Тәуелсіздік жылдарында қалыптасып, елімізде қарқынды қызмет атқарып жатқан құқықтық институттардың бірі – Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті. Оның құрылу тарихы мен еліміздегі құқықтық реформаға ықпалы туралы осы Комитеттің төрағасы Сәбит Нұрлыбаймен сұхбаттасқан едік.
– Сәбит Нұрлыбайұлы, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің құрылуына қандай тарихи алғышарттар себеп болды?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қылмыспен күресті күшейтіп, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа пәрменді де тиімді тәсілдерін енгізу аса қажет болды. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін қылмыстың динамикасы мен сипатын көрсететін толық әрі анық қылмыстық-құқықтық статистиканы қалыптастыру қажет болды. Мұндай статистиканы сол кезде Мемлекеттік тергеу комитеті мен Ішкі істер министрлігінің жүйесінде ішінара жұмыс істеп тұрған Криминалдық ақпарат орталықтары атқаратын. Алайда бұл органдар бүкіл еліміздің қылмыстық ахуалын түгелдей қамти алмады.
Содан Қауіпсіздік Кеңесі ел басшылығына қылмыстық-құқықтық статистиканы мүдделі ведомстволардан шығарып, еліміздің Бас прокуратурасы жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығын құруды ұсынды. Бұл ұсынысқа негіз болған – Бас прокуратураның айрықша конституциялық мәртебеге ие болып, ел Президентіне ғана есеп беруі, сондай-ақ елдегі заңдылық жағдайын қадағалаушы бірден-бір орган әрі қылмыспен күрес саласындағы құқық қорғау органдарының үйлестірушісі болып танылғандығы еді. Президенттің 1997 жылғы 22 сәуірдегі Жарлығымен Бас прокуратураның жанынан мемлекеттік органдардың ақпараттық қызметтерін біріктіру арқылы Құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды.
– Бүгінде мекеменің күнделікті қызметі жоғарыда аталған шешімнің уақтылы және мейілінше дұрыс қабылданғанын толық дәлелдеп отыр деп айта аламыз ба?
– Орталық бүкіл қылмыстық үрдістің айналымын қамтыған жаңа ұйымдастыру жағдайындағы статистикалық есептілік жүйесін құра алды. Барлық күш ел басшылығын қылмыстылық жайындағы шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталып, өз кезегінде қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға арналған шараларды қабылдауға серпін берді. Елбасының 2003 жылдың 28 наурызында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетін құру туралы Жарлыққа қол қоюы келесі кезеңнің басы болды. Осыған орай Комитеттің аумақтық органдары облыстық прокуратуралардың құрамынан бөлініп, дербестікке ие болды. Алғашында, Комитет құзыретіне тек қылмыстық саладағы құқықтық статистиканы қалыптастыру ғана тиесілі болса, кейіннен қызмет ауқымы азаматтық және әкімшілік салаларды қамту арқылы кеңейді, сондай-ақ салааралық қосымша есепке алулар да енгізілді. 2003 жылғы желтоқсанда «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Заң қабылданып, құқықтық статистика саласындағы уәкілетті органның мәртебесі, міндеттері мен қызметтері, сонымен қатар заңнамаға сәйкес құқықтық статистикалық ақпаратты ұсынуға міндетті құқық қорғау органдары, сот және өзге де мемлекеттік органдар құрамына кірген оның субъектілерінің тізбесі анықталды. Комитеттің негізгі міндеттері ретінде мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды елдегі заңдылық, құқықтық тәртіп жағдайы туралы ақпаратпен тиімді және жеткілікті қамтамасыз ету, оған қоса мемлекеттік құқықтық ақпараттық статистикалық жүйені тұрақты түрде жетілдіру әрі дамыту белгіленді. Содан бастап Комитет елдегі құқықтық ахуал туралы бірден бір толық әрі анық ақпарат көзі ретінде Президент Әкімшілігін, Қауіпсіздік Кеңесін, Үкіметті, өзге де мемлекеттік органдарды қылмыстықпен, құқық бұзушылықтармен, сыбайлас жемқорлықпен және нашақорлықпен күрес жағдайы туралы, азаматтар өтінішінің қаралуы, бизнеске тексерулер жүргізу, соттардағы істер бойынша және жалпы елдегі заңдылықтың сақталуы туралы ресми статистикалық деректермен қамтамасыз ете бастады.
