«Болат қайнауда шынығады, ер майданда шынығады» дейді. Майданнан сақтасын! Бүгінгінің жастары, жасөспірімдері спорттық сайыстарда шынығып жүр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Өскеменде онлайн форматта «Айбын-2021» облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті.
Білекті де жүректі жастар сыналар байқауға аудандардың кіл мықтылары қатысты. Әрбір жас сарбаз жеңіске ұмтылды, күштіліктерін, ептіліктерін көрсеткісі келді.
Жиынның шымылдығы «Туған жерім менің – Қазақстаным!» челлендж байқауымен түрілді. Сайыс болған соң бірі сүрінеді, енді бірі бабына, бағына қарай оны сәтті аяқтап жатады. Оның бәрін қазылар сараптап, саралап отырды. Ал турникке тартылуда, арқаға жатып, денені көтеруде сарбаздардың күштілері іріктелді. АК-74 автоматын бөлшектеп, жинақтаған сарбаздар ептіліктерін шапшаңдықтарын көрсетті. Байқау онлайн ұйымдастырылғанымен, қызықты өтті.
– «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны әскери қызмет беделін, әскери қызметшінің мәртебесін арттыруға бағытталған бірегей іс-шара. Өңірлік сайыстың жеңімпаздарынан облыстық құрама жасақталып, 2022 жылы республикалық жиында бақтарын сынайды, – дейді Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ерлан Рамазанов.
Әскери жиынды ұйымдастырушылардың көздеген мақсаты – жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу, әскери-патриоттық клубтардың, «Жас Сарбаз» сыныптарының жұмыстарын жандандыру. Сондай-ақ жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттаудың бір жолы да осы.
Сайыстың қорытындысы бойынша, үшінші орынды Жарма ауданының «Ақ бөрі» әскери-патриоттық клубының командасы, екінші орынды Аягөз ауданының «Жас артиллерист» әскери-патриоттық клубының командасы еншіледі. Ал бірінші орынды Риддер қаласының «Сұңқар» әскери-патриоттық клубының командасы қанжығаға басса, бас жүлдені Семей қаласына қарасты Бұлақ ауылының «Ауыл арландары» әскери-патриоттық клубының командасы жеңіп алды.
– «Әскери-патриоттық тәрбие беру және жастарды әскери қызметке ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» жобасы аясында онлайн форматтағы «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына облыстың 15 қаласы мен ауданынан 75 жас бақ сынасты. Бұл іс-шара облыста жыл сайын жалғасын табады, – деді Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит.
Жиын облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Қазақстан халықаралық құқықтық қарым-қатынас қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Сайысқа Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен облыстық білім басқармасының қолдауымен өткізілді.
Шығыс Қазақстан облысы