестейді, сай-сүйегіңді сыр­қыр­атады...», дейді ол.

Кеңес Одағында қуғын-сүргін 1927 жылы басталды. Онсыз да аштықтан еңсе көтермей, қырылып жатқан ха­лықты түн ұйқысынан шошытатын үрей кезді. «Степная правда» газетінің 1929 жылғы 48(255) санында «Ресей соғыстарда халқының екіден бір бө­лігінен айырылды, 1 миллион 700 мың адам өлді, 300 мың адам жараланды, 500 мың адам шетел тұтқынында өлді. Германия халқы 67-ден 65 миллионға азайды, Австро-Венгрия 52 миллион халқынан 49 миллионға, Франция 39-дан 35 миллионға азайды. Соғыстың үш жылында Англия, Франция, Гер­манияда өлім 7,11 пайызға өсті. Бірін­ші дүниежүзілік соғыс зардабы осындай болуымен қатар жер шарында испан тұмауы 12 миллион адамды жалмап кетті» деп жазады. Мұндай адам шығыны қазақ елінде де болды. Испан тұмауы да талай қазақты ажалынан бұрын о дүниеге әкеткенін бабалардан қалған сөздер растайды. Осындай аумалы-төкпелі кезде халық зарын шексе де тірілері болашақтан үмітін үзбеді. «Кеңес өкіметі жарылқайды» деген сенім мықты еді. Капиталис­тік қоғамнан көрген зәбірден түңіліп, бур­жуа­зиялық саясатқа жиіркенішпен қарады.

Кеңес Одағы біртұтас әділетті мемлекет атанып, айбарын әлемге танытқан тұста еркіндік аңсаған халықтың бас көтерулері жиілегенін газет хабарларынан білеміз. «Степная крестьянская газетаның» 1927 жылғы 30 тамыздағы №142 санында СССР ЦИК-тің сессиясы 1927-1928 жылдың бюджетін қарап 6 миллиард 88 мың рубль қаржы бөлінгені туралы жазылған. Бұл қаржы еркіндік аңсаған елдің қажетін өтеді ме, өтемеді ме, оны уақыт тарихтың қараңғы қойнауына жасырып тынған. Ақпарат құралдарындағы хабарларда Арал балық зауытында 500 мың центнерден балық өндірілсе, оның өнімі де аш-жалаңаштардың өмір, тірлігіне бұйырмай басқа жаққа жөнелтіліп жат­қан көрінеді.

Еділ бойынан 23 миллион халықтың жер аударылуы Сталиннің бұйрығының кесірі еді. Оларға азық-түлік, үй жағдай­лары құпия тапсырыстармен нәтижелі қаралса, жергілікті жерлерде оларды тартып алу, тонау, зәбір көрсету орын алды. «Актюбинская правда» газетінің бір санында: «Жетіқара ауданының РПС мекемесінің бастығы Молчанов: «егер жұмыс істей алмасаң аштан өл, өлігіңді итіме жегізем!» деп қазақтарды қорлады депті. Шовинистік көзқарас басқа жерлерде де байқалған. Аштық, зорлық, зомбылық, ар-намысты қорлау, өлімші ету, мазақтау, түрлі жаза­лауға шы­да­ма­ған халық наразылығын күшейтті. 1929-1932 жылдарда 372 көтері­ліс бол­ғаны аздап айтылады. Бірақ толық зерттеп, шындықты келер ұрпаққа ашық жеткізетін мезгіл жетті.

Орыс тілділердің қазақ жеріне қо­ныс аударулары толассыз жүргізіліп отыр­ған. Мәселен, Ақбұлақ ауданына 388 шаңырақ көшіп келісімен билікті қолдарына алып, шаруашылықта жер­гі­лікті қазақтарды шеттете бастаған. Осын­­дай қорлық ереуіл, көтеріліс туғыз­бай қайтеді. Еркіндіктің нақты жолын аңсаған көтерілісшілер көсемдерінің есімдерін тарихымызға алтын әріптер­мен жазуымыз керек еді.

Қызыл жендеттердің саясатына мал­­данғандар шындықты айтуға ба­тылы жетпей, ұлттың даналары мен ұлы тұл­ғаларын түрмеге жауып, атып, тіпті тұқымына дейін жоюға бағыт­талды. Саясат қарапайым халықты қол­дау емес, қорлауға айналды. Оған Әлихан Бөкейханұлы, Жаһанша Досмұ­хамбетұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұс­тафа Шоқай мен Алаштың көш бастар басқа да көсемдерінің тағдыры дәлел.