Дамудың келесі кезеңі ретінде 2004-2009 жылдар аралығын айтуға болады. Бұл кезеңде автоматтандыру үрдісі басталды. Үкімет тарапынан кешенді материалдық-техникалық қайта жабдықтауды және заманауи ақпараттық жүйелерді енгізуді көздейтін 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзімді Даму бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама заманауи база құруға жағдай жасады. Прокурорлық өкілеттіктердің болуы, сондай-ақ ақпараттық технологиялардың енгізілуі, ақпаратты жинақтауға және өңдеуге ғана емес, құқық қорғау және сот органдарында тексеру жүргізуге де мүмкіндік берді. Комитет енді статистикалық мәліметтерді қалыптастырып қана қоймай, есепке алу-тіркеу және есеп тәртіптеріндегі бұзушылық фактілерінің жолын кесе алатын, құқық қорғау саласындағы жағымсыз үрдістерді анықтайтын басымдыққа ие болды.
2011 жылы Комитет қылмыстық қудалау органдарында арыздардың электронды тіркелуін енгізді. Енді арыздар жедел қаралып, неғұрлым сапалы, толық әрі объективті тексерілетін болды, шешілмеген арыздар саны бұрынғыдан едәуір төмендеді. Қылмыстарды жасырудың жолын кесу мақсатында, елімізде қылмыстық қудалау органдары қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігі енгізілді. «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңымен қылмыстарды жасыруға жол бермеу шараларын қабылдамағаны үшін басшылардың жұмыстан шығарылуы көзделді. Қабылданған шаралар жасырылған қылмыстардың санын он есеге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл күнделікті жұмысымызда заман үрдісіне сай жаңа электронды технологияларды мықтап енгізуіміздің игі жемісі еді. Шын мәнінде, аталған фактілер қасақана жасыру болып табылмайды, алайда болған жағдайды қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес анықтау үшін, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуын талап ететін бағалау сипатына ие. Осылайша, Комитет барлық посткеңестік елге тән болған қылмыстық туралы «басқарылатын» статистиканы жойды.
– Қазақстаннан басқа бұрынғы КСРО құрамында болған қандай елдер құқықтық статистиканы прокуратураның құзырына беру жолын ұстанды?
– Құқықтық статистика институтын қайта құру, соның ішінде прокуратура органдарына өкілеттікті беру арқылы арнайы есепке алуды жүргізу тек Қазақстанда іске асырылды. Тәжірибемізді посткеңестік елдердегі, сондай-ақ алыс шетелдердегі әріптестеріміз де зерделеуде. Мысалы, жақын уақытта ғана Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Украинаның құқықтық жүйелері ұқсас болғандықтан, құқықтық статистиканы прокуратура органдарының жүргізуіне берді. Бұл елдерде құқық қорғау қызметінің осы бағыты құрылу сатысында. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының айтуынша, Қазақстанның бірыңғай құқықтық статистикасы – бұл қылмыстықты бақылаудың тиімді құралы. Халықаралық ақпараттық жүйеге ықпалдастыру мақсатында біз халықаралық әріптестікті, сондай-ақ өзге мемлекеттермен өзара ақпарат алмасуды жолға қойып келеміз.
– Комитет кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?
– Бақылау және қадағалау органдарының кәсіпкерлерді тексеруін есепке алу, оларды тіркеу – Комитеттің арнайы қызмет түрлерінің бірі. Бұл ретте 2003 жылдан бері Комитет заңсыз тексеруді тіркеуден бас тартуға құқылы, ол конституциялық құқықтарды қорғау және кәсіпкерлік қызметтің бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі пәрменді механизмі болып табылады. 2014 жылдан бері Комитет тексерулерді үйлестіру қызметін іске асырады, сол арқылы кәсіпкерлерді жөнсіз тексеруге, тексеруші органдардың теріс талаптарына жол берілмейді, осылайша бизнеске қысым көрсету де төмендеді. Осы өкілеттіктерді жүзеге асыру мақсатында 2019 жылдан бері «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ) ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйеде бизнес субъектілерін тексеруді іске асыру механизмі толық автоматтандырылған. Кәсіпкердің өзі де тағайындалған тексерулер туралы алдын-ала біліп отыратын болды. Кәсіпкерлер тексеруге немесе тексеру нәтижелерімен келіспеген жағдайда, тексерушілердің әрекетіне ТСОБТ жүйесінің кәсіпкерлерге арналған «Бизнес тірегі» мобильді қосымшасы – Qamqor арқылы шағымдана алады.
