• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2014

Тереңдегі тектілік

305 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік және Күлтегін сыйлықтарының лауреаты, белгілі ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлының «Мыңғұл мен моңғол және үш Шыңғыс» атты қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітабының тұсаукесері болды. Атының өзінен айтар ойы өзгеше екендігін танытып, елдің тарихына, танымына қатысты дүниелерді теріп жүріп, түгендеп жүріп, көз майын тауысып оқитын көзіқарақты, көңілі ояу жандарды өзіне шақыратын кітаптың баспадан шығуына және оның орыс тіліне тәржімалануына жан-жақты қолдау көрсеткен республикалық «Ұлытау – ұлт ұясы» қоғамдық қорының бас директоры Жұмағазы Жақыпов тұсаукесер рәсімін жүргізудің тізгінін де өз қолына алыпты. Жазушының бұл еңбегінің түркі тілдес халықтардың бастау тарихын, оның ішінде мыңғұл-татар халықтарының шығу тегін жаңаша танып-білуге, осы арқылы қазақ тарихын зерттеп, зерделеуге жаңа бағыт сілтейтін тың тұжырымы бар ғылыми еңбек екендігін айтып өткен жүргізушіден кейін мінберге «Кенесары хан» қоғамдық қорының директоры Мұхтархан Абаған көтерілді. «Бағзы замандарда тарих сахнасына түрлі аттармен шыққан біздің бабалардың ерлік істері жайында бұрын айтуға тыйым салынып келсе, тәуелсіздігіміз ол бетпердені сыпырып, шырылдаған шындық пен айтылмаған ақиқаттың жария болуына жол ашты», деп шүкіршілікпен сөз бастаған оның ойымен тарих пен әдебиетті қатар аққан қос өзендей тең ұстап, халқының кәделі сыйына айналдырған жазушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай үндесе келіп, қаламгер: «Осы уақытқа дейін мен Қойшағаңдай ақылын сиясауыт етіп, қолын қалам етіп, жүрегін ауыртып қойып, ғылым үшін, түркілердің ортақ тарихы үшін тынымсыз еңбектенген адамды білмеймін. Және ол адал еңбек», деп бағалап өткен. Тұсаукесерде жұртшылық алдына шығып пікірлерін айтқан ғалымдар, ғылым докторлары Тілеген Садықов, Қаржаубай Сартқожаұлы автордың тарих ғылымындағы зерттеу методологиясына мән берген, соңғысы ендігі жерде бұрын орын алып келген еуроөктемдік тұрғыдан танылған тарихтан бас тартудың маңызына тоқталған. Ғалымдар айтса айтқандай, біздің тарих өзгенің көзімен, өзгенің сөзімен жазылған, бөтеннің бағамымен, оның өз танымын өктем оймен таңуымен қатталған. Осы бағытпен жүріп келе жатқан тарихи қалыптасқан көзқарасты бұзуда тыңнан айтылған ой-пікірді қолдап, қорғаушылардан гөрі, оны жаңсақ айтып, жұртты адастырып отыр деушілердің табылып жүргені қиын-ақ. Тіпті, кейде кәнігі, кәсіби тарихшылар осындай дүниелерді оқып, пікір айтудан да қашатындай көрінеді. Мәселен, Қойшығара Салғараұлы осы тарих тозаңын қағып, тереңде жатқан деректерді сөйлетіп, тарихи танымды өзгерту бағытына 40 жылдай ғұмырын арнап келеді. Алайда, осы көлемді дүниелерге пікірді әдебиетшілер мен журналистер, қарапайым оқырман білдіргенімен, тарихшы атаулы үнсіз. Дүниеден озарынан бұрын Ақселеу Сейдімбеков: «Енді қолыма қалам ұстамайтын шығармын, саусақтарымды әбден мүйіздеп, қазақтың ауызша тарихын жазып шықтым, бұл менің ең бір кесекті, ғұмырлық еңбегім», деген еді. Қайран, сол Ақселеу ағаның көз майын тауысқан, жүрегінен жарып шыққан, туған жұртының тарихына махаббатымен жазылған дүниесіне үн қатқан тарихшы табылмады. Дүниеде еңбектің еленгені қандай ғанибет болса, көзге ілінбегенінен артық қиянат та жоқ шығар, сірә! Тұсаукесер соңында кітап авторына сөз берілді. «Бүгінге дейін біздің көне тарихымыз түрік тектес, түріктік таным-түсінікпен жазылған