Бүгінде жасанды интеллектіні компаниялар қызметінде пайдалану мүмкіндіктері артып келеді. Әсіресе өнімдерді даярлау мен қызмет түрлерінде, сонымен қатар өнімдердің сипаттамасын арттырып, жаңа түрлерін әзірлеудегі ықпалы зор.
McKinsey компаниясының деректеріне сүйенсек, жасанды интеллект әсіресе сервистік операциялармен қатар маркетинг және сауда саласында тиімділігін көрсетіп отыр. Яғни ақпараттық коммуникациялық технологияларды клиенттік деректерді сараптау барысында жиі қолданған компаниялардың табысы жылына 5-20 пайызға дейін өсім берген. Осы орайда компаниялардың 20 пайызға жуығы жасанды интеллектіні клиенттік базасын сараптауда қолданса, ал 14 пайыздан астамы клиенттер сегменті үшін пайдаланған.
Бүгінде көптеген ел жасанды интеллектіні пайдалануда көшбасшы болуға ұмтылуда. Америка, Ұлыбритания, Жапония сияқты елдерде инновациялық технологиялар мен ғылыми зерттеулерге инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Сонымен бірге жасанды интеллектімен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдеріне де жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, Қытайда 2030 жылға қарай 20 млрд доллар шамасында мемлекеттік қор құрылып, жасанды интеллектіні дамытудағы жобаларға қомақты қаражат қарастырылып отыр. Сарапшылар Қазақстанда да бұл бағытта серпілісті аңғаруға болатынын айтуда. Яғни 2030 жылға дейін жасанды интеллект технологиялары мен тереңдетілген сараптама ІЖӨ-нің 5-6 пайызға жетуіне мүмкіндік береді. Осы орайда мамандар жасанды интеллектіні пайдалану азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына да ықпалын жоққа шығармайды. Бұл ретте салада айтарлықтай жетістіктерге жету үшін білікті мамандар қажет. 2030 жылға қарай елімізде 5-10 мыңға жуық деректер бойынша сарапшылар, 20 мыңнан астам деректер жүйесін әзірлеушілер, 5 мыңнан аса зерттеушілерге сұраныс арта түсетін болады. Осы орайда саланы дамыту өз кезегінде мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін болса, бизнес өкілдері мен қызығушылығы бар сегменттің белсенділігі аса қажет.
Соңғы он жылда басқа индустриялармен салыстырғанда табысты болған ақпараттық коммуникациялық технологиялар алдағы онжылдықта да қарқын алатыны сөзсіз. Жасанды интеллектімен байланысты компаниялар акцияларының орташа жылдық кірістілігі 2010-2021 жылдары басқа секторлардан басым түсіп, шамамен 15 пайызды құраған. Мысалы, S&P секторлары бойынша акциялардың жылдық табысы ақпараттық технологиялар саласында – 15, ұзақ мерзімге пайдаланатын тұтынушы тауарлары – 13, күнделікті пайдаланатын тұтынушылар тауары – 10, денсаулық саласы – 11, өнеркәсіп, коммуникация салаларында 9 пайызға жеткен. Сарапшылардың бағалауы бойынша алдағы онжылдықта технологияларға салынатын инвестиция көлемі ұлғайып, кәсіпорындардың да саны арта түседі. Яғни дәстүрлі индустрияға қарағанда digital-ойыншыларда инвестиция көлемі артады. Осылайша, ақпараттық коммуникациялық технологиялар ландшафты кеңейе отырып, қызмет көрсету саласында бәсекелестік өседі. Осы орайда сарапшылар нарықта бәсекелестіктің жоғары болуы мен оны игерудің күрделілігіне қарамастан, онжылдықтардан кейінгі әлеуеті 3 трлн долларға жетуі ықтимал деген болжам жасауда. Әрине, бұл нарықта бәсекелестік қалыптас- тыра білген компаниялар айтарлықтай табысқа кенелетіні сөзсіз.
Жоғарыда атап өткеніміздей, дәстүрлі форматтан digital алаңға көшкен компаниялар сервистік модельге және бұлтты есептеулерге ауыса бастайды. Nextgen жаңа буын сервистері 6 есеге дейін өседі. Яғни AI/ML, деректер сараптамасы, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, IoT-based қызметтер, AR/VR, блокчейн-сервистер және де тағы басқалар. Егер технологиялық және бұлтты сервистерде ірі ойыншылар қатысқан болса, жаңа буын сервистері сегментіндегі нарық өте жас, сондықтан да бұл алаң көгілдір мұхит іспеттес деп санайды сарапшылар. Дегенмен жаңа технология жарқын болашаққа деген сенімділікке басымдық бергенімен, саланың қаперге алатын тұстары да бар. Мысалы, жеке деректердің қауіпсіздігіне қатысты құпиялық сала – ойыншыларын алаңдатып отырған басты жайт. Қазіргі кезде бұл мәселе көшбасшы елдер нарығында жиі пікірталас туғызуда. Осыған қарамастан, 2030 жылға дейін ақпараттық технология саласының экспоненциалды өсуінің драйвері бола алатын жүздеген жаңа технология мен бағыт пайда болды. Бұл әлем бойынша венчурлық капиталистер белсенді инвестиция салатын сегменттер болмақ. Қазірдің өзінде венчурлық инвестиция нарығында қызмет түріндегі банкинг, жастар банкингі, орталықсыздандырылған қаржы көздері, баспананы баламалы қаржыландыру, баспана нарығындағы краудфандинг, шағын сақтандыру, сөйлейтін банкинг сияқты жаңа салалар пайда болып, белгілі бір деңгейде өз орнын таба бастады.