Қазір, Мемлекет басшысының микро және шағын кәсіпкерлікті тексерулерге енгізген мораторийі ескеріле отырып, тексерулердің орташа жылдық көрсеткіші 2020-2021 жылдары 70 мың тексеруге дейін қысқартылды.
– Алдыңғы қатарлы цифрлы технологияларды енгізуде Комитет бүгінгі күні қандай міндеттерді орындап жатыр?
– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Электронды қылмыстық іс», «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі», «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі», «Аналитикалық орталық» және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп «Электронды өтініштер» сияқты цифрлы жобаларды жүзеге асырудамыз.
«Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі» (ӘІБТ) жобасына қатысты айтар болсақ, Комитет бүгінгі күні бүкіл әкімшілік жауапкершілікке тарту процесін цифрландыруға кірісті. Процестерді кезең-кезеңімен автоматтандыру ісі бұрын тіркелмей жасырылған құқық бұзушылықтарды көлеңкеден алып шықты.
Цифрландырудың арқасында құқық бұзушылықтарды тіркеу уақыттың да, рәсімдердің де шығынын азайтты. Бұрын жол полициясы қызметкері Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін автокөлік жүргізушісін тоқтатып, осы бұзушылықты тіркеуге жарты сағат уақыт жұмсаса, қазір оған 5-7 минут қана кетеді. «Электронды өтініш» жобасын енгізу (азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауға арналған бірыңғай платформа) барлық мемлекеттік органға орталықтан бастап ауылдық аймақтарға дейін бірыңғай ақпараттық жүйеде өтініштермен жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес құқық қорғау органдарының күнделікті қызметіне алдыңғы қатарлы цифрлы технологияларды енгізу жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жалғасуда. Цифрлы жаңалықтарды құқық қорғау органдарының да, басқа мемлекеттік органдардың да жұмысына енгізу бойынша іс-шараларды іске асыру бірізді және жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
– Комитеттің алдында қандай басым міндеттер тұр?
– Міндет көп, алайда олардың барлығын бір сұхбат аясында қамтып айтып шығу мүмкін емес. Дегенмен алда тұрған міндеттердің негізгілерінің бірі ретінде Мемлекет басшысының құқық қорғау қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша Бас прокурор бекіткен Комитеттің 2021-2023 жылдарға арналған Даму стратегиясына сәйкес іс-шараларды жүзеге асыру екенін айта кетейін. Біз, СДТБТ-ні (Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі) жетілдіруді және жаңа жұмыс жағдайларына бейімдеуді одан әрі жалғастыра беретін боламыз. Оған қоса, азаматтардың мәселелерін шешу бойынша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын іске асыру, сондай-ақ әкімшілік, азаматтық және қылмыстық салаларда, атқарушылық іс жүргізуде шынайы құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін талдау құралдарын әзірлеу жұмысы жалғасуда.
– Комитет тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтар жөнінде айта кетсеңіз.
– Прокуратура органдарына құқықтық статистиканы жүргізу қызметінің берілуі Бас прокурорлардың сіңірген еңбегінің нәтижесі екені күмәнсіз. Ал Комитетке әр жылдары Б.М.Мамытов, А.Б.Ағманов, З.С.Лақпаев, Р.С.Хайруллин, Г.В.Ким, М.М.Ахметжанов, С.М.Айтпаева, Б.Б.Мусин, Қ.Т.Жақыпбаев басшылық етті. Барлық басшы мемлекеттік құқықтық статистика институтының құрылуына және дамуына елеулі үлес қосты. Әрқайсысы осы жылдар аралығында еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға өз үлестерін қосқан көптеген тәжірибелі кәсіби заңгерді тәрбиеледі. Комитет қызметіне ең жоғарғы бағаны Елбасы 2013 жылдың мамырында берді, оған дәлел – Қазақстан тарихында тұңғыш рет әйел затына, сол кезеңдегі Комитет төрайымы Сәуле Айтпаеваға «3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі» сыныптық шені берілді. Әрине, барлық бастаманы лайықты жалғастырып, бүгінде қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етіп жүрген Комитеттің қазіргі ұжымының ерен еңбегін де атап өту қажет.
Сөзімді қорытындылай келе, Тәуелсіздік күнінің қарсаңында қазақстандықтарды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын. 2021 жылдың 6 желтоқсанында Тәуелсіз Қазақстанның прокуратура органдарының құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай барлық прокуратура қызметкерін кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. Елімізге ырыс-береке тілеймін!