Халық аузында «Сужүректік түбіңе сол жетеді, өлім, үрей – ағайынды екеуі» деген сөз қалды. Оны түсінгендер күрсінер, түсінбегенге бәрібір. 1931 жылы Батпаққара ауданында 46 246 отбасы болған. Тәркілеу, тартып алу дүрілдеген тұста қару асынғандардан дірілдегендер малдарын сойып етін жерге көміп, өзен, көлге тастап, қорқыныш, үреймен жаппай аштыққа өздері ұрын­ған. Қарапайым есепке жүгінсек, 46 246 отбасының әрқайсысында 4 адамнан болды дегенде, 184 984 адамның аштан қырылғанынан, қалғаны 12 884 болса, ажалынан бұрын өлген 172 100 адамның обалы кімге? Қызыл жендеттерге ме? Бұл бір аудандағы бір кезеңдегі қанды қырғын көрінісі болса, қазақ елінде қанша ауданда қаншама халық қырылғанын айтып жеткізу қиын.

Голощекиннің нұсқауымен Сталин­нің келісімі бойынша 1930 жылы 20 ақпанда Орталық Комитеттің: «Эко­номикалық жағынан артта қалған ұлт аудандарындағы коллективтендіру және кулақтармен күрес туралы» қаулысын орындау мақсатында белсенділер жой­қын зұлымдық танытып, сүргінді бастаған. Қазақстанды қазақтардан тазарту үшін колхоз мүлкіне қол сұққан адам ату жазасына бұйырылатын болған. Мұны естіп үрейленбей, зәрең зәр тү­біне кетпей көрсін. Шалқар ауданы хат­шысының мына хаты: «Шалқар ауда­нының 18 ауылында 58 шаруа,733 адам «нан бер, тойындыр, жұмыс жа­сай­мыз, егін егеміз!» деп отыр. Ау­дан­ға ВКП райкомның және КСНК-ның 1931 жылғы қаулысы бола тұра ашық­қандарға көмекке азық бес-алты айдан бері жеткізілген жоқ» деген хат обком хатшысы Жармұхамбетовке, облатком бастығы Ивановқа жазылыпты. Мұндай зобалаңда, топалаң қырғында алдымен кісілігі мықты, ажалдан бұрын адалдығын ойлайын елдегі жақсылар өледі.

Аштық қазақ елін бүтіндей қаусатып, үрерге ит, тігерге тұяқ қалдырмай жат­қанын біле тұра Мәскеудің тапсырмасымен көшіп келушілер тоқтамаған. Ақбұлақ, Қостанай және басқа елді мекендерге Ресейден 3 777 отбасы, 13 427 адам көшіп келген. Оларға бірден 3 500 пұт астық бөліп беріліп, үйге орналастырған. «Мал-мүлкін тәркілеуге үлгермедік» деген ОГПУ бастығы Титов пен СПО бастығы Духовичтің қолы қойылған обкомға тапсырған «Торғай ауданында күніне 25 адам аштан өледі, Обаған ауданында 300 адам, Бетбақарин ауданында – 585 адам, Семизорда – 10-15 адам, Ойыл ауданында 181 адам аштан өлген, Меңдіқара ауданында екі айда халқының елу пайызы ісіп, кеуіп кеткен, өлім алдында» деген мәліметін де ОГПУ хатқа тіркеп көрсеткен. Мұндай хат-хабарлар Мәскеуге дейін жетіп жатқан. Бірақ аштықтың лаңына тоқтау салып, көмек беруді Мәскеу қаперіне де алмаған.

ОГПУ-дың шындықты айтып шала бүлінуі де саясаттың мың қатпар қулығы деуге саяды. Өйткені «ашыққандарға көмек көрсету үшін адамдар жіберіп, жай-күйді нақты анықтадық, бай-кулак­тардың зымияндық әрекеті бойынша қылмыскерлерді түрмеге жауып, шара қолданып жатырмыз, социализмнің адал ісін бүлдіргіштерге жол бермейміз» деп өзеуреп, қырғынды жалғастыра берген.

Аштық 1934 жылға дейін тоқтама­ған. «Ырғыз ауданында120 адам аштан өлді, деп жазады аудандық партия комитетінің секретары. – Екі жетім бала­лар үйінде – 470, Ырғыз интернатында 300 бала бар. Оларды азық-түлік киіммен қамтуға жоспар бо­йынша 419 039 рубль керек болса, алғанымыз 54 372 рубль, тұрмыс ауыр, аш-жалаңаштыққа көмек жетпей жатыр».

1931 жылы13 ақпанда Голощекин­нің «Степная правда» газетінде жариялан­ған баяндамасында «Астық дайындау компаниясында республика бойынша 182 аудан жоспарларын орындай алмады. Ет өндіру майданында да кешірімсіз кемшіліктер жетерлік, 1 сәуірден бас­тап 700 мың тонна ет дайындап, Отан­ға жөнелтуге тиістіміз» деп жатса, ре­волюцияға дейін әр үйде 40-50 мал болса, кедейленіп аштық ауырлығын тартып, аман қалған үйлердің әрбірінде бірер бас мал қалғаны анық. Оны да белсенділер тартып алған.

 

Табыл ҚҰЛИЯС,

Жазушы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»