• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2014

«Қанішер туысқан»... 19 жылға сотталды

300 рет
көрсетілді

Өткен жылдың 18 желтоқсанында Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа Қылмыстық Кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету», «Адам өлтiру», «Ұрлық» және «Қаруды заңсыз беру, тасымалдау немесе алып жүру» секілді  баптармен айыпталған Т.Әлібеков пен «Қаруды заңсыз сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша айыпталған А.Құлыбековке қатысты қылмыстық іс түсті. Қылмыстық ізге түсу орга­нының тергеу нәтижесі бойынша Т.Әлібеков өзінің жақын туысы әрі Жамбыл облысы про­куратурасының қызметкері Ерлан Ноғайбековтің ұсынысы бойынша «Халық банкінен» депозиттік шот ашып, оған Е.Ноғайбековтің жалпы со­масы 19 900 АҚШ дол­ларын құрайтын ақшасын салып қояды. Бірақ ол өзіне сеніп тапсырылған қаржыны иеленіп, ысырап ету мақсатында ұрлыққа барады. Алайда, бұл  Е.Ноғайбековке мәлім болып, ол туысынан шығынды өтеуді талап етеді. Көнбеген жағдайда қылмыстық ізге түсу органына шағымданатынын ескертеді. Міне, осы кезден бас­тап Т.Әлі­беков қылмыстық жауап­тылықтан жалтару және қылмысын жасыру үшін жос­пар құрып, оны жүзеге асыруды ойластырады. Ол үшін танысынан ұрлап алған қарумен Е.Ноғайбековті пәтерінде атып өлтіреді. Атқанымен қоймай, денесін пышақтап кескілейді. Прокуратуа қызметкерінің өлгеніне әбден көзі жеткен уақытта оның 140 000 теңге ақшасын алып, та­йып тұрады. Қылмысын жасыру мақсатында неше түрлі айла-шарғыларға барып, Е.Но­ғайбековтің ұялы телефоны ар­қылы оның қызметтестеріне «жұ­мысқа кешігіп барамын», «мені ізде­меңдер» деген сықылды бір­неше СМС хабарламалар жібереді. Сол арада адам өлтірген қаруын жасыру және оны ары қарай сақ­тау мақсатында танысы А.Құ­лыбековке береді. Бірақ қандықол қарақшы автобусқа отырып, Алматы қаласына қашып бара жатқан жерінде қолға түсті. Сөйтіп, туысқанының ақшасын пайдаланып, одан кейін оны атып өлтіріп, қашып кетпек болған Тимур Әлібековті жақында Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Талғат Сырлыбаев 19 жылға бас бостандығынан айырды. Дүниесін де тәркіледі. Қандықол қарақшы енді жазасын қатаң режімдегі колонияда өтейтін болады. Сондай-ақ, судья Т.Сырлыбаев марқұм Е.Но­ғайбековтің өкілінің пайдасына Т.Әлібеков шығындаған 3013756 теңге мен 2 000 000 теңге мо­раль­­дық зиянды өндіруге де үкім етті. Ал қашып бара жатқан қан­ішердің адам өлтірген қаруын алып қалған А.Құлыбеков 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.