Нұр-Cұлтан қаласының Мемлекеттік архиві Атырау облысының Мемлекеттік архивімен бірлесіп, «Атырау Тәуелсіздік жылдарында» атты жылжымалы көрмесін ұйымдастырды. Оның арты «Елорда архивінің фотоқұжаттарындағы қала тарихы» атты бірлескен іс-шараға жалғасты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архивінде алғаш рет Атырау облысы Мемлекеттік архивінің қорларынан бірегей құжаттар мен фотоматериалдар ұсынып отыр. Іс-шараға өңірлік архивтердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, қала қонақтары, БАҚ өкілдері қатысты.
Экспозицияда қаланың құрылған сәтінен бастап бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу тарихын қамтитын аса құнды құжаттар көрсетілді. Көрме белгілі өлкетанушылар мен Архив серіктестерінің жеке қорларынан алынған материалдардан негізделген.
Көрменің ашылу салтанатында Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп сала қызметкерлерін құттықтап, осындай игілікті кездесуді ұйымдастырғанына алғыс айтты.
«Архив – ұлттың байлығы. Өткенді ұлықтау ұлтқа міндет. Құнды құжаттарды сақтап, саралап оқырманға ұсынып отырған архив саласының майталмандарының еңбегі зор. Екі ірі қаланың шежірелі шаңырақтары бас біріктіріп, саланың жанданыуына жол ашып отыр. Істеріңізге береке тілеймін», деді С.Есіркеп.
Аталған көрме барысында «Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архивінің ерекше құнды құжаттар жинақтарынан» бейнежазба көрсетілді.
Атырау облысы Мемлекеттік архивімен алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасау үшін Меморондумға қол қойылып, соңы ғылыми-практикалық семинарға ұласты. Болашақта мұндай маңызды іс-шара басқа өңірлермен де жалғасын табады.