• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 18 Қараша, 2021

Жасөспірімдерге екпе егу басталды

687 рет
көрсетілді

Кешелі-бүгін облыстың емханаларында короновирус инфек­циясына қарсы екпе алғызуға кезекке тұрған жас­өс­пірімдер көп. Осы уақыт ішін­де індетпен күресудің бір­ден бір жолы – вакцина еке­ніне елдің көзі әбден жеткен сияқты.

Өткен аптада облысқа Pfizer вак­цинасының алғашқы 35 100 дозасы жеткізілген болатын. Аталған вакцина жүкті және бала емізіп жүрген әйелдерге, 12-18 жас аралығындағы жасөпірімдерге арналған. Бүгінде аймақта аталған категорияда 120 мың­­ға жуық азамат бар, оның 85 мың­­дайы – жасөспірімдер.

Өскемендегі №1 емханада мектеп, колледж оқушылары өз еріктерімен, ата-аналарының келісімімен екпе алуға кезекке тұрған. Ұзын сонар кезек... Егуге машықтанған медбикелер жасөспірімдерді кезегімен кіргізіп, індетке қарсы егіп жатты. Еккен соң су тигізбеу керектігін жә­не ескертіп отырды.

– 15 қарашадан Шығыс Қазақстан аумағында 16-18 жас аралығындағы балаларға егу жұмыстары басталды. Сонымен қатар Pfizer вакцинасы 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерге егіле бастады. Бала емізіп жүрген әйелдер босанғандарына 42 күн болған соң ғана екпе ала ала­ды. 15 қараша күні №1 емханада 12 жасөспірім екпе алды. Бәрі­нің жағдайы жақсы, – дейді Өске­мен қалалық №1 емханасының бас дәрігері Айман Болатқызы.

Дәрігерлердің айтуынша, АҚШ пен Израильде тәжірибеден өткі­зіл­ген Pfizer вакцинасы өте тиімді, әрі қауіпсіз. Кейбір мемлекеттерде ек­пені 5 жастағы балаларға да алып жатқан көрінеді. Ал Қазақстанда 12 жастан бастап егіледі. Дей тұрғанмен, ден­саулық сақтау саласының маман­дары алғашында 16 жастан асқан балаларды вакциналауды жөн көр­ген. Атап өтейік, балалар және жас­өс­пірімдерге екпе салу міндетті түрде ата-анасының немесе заңды өкілдің рұқсатымен ғана жүргізілетін процедура.

Екпе алып шыққан жасөспірімдер дәрігердің қарауында жарты сағаттай болады. Содан кейін ғана үйлеріне қайтарылады. Ол үшін емханаларда арнайы бөлме жабдықталған. Тіпті ыстық шайға дейін ұсынылады.

– Вакцина алуға ата-анамның рұқ­сатын алып, өз еркіммен келіп отырмын. Әлемді жайлаған індеттің қандай қауіпті екенін білеміз. Білген соң да короновирус инфекциясына қарсы екпе алуға келдік, – дейді Өскемен жоғарғы медициналық кол­леджінің 1 курс оқушысы Дильназ Айдынқызы.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 12 жастан 18 жасқа дейінгі 1100-ден астам баланың ата-анасы екпе алуға келісім берген. Бірінші кезеңде 16 – 18 жас аралығындағы жас­өспі­рім­дер, содан кейін 12 – 15 жас аралы­ғындағы оқушылар вакциналанады. Сондай-ақ 82 жүкті, 217 бала емізетін әйел вакцина алуға кезекке тұрған.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы басшыларының айтуын­ша, вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін бел­гілі температурадағы термоконтейнерлерде ғана тасымалданады.

Ескерте кетерлігі, Шығыс Қазақ­стан «жасыл» аймақта болғаны­мен, короновирус індетіне шалдығып жат­қандар аз емес. Соңғы тәулікте 42 адамнан анықталған. Оның 39-ы симп­томды болса, үшеуі симптомсыз. Стационарларда жалпы 566 нау­қас ем алып жатыр. Облыс бойынша төсек қорының жүктемесі 15%-ды құрап отыр. Өткен тәулікте 16 пациент толықтай сауығып шыққан. Қалай дегенмен, карантиндік шараларды сақтануымыз шарт.

 

Шығыс Қазақстан облысы