жоқ. Оны бәріңіз де білесіздер. Біздегі ең жаман кесел – ол тарих ғылымының түріктерді VI ғасырда Алтайда пайда болған халық деп есептейтінінде. Ал оған дейін түрік халқы деген сөз жоқ. Кешегі заманда Аристов былай деген, Левшин былай деп жазған, Бартольд былай деген, деп соларға сүйеніп қана айттық. Өйтпесе ешкім сенбейтін, солардың расы да рас, тіпті, өтірігі де нақты шындық деп қабылданып келді. Бірақ заман өзгерді ғой. Өзіңнің шындығыңды өзің айтатын, өзіңнің таным-түсінігіңді өзің зерделейтін заман. Біздікі соған деген талпыныс. Мен өз жазғандарымды тек осы ақырғы дұрыстық деп айтпаймын, соңғы түйін демеймін, ондай күпірлікке бармаймын. Мен де бір дерекке сүйеніп айтып отырмын. Тек бір ғана автор емес, талай шаң басқан деректерді қозғаған соң, талай пікірлерді оқыған соң және оларды өз таным-түсінігімнен өткізіп барып жазып отырмын. 35-40 жылдай тарих қазған ғұмырымда жиған деректерім бар, алайда қанша еңбегім шықса да бір кәсіпқой тарихшы ғалым «мынау не бүлдіріп жатыр, деп немесе мынадай жаңалықты ой-пікір айтып жатыр» деп өмірінде талдаған емес. Бұл – тарихтың бас иесіз қалғандығының белгісі. Ал енді кітаптағы моңғол дегенге келсек, осы күнге дейін «Құпия шежіредегі» моңғол әңгіме болады да, сонау біздің д.д VI ғасырдан IV ғасырға дейін қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген моңғол сөз болмайды. Оны Рашид ад Дин де, Әбілғазы да жазып кеткен. Ал тарихы қатар өріліп отырған, қанаттас татар-моңғол деген параллель, екі халық Қытайдың шекарасына барады, содан кейін бір жерде дерек жоқ. Оның орнына дунху, сиуңну деген екі халық шығады. Дунхуды моңғол дейміз де, сиуңнуды түрік дейміз. Татарлар кім болды, қайда қалды? IV ғасырдың аяғында Жу мемлекетімен соғысатын татарлар кім? Қытайша не дейді, оны ешкім айтпайды. Ал олар қайда кетті. Сиуңну империясы тарағаннан кейін қидан деген тағы бір моңғол шығады, оған қарсы тағы татар соғысады. Өмір бойы қырқысып, таласып келген осы екі жұрт кім. Қайта-қайта жоғалып, қайтадан көрінетін осылар кімдер. Ол да ашылған жоқ. Бірдеңе айту үшін оның алдымен тарихи негізі керек. Тарихи негіздей алмадың ба, оның барлығы жәй айтылған зая сөз. Тарихпен дәлелдесең, қате болса да ол екінші зерттеушіні ойландырып, ғылымға ізденіс әкеліп, жол ашылады. Шыңғыс хан күшейіп, империя құрғанда Қытайдан келген елшінің Мұқылайдан сұрайтыны бар, «Осы сендерде моңғол деген тайпа бар ма?» деп. Мұқылай «жоқ» дейді, ал сонда ру, тайпасы жоқ моңғол деген ат қайдан пайда болды? Оған да жауап жоқ. VI ғасырда Түрік мемлекеті құрылды, оның да ішінде түрік атауымен бір де бір тайпа жоқ. Бірақ түрік халқы тарих сахнасына шығып, мемлекеті Түрік қағанаты болады. Қайдан келді бұл түрік? Ал оғыздар құрған Осман империясының орнында да Түрік мемлекеті өмір кешіп жатыр. Ал бұл қайдан шықты, неге түрік аталады? Не тайпасының, не сұлтандарының бірінің есімі түрік емес, ал осындай жұмбақтар шешілмей кете беруі тиіс пе?» деген ғалым генетика ғылымының ДНК жасаған зерттеулерінің көне өркениет түрік әлемі екенін дәлелдеп отырғанын айта келіп, «Мен мұны ойымнан шығарып айтып отырған жоқпын», деп жиналғандардың барлығына жауабы жоқ сансыз сауалдар тастаған. Тұсаукесерге барып түркілер тарихының жазылмаған беттері қашан толтырылар екен, өзгелер таңған үстемдік көзқараспен жазылған тарихымыз қалай, қашан дұрысталар екен, қатталып барып, келер ұрпаққа қалыбына түсіп қашан жетер екен деген қап-қап ой арқалап қайтты оқырман. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».